Басым бағыттары сараланды

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Ұлытау аудандық филиалының  ғимаратында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте Съезд қорытындысы мен аймақтағы нұротандықтардың алдағы мақсаттары және бас партияның басым бағыттары талқыланды.

Мәжіліске Саяси кеңес мүшелері, кент және селолық округтердің әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, филиал төрағасының бірінші орынбасары мен аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, ардагерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Саяси кеңесте аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалдың төрағасы Хамит Омаров «Нұр Отан» партиясы XV съезінің қорытындысы және аудандық партия филиалының міндеттері туралы» деген тақырыпта баяндама жасады.

Хамит Нұрланұлы өз сөзінде съезде қабылданған Доктринаның тек партия болашағы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Саяси кеңес мүшелері мен аудан активтерінің назарын XV Съезд кезінде партия Төрағасы берген тапсырмаларға аударды.

–Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде Қазақстан жаңа тарихының өзгермелі уақытында Съездің өтіп жатқандығын атап өтті. Оның негізгі мақсаты – «Қазақстан-2050 Стратегиясында» көрсетілген барлық мақсаттарға жету үшін «Нұр Отан» партиясының ролі мен саяси мағынасын айқындау. Елбасы ХХІ ғасырда көшбасшы партия болудың жеті бағытын айқындады. Біз партия ұйымдарының келешектегі жұмыстарын осы бағытта жалғастыруымыз керек, – дей келіп партия филиалының төрағасы осы басым бағыттарды саралап берді және бастауыш партия ұйымдарының басшылары мен жастар ұйымдарың көшбасшыларын осы істі жүзеге асыруға жетекші болуға шақырды.

Мәжілісте аудандық мәслихаттың депутаты, партиясы фракциясының мүшесі Ідіріс Жалбыров, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Элмира Ершұманова, бастауыш партия ұйымының төрайымы Светлана Григоревич, «Жас Отан» Жастар Қанатының атқарушы хатшысы Гүлжан Көпеева, Аманкелді ауылының әкімі, бастауыш партия ұйымының жетекшісі Аманбек Сүлейменов сөз сөйлеп, партия съезінде көтерілген мәселелер мен Елбасы берген тапсырмалардың өміршеңдігі, мемлекет тарапынан жастар үшін істеліп жатқан жұмыстар, қазіргі заманғы саяси жүйенің талаптары мен сұраныстарын қанағаттандыруда, қалыптасқан демократиялық қоғамның алдында тұрған міндеттер мен жауапкершіліктерді атқаруда «Нұр Отан» партиясының беделі мен рөлі жайлы ой толғады.

Саяси кеңесті қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Хамит Омаров бас партияның съезінде айқындалған басым бағыттары жүзеге асыру барлық партия мүшелерінің алдында тұрған келелі міндет екенін тағы бір рет пысықтап өтті.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.