Өз ісіне берілген азамат

Рудник кентінде 1944 жылы дүниеге келген Жайық Мұңсызбаевтың  есейіп, ес білгенде осы аумақта бой көтерген шахталардың қуат көзімен қамтылуына мен де өз үлесімді қоссам дейтін  балалық қиялы болатын. Сол балалық тілегі оны  мектепті бітірісімен Алматыға жетеледі. 1961 жылы Алматыдағы қазақ политехникалық институтындағы энергетика факультетінің өнеркәсіпті электрмен жабдықтау мамандығына түскен күннен басталған Жайық Рамазанұлының еңбек ету өтілі 52 жыл.  Институтқа түскен жылы өндірістік тәжірибеде жүріп мамандығының қыр-сырын меңгереді. Кітапшаға түскен сол жазу көмескі тартқанмен, Жақаңның өз мамандығына деген сүйіспеншілігі суыған емес. Өзі айтқандай «қайта жыл санап, арта түсуде».

1967 жылы инситутты үздік бітірісімен жас жігіт бірден өндірісті аймақ Жезқазғанға жол тартады.  Қаныш Сәтбаев іргесін қалаған үлкен Жезқазғанның, кеншілердің ордасы Никольский кентінің бүгінгі Сәтбаевтай шаһарға айналуына қосқан оның  үлесі қомақты.

–  Өндірістік аймақты қуат көзімен қамтамасыз етуде 1969 жылы «Жезқазған кен байыту» комбинатының құрамында құрылған электр желілері кәсіпорынының маңызы айрықша.  Мекеме құрылған күннен бастап осы ұжымның қалыптасу кезеңін, даму сатыларын өз басымнан өткердім. Мекеменің алғашқы басшылығында Эфим Штейнберг болды.  Өз ісіне берілген жан болатын. Энергетика саласының өңірімізде дамуына бірден-бір үлес қосқандардың қатарында осы Э.Штейнберг те бар.

Заман жаңа жүйеге ауысқан тұста мекеме «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік-сервистік кешеніне қосты. Бұл 2010 жыл болатын. Ал, 2012 жылы жанар-жағармай және энергетика кешенінің құрамына енгізді.  Мекемеде қазіргі таңда 328 адам еңбек етеді. Электр желілері кәсіпорнының құрамына қалалық «Горэлектросеть» мекемесі қарайды. Энергетиктердің жұмысы өте жауапты мамандық. Әлеуметтік нысандар мен өндірістің еш кедергісіз жұмыс жасауында осы саладағы мамандардың жауапкершілігі басты талап болып есептеледі. Біздің мекеме тек энергияны тасымалдаушы. Ал, оны «Екібастұздан» сатып алып,  қамтамасыз ететін  «Жезказганэнергосбыт» ЖШС мекемесі.

Қазір ұжымды Кеңгірбек Аманов басқарады. Өз саласының майын ішкен маман. Басқару жүйесінде өзіндік іс-тәжірибесі мол басшы.  Аға буын, мына біздер ендгі үмітімізді жастардан күтеміз. Алайда, техникалық мамандыққа, әсіресе, энергетика саласына келіп жатқан жастар аз. Азының өзі  жасыратыны жоқ, таңдап келген мамандығының қыр-сырын меңгере де алмай жатады. Біз оларды өндірістік тәжірибеден емтихан қабылдау арқылы жұмысқа аламыз. Бұл мәселе аға буынды қатты ойландырады. Ізімізді жалғап, ісімізді іліп кететін жастар өте аз. Өзіммен қатар үзеңгі қағысып еңбек етіп келе жатқан алғы буындағы мамандардан Василий Нейфельт, Евгений Фатеев, Елена Теменеева, Татьяна Канавалованың  бұл кәсіпорын үшін орыны ерекше , – дейді өз ісінің озық тәжірибелі майталманы.

Жайық аға кәсіпорындағы тәжірибелі маман, осы салаға келген жастардың томағасын сыпырып, оларды мамандығының қыр-сырына баулыды. Сол үшін де тәлімгер ұстаз атанды.

Жақаң  2003 жылы кенді қаланың саяси-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін  қаланың Құрметті азаматы атағын иеленсе,  2010 жылы Қазақстанның  еңбек сіңірген энергетигі төс белгісімен марапатталды.  2011  жылы оның есімі халықаралық энциклопедияға үздік маман ретінде жазылды.

Жайық Рамазанұлының құдай қосқан жары Зоя Молдағалиева Шығыс Жезқазған кенішінде экономикалық жоспарлау бөлімінде экономист, бөлім басшысы болып еңбек еткен. Зоя  Бірәліқызы мен Жақаң бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған немерелердің қызығын алданыш етуде. Үлкен қыздары Ардақ Германияда түтін түтетсе, ортаншылары Абай Алматыда экономист мамандығы бойынша игерген білімін сол салаға арнап жүр.  Шаңырақтағы Абзалы Батыс Жезқазған кенішіде кен шебері болып еңбек етеді.

Келер жылы өмір дейтін толқынды дарияның  жетпісінші көктемін қарсы алғалы отырған Жайық ағамыз өз ісіне  берілген  азамат. Олай дейтініміз, өз ісінен қуат алып, бар күшін, білімін, жігерін бір салаға арнау барлық жанның қолынан келе бермейді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.