Курортқа жолдама бар

Еңбек адамдарының курорт-санаторийлерде ем-дом қабылдауы, тынығуы аса пайдалы. Көпшілікті сауықтырудың маңыздылығына мән берген «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының Жезқазған филиалы жақында және бірқатар шипажайлармен келісім-шарт жасасты. Сөйтіп, кәсіподақ мүшелері демалатын сауықтыру орындарының аясы ұлғая түсті.

Жақында жасалған келісім-шартқа орай, Алматы қаласындағы қос сауықтыру мекемесіне — «Қарғалы» пансионаты мен әйгілі «Ақбұлақ» профилакторийіне барам деушілерге жолдама беріледі. «Қарғалы» демалыс үйі Іле Алатауының бөктерінде орналасқандықтан табиғаты жанға жайлы. Әрі қаланың өз ішінде тұр. Мұның өзі тынығушылардың әсем қала Алматының көпшілік-мәдени орындарын аралауына, концерттерге баруына, табиғаты көрікті жерлеріне саяхат жасауына еш қиындық келтірмейді.

Қазіргі кезде минералдық сумен немесе шипалы балшықпен емдейтініне қарамастан, курорттардың барлығы дерлік климаттық курорт болып табылады. Мамандардың айтуынша, ем алушылар үшін табиғаттың ықпал-әсері мол. Табиғат аясында серуендеуге көп көңіл бөлінеді. Курорт-санаторий жағдайында емделудің аса тиімді болатыны сондықтан. Осы ретте көрікті Көкшенің Бурабайындағы «Жұмбақтас» және Жамбыл облысындағы «Мерке» шипажайларының орны бөлек. Бұл сауықтыру орындарында тынығып қайтқандар олардың әсем табиғат аясында орналасқанын аса тамсана айтады.

Жалпы емдік-профилактикалық мекемелердің қай-қайсысы болмасын қолайлы климаты, сондай-ақ, минералды суы мен емдік балшығы бар жерлерде қоныс тапқан. Табиғи шипалы қасиеттерімен, әсіресе «Сарыағаш» пен «Арман» санаторийлері және «Жаңақорған» шипажайы даңқты. Бұл сауықтыру орындары Шымкент, Қызылорда облыстарында орналасқан. Сарыағаш суының емдік қасиеті аса күшті. Әсіресе асқазанды емдеуге пайдасы зор екені белгілі. Бұл минералды суды ішумен қатар, ем ретінде берілетін ванналардың, су асты душ-массаждарының, адамның іш құрылысын сумен шаюдың шипалылығы орасан. Әрі Сарыағаш суы қол-аяқ буындарына, жүйке-тамыр, тері, бүйрек, сондай-ақ урологиялық және гинекологиялық ауруларға бірден-бір ем.

Павлодар облысындағы Мойылды көлі өзінің емдік қасиеттерімен ежелден белгілі. Оның табиғи балшығы өте шипалы. Сондықтан «Мойылды» шипажайында балшықпен, тұзды сумен емдеудің сан түрі бар. Ал «Жаңақорған» санаторийінің емдік басты факторы — Теріскен көлінің балшығы мен тұзды суы. Буын аурулары үшін өте пайдалы болғанын онда тынығып келгендер сүйсіне айтады.

— «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалының бұл шипажайлармен өзара байланыс орнатқаны аса құптарлық, — деді бізбен әңгімесінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қауіпсіздік техникасы, еңбекті қорғау және экология департаменті «Жезқазғантүстімет» ӨБ медицина және еңбек басқармасының бас дәрігері Қарлыға Шыңғысова. — Адам жас кезінде денсаулығына жете көңіл бөле бермейді. Жасы ұлғая келе небір сырқаттар белгі береді. Халқымыз «Басты байлық — денсаулық» деп тегін айтпаған. Жалпы үлкен-кіші болсын мезгіл-мезгіл дәрігерге көрініп отырғаны жөн. Осы мақсатта корпорация қызметкерлерінің жыл сайынғы медициналық байқауы өткізіледі. Оның қорытындысы бойынша қан қысымы, асқазан, жүрек, буын сырқаттарының белгілері анықталып жатады. Дәрігерлер медициналық байқау қорытындысына орай әлгі еңбек адамдарына курорттық-санаторийлік ем алуға кеңес береді. Олардың осы шипажайларда дер кезінде емделуі үшін кәсіподақтың мүмкіндік жасап отырғаны өте жақсы, — дейді Қарлыға Қабденқызы.

Жаздың демалыс маусымы саналатыны рас. Әйткенмен, бұл шипажайларға жылдың қай мезгілінде болсын тынығушылар көптеп барады. Өйткені, күз, қыс айларының өзі ем қабылдаушыларға өте қолайлы. Әр мезгіл өзіндік табиғи болмысымен бой сергітеді, денеге күш-қуат сыйлайды. Жоғарыда атап өткен шипажайлардағы емдеу тәсілдерімен қатар, басқа да толық мәліметтерді кәсіпорындардағы кәсіподақ комитеттерінен алуға болады. «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының мүшелеріне құны жеңілдетілген жолдама беріледі.

Бәрінен бұрын «Сырқаттанып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, еңбек демалысында курортта аунап-қунағанға не жетсін. «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалы келісім жасасқан бұл шипажайлар, дәрігер мамандардың айтуынша, кен өндіру ісіне тән кәсіби науқастарды алдын алуда пайдасы зор көрінеді.

Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ, «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалының баспасөз хатшысы.

Комментарии закрыты.