Біздің мақтанышымыз. Жерлесіміздің жетістігі

Астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің мәдениет орталығында «Our Heritage» қоғамдық қоры, «Шеврон» компаниясы мен ҚР-ы мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған республикалық «Шебер-2010» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.Бұл байқау «Қазақстандағы көркем қолөнер кәсібін жаңғырту және қолөнерді дамыту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Байқау осымен екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, қазақстандық қолөнершілердің жұмыс сапасы, ұсынылған бұйымдардың әр түрлігі таң қалдырды. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген 105 қолөнер шеберлерінің 10-ы жеңімпаз атанды.

Біз мақтанарлық бір жәйт, «Шебер – 2010» республикалық байқаудың дипломанты атағына Сәтбаев қаласының тумасы, қазір Астанада отбасымен тұрып жатқан Гүлжан Оралова ие болды.

Гүлжан қаламызда белгілі дәрігер, қалалық мәслихаттың депутаты, асыл азамат Серік Қолданұлы Оралдың қызы. Анасы Нескен апай да біраз жыл медицина саласында еңбек етті. Екінші қыздары Маржан ата-ана жолын қуып дәрігер болды.

Ал, Гүлжан қазір Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетте студенттерге дәріс береді, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Таяуда Гүлжан Оралова Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшелігіне қабылданды.

Жақын арада жаз айында Гүлжан отбасымен туған қаласына, ата-анасының шаңырағына келіп кеткен еді. Сол кезде Гүлжанмен сұхбаттасудың ыңғайы келді.

Гүлжан, бұрын өзіңді сурет өнерінің шебері ретінде білетін едік, ал қазір қолөнерге бет бұрыпсың.

Өткен жылы Ақтөбе қаласында Зейнелхан Мұхамеджанов деген азамат «Our Heritage» қоры ұйымдастырған семинарда қолөнер саласы жайында біраз құнды мағлұматтар беріп, сол кісіден дәріс алдық.

Бұрын да осы салаға қызығушылығым бар еді, осы семинардан кейін бұл іске түбегейлі бет бұрдым.

Қазір «Жол картасы» бағдарламасы бойынша, Еуразия университетінде жұмыссыз келіншектерге кесте тігу мен киіз басуды үйретіп жүрмін. Мақсатымыз – қазақтың дәстүрлі құрақ өнерін жандандырып, ұлттық үлгіде төсек-орын даярлау. Көрпе, жастық, жамылғы, киізден қалта, сөмке жасаймыз. Тартымды болу үшін беттеріне ұлттық орнамент саламыз, оны бояймыз. Бояуды табиғаттың өзінен – ағаштың тамыры мен жапырағын қайнату арқылы аламыз.

Қазір нарық заманы ғой. Сол қолөнерді бизнеске айналдырып жүргендер де бар.

Сұраныс болса, оның да ешқандай сөкеттігі болмас.

Мен айтып өткен семинарда осы қолөнер саласының менеджменті мен маркетингінен дәріс алдық. Осы алыс-берістің құпиясын меңгеріп, нарыққа шықтық. Жаман емес, табыс бар.

Болып өткен қолөнер байқауында жәрмеңке ұйымдастырылды. Біз де өз бұйымдарымызды ұсындық. Бірнеше адам сөмкелерімізді сатып алды. Жастықтарымыз да жақсы өтті. Бір қызығы, оны ер азаматтар алды. Олар: «Басыңа жастап, телевизор көруге ыңғайлы екен», – деп те әзілдеп қояды.

Міне, Сәтбаевтық қызымыз ел астанасында өз орнын тауып, өнердің тағы бір саласын меңгеріп, дүбірлі байқауларда көзге түсіп жүр. Оған қоса, айтулы жоғары білім ордасындағы ұстаздық қызметіне қоса, қолөнер саласын басқалардың үйренуіне септігін тигізіп отыр.

Біз өнер жолындағы Гүлжан қарындасымызға шығармашылық жолындағы еңбегіне сәттілік пен табыс тілейміз. Асқақ биіктерден көріне берсін!

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.