Өмір – еңбекте

20131108-05-1Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхананың жетекші маманы З.Арыстанова биылғы мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнінде Сәтбаев қаласы әкімі сыйлығының «Жыл кітапха-нашысы» номинациясының иегері атанды. Зейнеп Әбушахманқызы Рудник поселкесіндегі кезінде белгілі білім ордасы болған Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматшасы Хакима Тайырқызы Жомартбаева басқарған №7 қазақ орта мектебінің түлегі. Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

Өзі еңбек етіп жүрген салаға 1984 жылы келіп, тәжірибені кітапхана филиалдарынан бастады. Кітапхана ісіне көп еңбек сіңірген Г.П.Васильева, Б.С.Смағұлова, Ү.Ж.Қасқырбаева, А.Х.Темірбаева сияқты білікті мамандардан тәлім алды. 1994 жылы орталық кітапхана ішінен өлкетану бөлімі ашылып, осы бөлімде жиырма жылға жуық уақыт еңбек етті. Бөлімнің жұмысы қазақтың мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін, сондай-ақ өңіріміздің танымал азаматтары, жергілікті ақындардың өмір-өнегесін, туған жерге сіңірген еңбектерін оқырман қауымға насихаттап, дәріптеу болды. Осы мақсатта бірталай істер атқарылды. З.Арыстанова ұйымдастырған іс-шаралар жауапкершілігімен, әр тыңдаушыға тартымдылығымен ерекшеленді.      Бөлімнің тұрақты оқырмандары болған балалардың ішінен облыстық «Мен қазақ тілінде оқимын», «Абайдың қара сөздері» байқауларына қатысып, жүлдегер атанғандары болды. Кітапханаға жиі келіп өз ой-өрістерін өрбітіп, бөлімдегі атқарылған іс-шараларға белсене араласқан қаламыздағы мектептердің әр жылдардағы түлектері А.Еркімбай, Қ.Махамбет, М.Шермұханбет, Қ.Байбатырова, Ә.Жанділдинова, Гүлім және Мейрамкүл Бакиевалар, Ш.Шүкенова, Ә.Ибраева, Н.Нұрғазы, Э.Боранбаева тағы басқалардың алды қазір айтулы мамандар қатарында.

Зейнеп Әбушахманқызының әкім сыйлығын алуы зейнеткерлікке шығуы-мен тұспа-тұс келді. Әріптесіміз өз ісін ұқыпты, тиянақты атқаратын білікті маман. Біліктілікті арттыруға арналған облыстық курс, семинарларға қатысып, мамандығын жетілдіріп отырды. Әлде де өз білгенін жастарға үйрете береді деген сенімдеміз.

С.Қарабекова, Э.Жанпейісова, кітапхана қызметкерлері.

Комментарии закрыты.