Жастық. Достық. Жеңіс

20131115-12-01-220131115-12-01-1Сәтбаев қаласының 40 жылдығына арналған іс-шаралар әлі де жалғасуда. Солардың бірі – Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында жастар бастамашылдығы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Менің қалам – менің болашағым» атты жастар фестивалі. Оған талантты, дарынды деген аймағымыздағы колледждердің студенттерінен және жас мамандардан құралған алты топ қатысты.

Мерекелік іс-шараны қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Екі кезеңнен тұрған сайысты құрамында мәслихат хатшысы С.Имамбай, депутат Т.Хмилярчук, жастар бастамашылдығы орталығының директоры Ж.Алгаринова, мәдени-сауық орталығының директоры Б.Жайлаубаев, «Аяулым» әлеуметтік қолдау» ҚБ-нің төрайымы Қ.Абдуалиева бар қазылар алқасы бағалады.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» атты бірінші кезеңде әрбір топ өз оқу орындары және түрлі мамандықтар туралы мәлімет беріп, композициялық қойылымдар көрсетті. Екінші кезең «Менің қаламның даму белестері» деп аталды. Сайыстың шарты бойынша мұнда командаларға Кеншілер қаласының 40 жылдығына орай қаланың тарихы, танымал тұлғалары, өмірі мен жетістіктері жайлы сұрақтар қойылды. Викторина барысында топ мүшелері жүргізушілер қойған сұрақтарға тез әрі дұрыс жауап беріп отырды.

Сайыстың соңында құттықтау сөз қаланың Құрметті азаматы Мұзараф Ахановқа берілді. Өмірден тәжірибесі мол ақсақал жастарға ақыл-кеңестерін айтып, қала тарихына қатысты кейбір мағлұматтарымен бөлісті.

Қаламыздың 40 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерін, еңбек адамдарының қажырлы еңбегін паш ету, жас ұрпаққа насихаттау, отанға, елге деген сүйіспеншілікті арттыруды көздеген жастық пен достық мерекесі өз деңгейінде өтіп, мәресіне жетті.

Фестивальдің қорытындысында «Үздік команда» болып қалалық емхананың «Антидот» пен Жезқазған қаласының бизнес және көлік колледжінің «Форсайт мамандары» командалары танылды. «Үздік қойылым» номинациясына Технологиялық колледждің «Қазахмыс star» командасы ие болса, «Үздік бейнефильм» номинациясын Сәтбаев қаласының индустралдық колледжінің «Техностар» командасы иеленді. «Креативті топ» номинациясын Жезқазған индустриалды-гуманитарлық колледжінің «ЖИГК қырандары» командасы жеңіп алды. Ал, «Тапқыр топ» номинациясын Жезқазған қаласының гуманитарлық колледжінің «Жас star» командасы иеленді. Сонымен қатар, «Үздік топ жетекшісі» атағы Жезқазған гуманитарлық колледжінің студенті Тоғжан Тамабайға берілді.

Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өзара тәжірибе алмасумен қатар, жастардың шығармашылық шеберліктерін шыңдайтын мұндай шаралардың ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да ықпалын тигізері сөзсіз.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.