Ел қорғаны — жас сарбаздар

20131115-14-01Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің Қарулы күштеріне аса мән беріп отыр. Заманауи техникалармен жабдықталған еліміздің айбынды әскері қуатты күшке айналып, айбыны күн санап өсуде. Еліміздің қуатты әскерінің қатарында болу – әр азаматтың абыройы мен Отан алдындағы міндеті. Сол міндетті орындау жастарды отансүйгіштікке баулып, ел мен жердің қадірін түсінуге және өмірдің небір қиындықтарына төзімділікпен қарауға бейімдейді.

Отан алдындағы абыройлы міндетті өтеу үшін өткен сенбі күні кенді қаладан он жеті жас сарбаз аттанды. Елді қорғау парызымыз деп білген жастарды шығарып салу салтанатты түрде «Даңқ» алаңында өтті.

Алаңға жиналған жас жауынгерлердің жолына олардың ата-аналары, туған-туыстары сәтті қадам тіледі.

Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылған салтанатты шараға қатысқан қала басшысы Әнуар Омар ұлы міндетті орындауға қадам басқан жас сарбаздарды құттықтады.

– Отанды қорғау қашан да абыройлы міндет. Осы міндетті атқаруға ниет еткен қадамдарың оң болсын. Еліміздің қуатты әскерінің қатарында жүріп, ана мен бала ұйқысының тыныш болуын күзетуде алдыңғы шепте болуларың керек. Осы ұлы міндетті абыроймен атқарады деп сендерге зор сенім артамыз, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Әскери міндеттерін орындауға аттанған жастарға деген тілегін Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Руслан Шакерханов, Ауған соғысының ардагері Наиль Яльмурзин, ата-аналар атынан Полина Иванчук те жеткізді.

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандардың атынан Бекзат Нұрхан сөз алып, абыройлы міндетті мүлтіксіз орындауға уәде етті.

Салтанатты шара барысында «Қанатты Ұлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері әскери машық бойынша өздерінің өнерлерін көрсетсе, жас әнші Салтанат Серкебаева патриоттық әнмен жас жауынгерлерді жігерлендірді.

Бағдат Қазкенов. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.