Қаланың тазалығына кәсіпкерлер де жауапты

Қала әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Серік Оразбаев жақында кәсіпкерлік нысандардың қала тазалығына қай деңгейде көңіл бөліп отырғанын бақылау мақсатында рейдттік іс-шара ұйымдастырды.

Кәсіпкерлік бөлімнің, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары бөлімі мен ішкі істер бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалай басқармасының өкілдерінің қатысуымен өткен тексеріс барысында Қ.И.Сәтбаев атындағы даңғыл мен Абай көшесінде орналасқан джеке кәсіпкерлік нысандардың  сыртқы келбеті, түнгі жарықтандырылуы, нысандардың айналасының тазалығы назарға алынды.

«Сулпак», «Сарыарқа» базары, «Елдос», «Нарша», «Кристина», «Акцент», «Дильназ», «Төртіншім», «Тұлпар» автокөлік қосалқы бөлшектер дүкенінің және «Гауһар», «Белое солнце пустыни» кафелері мен бірқатар ломбардтардың, дәріханалардың  сыртқы жарықтандырылуы мен айналасының тазалығына, қасбетіндегі ілінген жарнамаларға тоқтау салу керектігін айтқан қала әкімінің орынбасары қала тазалығына әр кәсіпкер жауапты екендігін жеткізді.

Сыртқы безендірілуді қойғанның өзінде саудасын дөңгелдетіп отырған  кәсіпкерлердің әр бейсенбі және сенбі күндері тазалық жұмысынан шеткері қалатындығы бірден көрініп-ақ тұрды. Оған дәлел Абай көшесі бойында орналасқан аялдамаға жапсарлас орналасқан ұялы телефонға төлем төлеу бөлімшесінің, «Акцент», «Дильназ» дүкендерінің  айналасы артық шөптер мен  қоқыстан арылмай тұр.

Сондай-ақ, Серік Төкенұлы  Абай көшесінің  бойында рұқсат етілмеген  жерде сауда-саттық жасап отырғандарға арнайы бөлінген орындарда ғана саудамен айналысуды ескертті.  Әр жерде тұрып саудамен айналысушылар бөлінген орында сөрелердің жетіспейтіндігін  айтты. Қала әкімінің орынбасары алдағы уақытта бұл кемшілік толығымен жойылатынын жеткізді.

Бұл көшелердегі дүкендердің қасбетіндегі  ілінген жарнамалар сол нысандардың сәнін кетіріп тұрғаны сырт көзге бірден көрінеді. Мәселен, Абай көшесінің бойында бос тұрған, жеке кәсіпкер  Ахтямовтың иелігіндегі ғимараттың сырты  жарнама ілетін тақтайшаға айналып кеткен бе дерсіз…

Қаладағы басты көшелердің бірі саналатын Абай көшесінің бойындағы тазалықтың сақталуына әрбір жеке кәсіпкер  жауапты болуы керек. Себебі, бұл көшеде орналасқан нысандардың  қатарын – кәсіпкерлік нысандары құрайды. Дүкендердің сыртын әспеттеп,  айналасын мұнтаздай таза ұстап, кешкі уақытта көз тартар әсем шамдар жарқырап тұрса, тұтынушыға да қалаға келген қонаққа да жайлылық сыйлайды. Осы жағын ескерсе кәсіпкерлер  өз ұпайларынан ұтылмайды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.