Ауыл тұрғындарымен ашық әңгіме

20131115-06-01-120131115-06-01-2Жақында қала әкімі Әнуар Омар іргелес жатқан Сәтбаев ауылына арнайы барып қайтты. Қала тізгінін ұстағалы ауылға алғаш рет атбасын бұрған әкім селоның бүгінгі жағдайын өз көзімен көріп, тыныс-тіршілігімен етене танысуды көздеген екен. Қалыптасқан нақты жағдайды байқағысы келген қала басшысы ауылдағы бірнеше нысанды аралап өтті. Әнуар Серікбайұлын ауыл өмірімен Жезқазған кентінің әкімі А.Сәдуақасов пен бастауыш мектеп директоры Б.Қожабаева таныстырды.

Қала әкімі алдымен бөлек ғимаратта орналасқан спорт залында болып қайтты. Мектепте небары 9 бала оқитынын ескерсек, санаулы оқушы үшін мұндай зал әлі де пайдаланылып жатқаны қуантты. Спорттық жабдықтар қоры жұпынылау болғанымен, мектеп ұстаздары бар нәрсені ұқсатып ұстап, іске жаратып жатқан жайы бар екен. Мектеп директоры Б.Қожабаева күз, қыс мезгілдері пеш жағылып, жылу үзілмейтінін айтып өтті.

Спорт нысанынан соң қала әкімі ауылдағы медициналық бекетке бет алды. Мұнда қала әкімін медбике Б.Босжанова қарсы алды. Ә.Омар ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, науқастарды дер кезінде есепке алу қалай жүргізілетіні жайлы сұрады. Сонымен қатар, жедел көмек көрсету қалай жүзеге асады деген сұрақты да көтерді.

Б.Босжанованың айтуынша, бүгінде ауыл бойынша 12 адам диспансерлік есепте тұрған көрінеді. Олардың басым бөлігі гипертония және жүрек-тамыр ауруларына шалдыққандар болып шықты. Арнайы медициналық көмек қажет болған жағдайда науқастарға қалаға жолдама беріліп, ал аурудың жағдайы жедел дәрігердің араласуын талап етсе, жедел-жәрдем шақырылатын көрінеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге келсек, екі арадағы келісім бойынша ауыл тұрғындарына қажетті медициналық препараттар «Лекерова» Отбасылық-дәрігерлік амбулатория арқылы жеткізіледі екен.

Келесі кезекте әкім бастауыш мектепті аралап шықты. Шалғайда дегенмен, мектеп іші талапқа сай жабдықталыпты. Компьютер сыныбы, лингафонды кабинет те заман талабына сай жұмысқа қосылған. Тек жылу орталығының төбесі жөндеуді қажет етіп тұр екен. Кезінде бала саны жеткілікті болғанда негізгі мектеп аталған білім ошағы бүгінде бастауыш мектеп дәрежесіне ғана ие болып отыр. Бүгінгі күні бала саны тоғыз ғана. Бұл мәселеге қатысты қала басшысы да өкініш білдірді.

– Заман ағымымен мектеп өміріне жаңалықтар енгізіліп жатқаны, әрине, қуанышты. Бірақ, бар нәрсені пайдаланып, игеретін бала тапшы екені қынжылтады. Жыл сайын бүлдіршіндер саны кеміп жатқаны халық санының азайғанының айқын көрінісі, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Дегенмен, ұстаздар ұжымының ізденістері жоқ емес. Мектепте шағын орталық та, мектепалды сынып та ашылған.

Ауылды аралап шыққан соң, әкім тұрғындармен кездесіп, арыз-шағымдарын тыңдады. Кездесуді ашып тұрып Ә.Омар ауылдықтарды ойларын іркілмей айтып, мазалаған мәселелерді ортаға салуды өтінді.

– Ауылдың жай-күйін көрдім. Қалада отыр дегенмен, барлық жағдайға қанықпын. Адам саны азайған. Жұмысбастылар саусақпен санарлық қана. Басым бөлігіңіз зейнетақы, жәрдемақыға қарап отырғандарыңыз өтірік емес. Ауыл тұрмысы жыл өткен сайын қиындап жатқаны ащы болса да шындық. «Ауруын жасырған өледі» демекші, шындықты бүркемелеп, өзімізді алдаусыратқаннан еш пайда болмайды. Сол себепті, әр отбасы өз алдына тығырықтан шығудың жолын іздегені жөн. Болашақ жайлы ойланған артық емес, – деді әкім.

Қала басшысы көп проблемалар ресми деректер мен ауылдың нақты халық саны сәйкес келмейтінінен туындайтынын ерекше атап көрсетті. Мәселен, бүгінгі күні селода 24 отбасы тұрып жатса, қағаз жүзінде 40-қа жуық жанұя бар деп есепте тұрған көрінеді.

Бүгінде мәселенің мәнісіне жету үшін нақты жағдайды бағамдап алған жөн, сондықтан ауылдан кеткен тұрғындар өз кезегінде тіркеуден шығуды ұмытпағандары дұрыс деді Әнуар Серікбайұлы.

Әкіммен кездесуде тұрғындар өз арыздарын да жасырып қалмады. Алғашқы кезекте ауыл арасына қатынайтын автобус маршрутын ашу жөнінде өтініш айтылды. Бұл ретте Жезқазған кентінің әкімі А.Сәдуақасов биылғы жылдың наурыз айында тендер жарияланғанмен, бұл тендерге ешкім қатыспағанын айтып өтті. Себебі де түсінікті. Санаулы адамы бар ауыл мен екі ортаға жүретін автобус қызметі шығынға батырмаса, табысқа кенелтпейтіні айдан анық. Қала әкімі де мұндай маршруттан түскен ақша автобустың жүріп-тұру шығынын өтеуге де жетпейтінін айтып өтті. Өз кезегінде Ә.Омар жергілікті азаматтардан біреу жеке көлігін ақылы такси ретінде пайдаланғаны дұрыс болатын шығар деген ой білдірді.

Ауылдықтар әкім алдында мал ұрлау өршіп тұрғанын да ашына жеткізіп, көмек сұрады. Ауыз су мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда су аптасына екі рет жеткізіліп тұрса, селолықтар алдағы уақытта су тасу көлігі жиі жүріп жатса деген тілек білдірді. Сонымен қатар, жұмыс тапшы ауылдан көшкісі келетіндер үшін үй беру мәселесі қалай шешілетінін де сұрады.

Бұл ретте қала әкімі мемлекет тарапынан үй әлеуметтік жағдайға байланысты, белгілі критерийлер бойынша ғана берілетінін жеткізді.

– Заңға сәйкес, белгілі категорияға жататындар ғана – мүгедектер, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар баспана алу құқығына ие. Дегенмен, үй алудың басқа да тетіктері бар. Мәселен, жақында осы ауылдың бір тұрғыны үйі апатты жағдайда екенін дәлелдейтін құжаттар жинап, тиісті органға өткізгенін өз көзіммен көрдім. Үйі апатты жағдайда болуына байланысты ол кісіге қандай да бір көмек көрсетіледі. Олай болса сіздер де үй-жайларыңызға қатысты кезекке тұрамыз десеңіздер ешкім қолдарыңыздан қақпайды, – деді әкім.

Газет жеткізу проблемасы да әкіммен кездесуде айтылып қалды. Бұл мәселеге қатысты Жезқазған қалалық почта торабы бастығының орынбасары К.Кадырсізов екі жақты келісім-шартқа сәйкес, алдағы уақытта газет-журналдар аптасына бір рет жеткізіліп тұратынына сендірді.

Әкіммен ашық әңгімеде сәтбаевтықтар, сонымен бірге ауыл іргесіндегі карьер жұмыстары кезінде өзен суын насоспен сорып алатыны жөнінде шағымданды. Сол себепті малға су жетпей жатады дейді ауылдықтар.

Ауылдағы жұмыссыздыққа қатысты да қала басшысы өз ой-ұсынысын білдірді.

– Бүгінде Үкімет кәсіппен айналысамын деген азаматтар үшін барлық жағдайды жасап отыр. Әлгінде жұмыссыздық, үй мәселесін көтерген апаның 9 баласы бар екен. Сол балалар ұйымдасып осы ауылдың әлеуетін көтереміз, тұрмысымызды дұрыстаймыз деп мал шаруашылығымен айналысса қайтеді?! Мәселен, Үкіметтің «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығымен айналысуға несие беріледі. Малдан ет өнімін бір-екі айда алу мүмкін емес. Үкімет оны да есепке алып отыр. Бағдарлама аясында алынған несие алғашқы екі жылда өтелмейді, тіпті пайыз да жиналмайды. Бұл қамқорлық, көмек емей немене?! Әркім өзі үшін әрекет етіп, Үкімет берген мүмкіндікті пайдаланғаны жөн. Маған қандай көмек болады, кім не береді деп масылдыққа салынған дұрыс емес, – деп кесіп айтты Әнуар Серікбайұлы.

Кездесу соңында қала әкімі халық саны өте аз, экономикалық өсімі жоқ ауыл коммуналдық шығынының өзін ақтамай жатқанын жасырмады.

– Ауылдың болашағы жарқын деп айту қисынсыз. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Тіпті, малмен күн көріп отырсыздар деуге де келмейді. Екі-үш үйде ғана мал бар екен. Жағдай ауыр екені шындық. Дегенмен, өздеріңіз де талпынып, үй мәселесі, жеке шаруашылық болсын тиімді тетіктер тапқандарыңыз дұрыс. Ал, туған жерімнен көшпеймін деген азаматтар болса ұйымдасып, бірлесіп отырып белгілі кәсіппен айналысқандары жөн. Болашақтарыңыз өз қолдарыңызда екенін түсінгендеріңіз абзал, – деп қорытындылады сөзін Ә.Омар.

Айнұр Құлашова. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.