Насихатшылар «Мерейде» болды

Ел Президентінің Жолдауын халық арасында насихаттауға бағытталған топ өткен аптада Жезқазған кентіндегі «Мерей» балалар үйінің ұжымымен кездесіп қайтты.Ақпараттық-насихат тобының құрамында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Г.Шахманова, №19 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Г.Жүнісова және №15 мектептің тарих пәнінің мұғалімі А.Нарымбаева болды.

Топ басшысы Гүлбану Шахманова Жолдауға қысқаша шолу жасай келе, құжаттың төртінші бөлімге кеңінен тоқталды.

«Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсетіп қана қойған жоқ, сол үшін үкімет тарапынан көп көмек, қолдау жасап отыр. Балаларға сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беруде тәрбиешілердің, ұстаздардың атқарар жүгі де ауыр, алар орны да айрықша. Президент Жолдауы – құнды құжат. Сол себепті осында көрсетілген міндеттерге үлкен жауапкершілікпен қарап, күш-жігерімізді, білімімізді аямай, жұмыла еңбек етсек, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне қосқан үлесіміз болмақ, деді баяндамашы.

Мазмұнды әңгімеде балалар үйінің қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға топ мүшелері А.Нарымбаева мен Г.Жүнісова түсінік беріп отырды.

Кездесу сәтін пайдаланып «Мерей» балалар үйінің басшысы Бақыт Мақашова өз өкпесін де жеткізіп қалды. Қала бойынша өткізіліп жатқан, балаларға арналған іс-шараларға мерейліктердің тартылмайтынын, ал кентте балалар барып демалатын, бос уақыттарын пайдалы өткізетін орындардың, аула клубтарының жоқтығын айтты.

Сонымен қатар, жазғы демалыста қайырымдылық концерттері мен түрлі ойын-сауық ұйымдастырып, балалардың көңіл-күйлерін көтерген №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің, С.Сейфуллин атындағы гимназияның және қалалық мәдени-сауық орталығының ұжымдарына алғысын айтуды да ұмытқан жоқ.

Насихат тобының бұл кездесуі екі жаққа да нәтижелі де тиімді өтті.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.