Ора аяқталды

20131108-03-120131108-03-220131108-03-3Биылғы жаз «жомарттық» танытты. Жиі болмаса да жауынын беріп тұрды. Соның нәтижесінде Ұлытау ауданының астықты алқаптары көз тойғандай болды. Оның күзгі нәтижесі де жаман емес. 24780 гектар алқап толық орылып, 29 мың тонна астық бастырылды. Әр гектарынан 12 центнерден өнім алынды.

–Аудан аумағындағы егінге жарамды жердің 24780 гектарына дәнді-дақылдар сіңірілді. Оның сыртында 200 гектар жерге мақсары, 300 гектар жерге мал азығындық екпе шөптер себілді. Осы мол байлық қоңыр күзде шашау шығарылмай жиналып, бастырылды. Түскен астық әр гектардан 12 центнерден айналды. Барлығы 29 мың тонна астық алынды. Оның 2 мың тоннасы тұқымға құйылды,  – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікер.

Оның айтуынша  аудан диқандары көктемгі егіске дайындық жұмыстарын өз деңгейінде жүргізген. Тұқыммен толықтай қамтамасыз етіліп, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қатыстырылатын ауыл шаруашылығы техникалары сақадай-сай әзірлікпен келген. Егін орағы кезінде аудандағы егіс алқаптарында барлығы 79 комбайн тұрақты жұмыс істеген.

–Несібесін алтын дәннен тапқан шаруалар жинаған өнімдерін өз қоймаларында сақтауда. Жезқазған қаласындағы «Нан өнімдері», «Самади» акционерлік қоғамдарына, Арқалық қаласындығы астық қабылдау орындарына жөнелтіп жатқандары да бар.

Кәсіпкерлер маңдай терін сығып жүріп тапқан өнімдерінің қалғанын нарықтық бағамен өз бетінше сатып, нәпақасын табады. Бірақ биылғы баға олардың көңілін көншітіп отырған жоқ. Астықтың тоннасы 25-26 теңгеден ғана айналуда. Егер дәнді-дақылдардың ылғалдылығы шамадан жоғары болса баға бір тоннасына 1200-1500 теңгеге тағы арзандайды. Бұл да диқандар көңілін төмен түсіреді, – дейді бөлім басшысы.

Сала мамандары егіннен мол өнім алу үшін диқандар ылғал сақтау және ғылыми негізделген агротехнологияларды сақтау арқылы егіс егу әдісін қолдану қажеттігін алға тартады. Ұлытау ауданының диқандары да осындай әдіспен егіс көлемін жыл сайын ұлғайтып келеді. Мәселен, ғылыми негізделген агротехнологияларды сақтау әдісі, яғни биыл егін егілген алқапты келесі жылы демалдыру арқылы едәуір жақсы өнім алған шаруашылықтар да бар. Бұл орайда «Бекетай баба», «Бидай», «Күнеділов» шаруа қожалықтарын атап айтуға болады.

–Мәселен «Бекетай баба» және «Бидай» шаруа қожалықтары егін себетін заманауй кешен сатып алып, соның арқасында қуаңшылық болған жылдардың өзінде тәп-тәуір өнім жинауға қол жеткізіп отыр. Ал, биылғы жылы «Бидай» шаруа қожалығы гектарынан 16 центнерден, «Бекетай баба», «Күнеділов» шаруа қожалықтары 15 центнерден өнім алды. Оған қол жеткізуге жаңа техникалардың да ықпалы мол болды. Мұндай техникаларды лезинг арқылы сатып алуға мүмкіндік бар. Біз кожалық иелеріне осыны айтып түсіндіріп жатырмыз. Жалпы жаңа технология мол өнім кепілі, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікеров.

Сонымен, ауданда астық ору аяқталды. Нәтижесі де көңіл қуантарлықтай. Елде болса ерінге тиетіні анық. Қамбамыз астыққа толса елдің көңілі тоқ. Бұл диқандар қауымының маңдай терінің нәтижесі.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.