Істің маңыздылығына мән берілсін

Сейсенбі күні әкім аппаратының кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Мәжілісті ашып жүргізіп отырған әкім Әнуар Омар әңгімені дүйсенбі күні өткен ауыл шаруашылығы форумынан бастады.

– Жалпы, форум жаман өткен жоқ. Біраз мәселелер талқыланып, жиналғандар көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарға жауап алды. Бірақ, мені бір мәселе қатты алаңдатты. Сонау тоқсаныншы жылдары талқыланып, бүгінде шешімін тапқан кейбір жайттар бүгін көтерілгені мені ойға қалдырды. Осыған қарап, біздің ауыл шаруашылығымыз көп кенже қалған екен-ау деп ойладым, – дей келіп, әкім ауыл шаруашылығын  дамытуға  қатысты жаңалықтардың жұртшылыққа уақытылы жеткізілмейтінін, насихат жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмайтынын тілге тиек етті. Форумда Весовая елді мекенінен келген кәсіпкерлердің «Сыбаға» бағдарламасы, субсидиялау, ауыл шаруашылығын несиелендіру бағытындағы ауқымды шаралардың жүргізіліп жатқанынан бейхабар екендіктерін айтып, осындай қолдаулардан қалыс қалып жатқандарын айтқан әкім осы мәселені жолға қоюды тапсырды.

Аппарат мәжілісінде орталықтандырылған кітапхананы қаржыландыру мен материалдық базасын нығайту, кітап қорын жаңғырту және толықтыру мәселесі де сөз болды.

Осы орайда әкім кітапханаға трафиксіз интернет орнату мәселесін қозғады. Түрлі ақпараттар іздеген адамдар тек интернет-кафелерде ғана емес, кітіпханаларда да отырып, жоқтарын тауып жатса нұр үстіне нұр емес пе. Интернет арқылы электронды кітаптар да оқи алады. Сондықтан бұл істің де маңыздылығына мән беру керек деген Әнуар Серікбайұлы кітап қорын толықтыруға бөлінген қаржының да мардымсыз екеніне тоқталды. Бүгінде жаңа кітаптардың басылу сапасы жоғары. Сондықтан, бір кітаптың өзі бірнеше мыңдаған теңгеге түседі. Ал, бөлінген сомаға толыққанды кітаптар алу мүмкін емес дей келіп, кітапханаларға мемлекеттік қызметкерлердің де аз баратынын еске салып өтті.

Бүгінде қалада мал ұрлығы да өршіп тұр. Ауылдардағы да, қаланың шеткері аймақтарындағы тұрғындар да қолдарындағы азын-аулақ малдарын қолды етіп, құқық қорғау орындарына шағымдануда. Осы бағытта баяндама жасаған қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Жандос Қарабеков атқарылып жатқан жұмыстарды саралап берді. Оның айтуынша, қалада мал ұрлығының алдын алумен айналысатын, ұрыларды құрықтайтын арнайы топ құрылып жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде сұғанаққолдардың алды ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, соңғы кездері елді дүрліктірген пәтер ұрлығына қатысты деген екі азаматтың ұсталып, айғақ заттардың тәркіленгенін де айтып өтті.

– Ұрлықты болдырмаудың ең бастапқы шарасы – ықтияттылық. Әркім өз иелегіндегі малды бағып, қырағы болса мұндай келеңсіздіктер болмас еді. Мұны жиын сайын, кездесу сайын айтып келеміз. Әрине, ұрыларды ұстап жазасын беруді құқық қорғау орындары мүлтіксіз атқаратын болады. Бірақ, оған өзіміз де көмек көрсетейік. Малды бақташыға бақтырып, түнемелікте қора-қопсымызға мығым болайық, – деді әкім Әнуар Омар баяндамашыны тыңдап болған соң.

Кеңейтілген мәжілісте қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзина қалада ит қабу фактілерінің жиілеп кеткенін айтып өтті. Маманның сөзіне қарағанда, өткен аптада 5 ит қабу фактісі тіркелген. Жалпы, өткен тоғыз айда мұндай 128 оқиға орын алған.

Әкім аталмыш мәселеге қатысты құзырлы мекемелердің басшыларын тұрғызып, мән-жайды анықтады.

– Біз итті тек құтыруға қарсы ғана егеміз. Ал, сол жеті қазынаның бірі болып саналатын иттің бойында адам денсаулығына әсер ететін өзге де вирустардың болатынын ескермейміз. Бір ғана мысал, иттен тараған вирус қыз баланың есейгенде бедеулікке шалдығуына әсер етеді екен. Бұдан асқан трагедия бола қоймас, – деді әкім. Аппарат мәжілісінде әдеттегідей бюджеттің орындалысы, түрлі түсімдердің жай-жапсары, баспасөзге жазылу мен басқа да өзекті мәселелер сөз болып, осылар бойынша нақтылы тапсырмалар берілді.

Мәжілісті қорытындылаған әкім Әнуар Омар қай істің болмасын маңыздылығына баса мән беруді қатаң тапсырды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.