Үздіктер оза шауып бәйге алды

Қаламызда дәстүрге айналған мектеп оқушылары арасындағы күзгі спорттық спартакиада бір жеті бойы демалысқа шыққан жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға мол септігін тигізді. Қалалық әкімдік пен білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен жүзеге асып келе жатқан бұл спорттық шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында көтерген спорт саласын дамытудың бір тетігі. Мектеп оқушылары спорттың 4 түрінен, атап айтқанда, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, баскетбол, футболдан сынға түсті.

20131115-12-02

Бір апта бойы қала жастарының сүйікті ісіне айналған спартакиада дүйсенбі күні мәресіне жетті. Үздіктер анықталып, оза шапқандар бәйге алды.

Жеңімпаздарды марапаттау №16 орта мектептің қабырғасында өтті.

Спартакиадаға қатысушыларды жабылу салтанатымен құттықтаған қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай жігерлі жастарға әрқашанда спортты серік етуге шақырса, №1мектеп-гимназияның оқушысы Құрлыс тегі Алдияр осындай спорттық шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Қаланың 40 жылдығына арналған күзгі мектепаралық оқушылар спартакиадасының жеңіл атлетика бойынша жеңімпаздарын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Саят Серіков марапаттады. Ойынның бұл түрінен ІІІ орынды № 1 мектеп-гимназиясы иеленсе, ІІ орынның жүлдесін №25 орта мектептің командасы қанжығалады. Ал, І орынды С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары жеңіп алды.

Тоғызқұмалақ ұлттық ойынының жеңімпаздарын спорт саласының ардагері Жүрсін Әбілғазинов марапаттап, жүлделерін тапсырды. Бұл ойында үздік шыққан №27 қазақ орта мектебі ІІІ орынның мінберіне көтерілсе, І орынды №7 және №1 мектеп-гимназиясы өзара бөлісті.

Қалалық әкімдік жанындағы әлеуметтік сала бөлімінің жетекшісі Гүлмира Таңсықбаеваның қолынан баскетбол ойынының жеңімпаздары жүлделерін алды. ІІІ орынды №1 мектеп гимназия еншілесе, ІІ орынның жүлдесіне С.Сейфуллин атындағы гимназияның командасы лайық деп танылды. №25 орта мектеп жүлделі бірінші орынға табан тіреді.

Футбол ойынының жеңімпаздарының жүлделерін спорт сектор меңгерушісі Зухраб Дауымбаев тапсырды. Қызықты ойын өрнегін көрсеткен С.Сейфуллин атындағы гимназия ІІІ орынды, № 16 орта мектеп ІІ орынды иеленді. Ал, І орынның жүлдесіне №19 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп командасы лайық деп танылды.

Жалпы командалық есепте мектептер арасынан үш білім ошағы спартакиаданың үздіктері деп танылды. Олардың қатарында №25 орта мектептің командасы ІІІ орынды, №1 меткеп-гимназиясы ІІ орынды қанжығаға салса, І орынды С.Сейфуллин атындағы гимназия жеңіп алды.

Барлық жеңімаздарға бағалы сыйлықтар мен қала басшысының атынан дипломдар және кубок тапсырылды.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.