Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына – 120 жыл

Демократ ақын, ағартушы, Алаш қайраткері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойына орай осы тақырыпта  Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапхананың өлкетану бөлімінде поэзия кеші өтті. Ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, өмірбаянын негізге ала отырып, оқушылардың көркем сөйлеу дағдыларын жетілдіру мақсатында өткен кешке кітапхананың тұрақты оқырмандары мен мектеп оқушылары шақырылды.

20131108-01-1

Кеш №3 мектептің оқушысы Медеу Халдаровтың мәнерлеп оқуындағы «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам!» өлеңімен ашылды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі ірі тұлға. Ол өте қысқа ғұмыр кешті, 27 жыл ғана жасады. Шығармашылық жұмыспен небәрі он жылдай айналысты. Алайда ол: «Жасамаймын еңбектің жемісін көзбен көрем деп,  жасаймын бір қолғабыс, кейінгіге берем деп…» нендей мақсат көздегенін ашып айтып,  кейінгі ұрпаққа құнды әдеби мұра қалдырды. Оның шығармалары – мол тақырыпты, терең мағыналы, алуан жанрлары көркем суретті қазына. Ұлттық  әдебиетіміздің кемеңгері ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдеби шығармашылығы, көрнекті мұрасы- халқымыздың рухани саласындағы аса елеулі қазынасы екеніне көз жеткізіп, оқушылар ақынның өлеңдерін  мәнерлеп оқыды. Поэзия кеші Сұлтанмахмұттың «Мен қазақпын, қазақпын деп мақтанамын»  атты өлеңімен аяқталды.

Г.Мусинова, өлкетану бөлімінің кітапханашысы.

Комментарии закрыты.