Жетістіктер де бар, кемшіліктер де бар

Өткен аптада әкім Әнуар Омардың төрағалығымен қала әкімшілігінің отырысы болып, онда қаланың өміріне қатысты 12 мәселе қаралды.

Отырысқа әкімдік мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары мен жүйе құраушы кәсіпорындардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Қаралған басты мәселе – Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2013 жылдың 9 айындағы қорытындысы туралы қала әкімінің орынбасары А.Ким баяндама жасады.

Аталған мерзімде қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарымен 6 млрд.670млн. теңгенің өнімі өндірілді. Шағын және орта бизнес нысандарының саны, құрылыс жұмыстарының көлемі өсті. Осы 9 айда 6247 шаршы метр тұрғын үй салынды.

Мемлекеттік бюджетке жоспардан тыс 91 млн. теңге түсті. Салықтық, салықтық емес және негізгі капиталды сатудан түскен кіріс жоспардың102,4% құрады. Жыл басынан бері 2396 адам жұмысқа орналастырылып, 180 адам кәсіби оқытуға жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға 654, әлеуметтік жұмыс орындарына 20, жастар тәжірибесіне 20 адам тартылды.

Баяндамашы қол жеткізген оң нәтижелермен қатар орындалмай отырған жекелей көрсеткіштерге де тоқталды.

Өткен жылмен салыстырғанда туберкулез ауруынан қайтыс болу саны азайғанмен, сәби өлімінің 4  жағдайға өскені, ал туудың төмендеуі байқалады.

Қала аумағындағы қылмыстық ахуал да алаңдатарлық, яғни 892 оқиғадан 1266 оқиғаға дейін өскен.

Бірінші мәселеге қатысты «Рудсервис» және «Надежность и долговечность» ЖШС бас директоры П.Корниктің ақпаратынша кәсіпорынның жұмысы қалыпты, алаңдаушылық тудырмайды. Орындалған жұмыстың көлемі 9 айда 532 млн. теңгені құрайды. Жер асты техникаларының бөлшектерін майлаумен айналысатын «Надежность и долговечность» ЖШС өндірісінің жоспары 92,8 пайызға орындалған.

«Қазақмыс Сервис» ЖШС жер асты машиналарына сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Кәсіпорынның атқарушы директоры А.Пайскердің мәлімдеуінше, қызмет көрсету көлемі азайған. Оған себеп – қаржы тапшылығы.

Қаламыздағы нан өнімдерін шығаратын бірден бір кәсіпорын – «Сарыарқа Нан» ЖШС директорының орынбасары Е.Есекенов өткен 9 айдағы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 93%. Осы мерзімде 1265 тонна нан, 17 тонна макарон өнімдері өндірілген.

Ақпараттарды негізге ала отырып, қала әкімі Ә.Омар бөлім басшыларынан жіберілген кемшіліктердің себебін түсіндіруді сұрады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Бапов, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы А.Әбілқасымов, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы З.Таянова, Сәтбаев қаласы ішкі істер бөлімінің басшысы Ж.Қарабеков өз салаларына қатысты жауаптарын беріп, тапсырмаларын алды. Бірінші мәселе бойынша баяндама назарға алынып, жоба негізінде тиісті қаулы қабылданды.

– Біздің алдымызға Елбасы да, облыс басшылығы да өнеркәсіп өндірісінің көлемін төмендетпеу тапсырмасын қойып отыр. Сондықтан сіздерді өз кәсібінде жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуге күш салып жұмыс істеуге шақырамын. Орынбасарларыма ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік және салалық бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етуді, бюджет қаражатының толық және сапалы игерілуі, оның ішінде республикалық, облыстық бюджеттер есебінен бөлінген трансферттердің игерілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Салықтық және салықтық емес түсімдер көлемінің орындалуы қадағалансын, — деді әкім.

Күн тәртібінің екінші мәселесіне орай 2013-2014 жылдардағы қысқы мерзімде Сәтбаев қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің көшелерінде қар тазалау техникаларының жағдайы жөнінде әкім орынбарасының міндетін атқарушы С.Оразбаевтың хабарламасы тыңдалды. Сәтбаев қаласының автокөлік жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен «Тазалық – 2020» ЖШС айналысады. Кәсіпорында 1 грейдер, 1 қар тиегіш, 2 автосамосвал, 3 құм шашатын, 1 МТЗ, 1 МКСМ жүктиегіші бар. Қала бойынша жалпы қолданыстағы автокөлік жолдарының ұзындығы 72 км., олардың ішінде облыстық маңыздылығы бар жол 3 км. Қала мен елді мекендерде барлығы 92 көше болса, қала көшелерінің барлығы жарықтандырылған, қозғалысты реттейтін құралдармен, жол белгілерімен толық жабдықталған.

С.Оразбаевтың ақпаратына әкімдік мүшелері тарапынан ескертулер, толықтырулар енгізілген жоқ. Қаулы жобасы бірауыздан қабылданды.

Келесі кезекте жер теліміне жеке меншік құқықтарын беру, Сәтбаев қаласы әкімдігінің кейбір  қаулыларының күшін жою, кәмелетке толмағандарға қорғаншы тағайындау туралы мәселелер көтеріліп, сала бойынша басшылар мен мамандар ақпарат берді.

Отырыста әкім Ә.Омар орынбасарларына бірқатар міндеттер қойды.

С.Оразбаевқа 2013-2014 жылдардың жылу беру науқанының сапалы өтуін қамтамасыз ету, қала іші жолдарын жаңғырту, аймақты жинауға жауапты мердігер ұйымының жұмысын бақылауға алу жүктелді.

М.Мәдиеваға мамандарды қайта даярлаудан өткізу жұмысын жалғастыру, ана мен бала өлімінің алдын алу жұмысын бақылауға алу, діни экстремизмге қарсы күрес шараларын күшейту тапсырылды.

А.Кимге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының негізсіз өсіп кетпеуі және инфляциялық процессті ұстап тұру бойынша жұмысты күшейту, инвестициялық және инновациялық жобаларды индустрияландыру Картасына қосу бойынша жұмысты жүйелендіруді тапсырды.

Барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.