Әлемге ортақ мәселе және БАҚ

20131115-04-01-1Қарағанды облысының Дін істері басқармасы өткен аптада Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі және «Үлес – 2020» ҚҚ-мен бірлесіп «БАҚ-да діни тақырыпты жария ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары» тақырыбында семинар өткізді.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің қабырғасында өткен ағарту семинарына облыс әкімінің орынбасары Б.Жұмабеков төрағалық етті.

Аталмыш жиынға Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғ.Шойкин, мемлекеттік органдар өкілдері, облыстық, қалалық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, журналистер, деструктивті діни ағымдардан зардап шегушілерге көмек көрсету орталықтарының басшылары, жоғарғы оқу орындарының прессалық қызметтері өкілдері және діни баспа өнімдерін шығарушылар қатысты.

Жиынды Б.Жұмабеков ашып, дін саласында БАҚ-да дұрыс ақпарат бере білудің маңыздылығына, семинардың мақсатына тоқталды.

– Бүгінгі күні діннің қоғамдық өмірде үлкен бір орын алып отырған құбылыс екендігі шындық. Семинардың мақсаты – тілшілер қауымын конфессияаралық келісімді нығайту жолындағы мемлекеттік саясат жөнінде ақпараттандыру және БАҚ-да дін тақырыбын сауатты жазу үшін бағыт беру. Тәуелсіздіктің жақсы үрдістерімен қатар, дін саласында қиыншылықтар да туындап отыр, соның салдарынан Конституциямызға қарсы келетін істер қоғамда кездесіп жатыр. Адамдарды үкімет саясатына қарсы қою белең алып барады. Діни экстремизм әрекеттері мен діни адасушылыққа жол бермеуде тұрғындар арасында діни ағартушылық тәрбиелеу жұмыстарына баса мән берілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижелі, әсерлі болуында БАҚ-ның рөлі ерекше. Қоғамды діни мәдениетке тәрбиелеу керек. Дін саласындағы саясатты халыққа дұрыс жеткізудің маңызы зор, сондықтан да бұл кездесуде өте күрделі мәселелерді көтеріп, талқылаймыз, – деді Бейсембай Қуанышұлы.

Алғашқы сөз семинарға арнайы шақырылған Ғ.Шойкинге берілді.

– Дін мәселесі қоғамда қашан да өткір әрі нәзік екендігін ұмытпағанымыз абзал. Қазақстан – демократиялық, зайырлы мемлекет. Демек, тәуелсіз еліміздің дін турасындағы саясаты да осы демократиялық әрі зайырлылық қалыптан ауытқымауға тиіс. Бұл заман талабы ғана емес, елдігімізге де сын. Өйткені, дін мәселесі әлемге ортақ. Адамзат бүгін түрлі діннің атын жамылып, әлемге әмірін жүргізуді көздейтін ұйымдардың атынан да, санынан да жаңыла бастады. Кей адамдардың өзі дін мен экстремизмді шатастырып алады. Негізі, діннің экстремизмге еш қатысы жоқ. Дін – тек мораль, адамгершілік тұрғысындағы ұғым, ал, экстремистер діннің терісін жамылып жүрген криминалдық элементтер немесе тағы басқа теріс пиғылдағы азаматтар. Сондықтан, қазір бізге халық арасында дінге деген дұрыс пікір қалыптастырып, олардың ақ-қараны ажыратуына көмектесуіміз керек. Дін төңірегіндегі немесе түрлі діни ұйымдарға қатысты мақала жазбас бұрын, жинақталған деректерді саралап қана қоймай, қажет болған жағдайда тиісті мамандармен кеңескен жөн. Себебі, мұндай мақалаларда нәсілдік, ұлттық және діни кемсітушілік орын ала қалса, оның соңы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке апаруы мүмкін.

Елімізде діни ахуалдың тұрақсыз сипат алуы кері ағымдар мен топтардың халық арасында радикалды идеология таратып, қарапайым жандарды адастыруларымен, теріс әрекеттерге итермелеулерімен байланысты болып отыр. Діни сауатсыз немесе сауаты таяз жастар теріс пиғылдылардың айтқандарына еріп, «қасиетті амалдар» жолында жандарын қиюға дейін баруда. Бұл орайда Елбасы «… біз шеттен келген әр түрлі жалған әсерлерге беріле бермей, өзіміздің әдет-ғұрпымызға, салт-санамызға, мәдениетімізге негізделген ұлттық сана, соның ішінде діни сананы қалыптастыра білуіміз керек» деді. Журналистік этика дінмен байланысты мәселелерге кәсіби, сауатты әрі әдепті тұрғыдан келуді талап етеді. Сондықтан, мемлекеттің саясатын жетік білетін, қолдайтын, заң шеңберінде жұмыс істей білетін бір журналист тұрақты түрде осы тақырыппен айналысуы керек, – деді Ғалым Нұрмағамбетұлы.

Күн тәртібіндегі мәселені сөз алған баяндамашылар одан әрі тарқатты.

20131115-04-01-2ҚР Дін істері агенттігі ғылыми-зерттеу және сараптау орталығының исламды зерттеу бөлімі бастығы Әлібек Киманов, «Деструктивті діни ағымдардан зардап шегушілерге көмек көрсету орталығы Қауымдастығы» президенті Юлия Денисенко, Қарағанды облысы прокуратурасының экстремизм және терроризмге қарсы саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің басшысы Ринат Акпаров дін тақырыбын жариялауда кездесетін кемшіліктерді нақты мысалдар арқылы көрсетіп, оларды болдырмаудың жолдарын да  түсіндірді.

Семинарда БАҚ-да діни тақырыптардың жариялануы, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда журналистік ортамен ақпараттық тұрғыдағы өзара әрекеттігі бойынша өзекті мәселелер қаралып, талқыланды. Діни басқармаға, мешіттер және басқа да конфессияларға қарата айтылған әрбір сөздің ертеңгі күні салмағы ауыр болуы мүмкін. Сондықтан, журналистерге «ақпараттың бұрмалануына жол бермей, уағыздық, даулы мақалалардан аулақ болу, мәселенің ақ-қарасын біліп, анығына жетіп барып жариялаған жөн» деген талап, тілектер айтылды.

Кездесу барысында БАҚ-да діни тақырыптарды жариялау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидалары көрсетілді, мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің өзара әрекет ету жолдары айқындалды. Қатысушылар дін саласына қатысты көкейкесті тақырыптардың жариялануы және конфессияаралық татулықты нығайту мен діни негіздегі қақтығыстарға жол бермеу үшін халықтың діни сауаттылығын арттырудағы  БАҚ-ның орнын талқыға салды.

Семинардың тәжірибелік бөлімінде «БАҚ-да діни тақырыпты жариялау бағыттары» тақырыбында психолог, журналист, жаттықтырушы Ю.Денисенко (суретте) шеберлік сыныбын жүргізіп, дін тақырыбында түрлі мәселелерді көтеру кезінде діни терминдерді орынды қолдану тәжірибесімен бөлісті.

Семинар-тренингке қатысушылар осындай шараларды өткізудің діни ағымдарды сипаттауда және дін тақырыбына қатысты басқа да мәселелерді жариялауда туындап қалатын қателіктердің алдын алуда септігі мол екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Облыстың Дін істері басқармасы тарапынан қатысушыларға әдістемелік кітапшалар таратылды.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.