Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

20131115-14-03Әр қазақтың баласына асқан ұқыптылықпен дарыған ділімізді ұмытуға әсте хақымыз жоқ. Кешегі Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, тағы басқа күйші ата-бабаларымыз қалдырған мол мұраны өлтірмей бүгінге алып келдік. Бұдан кейін де жалғаса бермек.

Төл туындыларымызды жас жеткіншектердің санасында қайта жаңғырту парыз. Осы бағытта қаламызда көптеген іс-шаралар өткізілуде. Бұған дәлел 8 қарашада өткен «Үкілі домбыра» сайысы.

Оқушылар сарайы ұжымының ұйымдастыруымен өткізілген мектепаралық сайысқа С.Сейфуллин атындағы гимназия, Абай атындағы №4 мектеп-лицейі және №№3, 7, 14, 16, 19 орта мектептері қатысты. «Балаларға мейірімді оқушылар сарайы» акциясы аясында өткізілген байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың демалыс күндерінде уақытын бос өткізбеу, жас таланттардың кәсіби шеберліктерін арттыру.

Сайыскерлер орындаушылық шеберліктеріне, күйдің көркемділігіне, сахналық мәдениеттеріне, киген киімдеріне қарап бағаланды. Жас ерекшеліктеріне байланысты үш топқа бөлініп өнер көрсеткенмен, бағалау деңгейі барлығына ортақ болды. Әділқазылар үшін қатысушыларға тиісті баға беру оңайға соқпады. «Домбыра — терме» үйірмесінің жетекшісі Балтабай Сағидұллаев сайыскерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. №4 мектеп-лицейінің оқушысы Молдабаева Айгерім, С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Ғаппар Диас, №7 орта мектеп оқушысы Ескендіров Ербота үшінші орындарды қанағат тұтты. Ал екінші орынға №4 мектеп-лицейінің оқушысы Төлеген Темірлан, №16 жалпы орта мектебінің оқушысы Арыстанбекова Әсемай, С.Сейфуллин атындағы гимназия оқушысы Ділдебаева Жайна ие болды. №16 жалпы орта мектебінің тағы бір талант иесі – Мұқышева Арайлым тиісті бірінші орыннан көрінді. Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйін орындап ,көрерменді талантымен тәнті еткен, жүйріктердің ортасында оза шапқан С.Сейфуллин атындағы гимназияның 5-сынып оқушысы Мақашев Абзал бас жүлдеге лайық деп танылды.

Мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап, рухани тұрғыда байып келе жатқан жас жеткіншектеріміздің бұл соңғы сайысы емес. Ұйымдастырушылар мен сарапшылар тарапынан қатысушыларға, олардың жетекшілеріне алғыс айтылды. Әдемі кештің нүктесі әдемі тілектермен тәмамдалды.

Мөлдір МҰҚАТОВА.

Комментарии закрыты.