Шындық деп шырылдаған

20131115-10-01-1Ақындық – ардың ісі. Ал, сол ақындық дейтін ұлы мінберге шығып, өткір тілмен қоғамдағы ащы  шындықты поэзия арқылы жеткізу оңай іс емес. Сырда туып, қырда өскен Шынболат ақын шындық деп шырылдаған сүлейлердің қатарынан болатын. Соңынан өлеңнен өшпес мұра қалдырған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын, жыршы-термеші  Шынболат Ділдебаевтың жақында Алматы қаласындағы «Білім» баспаханасынан  «Тас жарған гүл» деп аталатын жыр жинағы жарық көрді.  Ақынның ұлы, марқұм Қайсар Ділдебаевтың құрастыруымен жарыққа шыққан кітаптың тұсауы  өткен жұма күні Шын-ағаның есімімен аталған Кеншілер сарайында кесілді.

Жинақтың тұсаукесер салтанатына  қала басшысы Әнуар Омар, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов, аймағымызға танымал қаламы қарымды жазушылар мен ақындар, Шынболат ақынның өмірдегі және өнердегі достары мен алыс-жақыннан келген туған-туыстары, ақынын сағынған көпшілік қатысты.

– Ақынын құрмет еткен, ардақты ұлын аялы алақанға салған алқалы қауымның бүгінгі кешке біркісідей жиылып келгені көңіл қуантып отыр. Өзі өлсе де соңында маңғаз жырлары мен дала серісіне тән болмыс-бітімі, мінез-құлқы қалды. Шынболат ағаның маңдайына ақындық тауқымет жазылды.

«Шабыт алып еңбек атты өлеңнен,

Шыңдалумен шыңырауда келем мен.

Оңай жерде болмайды екен шын бақыт,

Шын бақытты іздеу керек тереңнен»,

деген байлам-ұстаныммен өлең жазып, өмірден өткен Шынболат Ділдебаевты сіз бен біз шын ақын еді деп айтамыз. Ақындығымен ол ел жадында жазылып қалды, – деп ой толғай кештің шымылдығын ашқан жүргізуші, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев  жыр жинағының баспа бетінде жарыққа шығуы ақын мұрасының өміршеңдігін байқатады деді.

20131115-10-01-2 20131115-10-01-3

Кештің әлқиссасын театрландырылған көрініс ашып, ақынның өміршең жырлары мен поэзия бетінде қалған мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттап, ақындық жолдың қиын екендігін түсіндірді.

Сыр бойындағы «Сұлутөбеде» туып, «Төртіншіде» ер жеткен ақынның  поэзия әлеміндегі төлқұжатына айналған «Шындық» термесін Астанадан келген Әлихан Дүйсенбаевтың орындауында тыңдаған көпшілік, одан кейін  бейнебаян арқылы ақынның шығармашылық жолын тағы бір көз алдынан өткізді.

Кеште Жанбол Көпбосынов Шынболаттың шығармашылығы жайында толғауын көпшілікке тарту етті.

Ақынды еске алу және аталмыш кітаптың тұсаукесер кешіне жиналған көпшілік алдында  қала әкімі Әнуар Омар сөз алып, ақын жайында сыр шертті.

– Шынболат ақынның есімі елге кеңінен тарады. Оны елге танытқан ақындығы, жыршылығы болатын. Осы Арқа аймағындағы ақындық мектептің іргесін қалап, соңынан талай жас ақынды еріткен Шынкеңнің ізбасарларының бірі ретінде сол кісінің өнегесін алғаныма қуанамын. Ұлты үшін туылған осындай Шынболаттай дарынның мұралары жырсүйер қауым барда жаңғыра бермек. Тұсауын кескен жаңа жыр жинағының кейінгі толқынға берері мол. Осы игі істі қолға алып, жинақ етіп шығарған ақынның ұрпақтарына мың алғыс, – деді ақынның ізбасарының бірі Әнуар Серікбайұлы.

Қала басшысының құттықтауынан соң ақынның «Сырға барғанда» толғауын Мұқаш  Қожахметов нақышына келтіре орындаса, «Шынболат» оқуларының жеңімпаздары ақынның өлеңдерін оқыды.

Шынкең жайлы және оның аймақтағы мәдениет саласына сіңірген зор еңбегі жайында қаланың Құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының төрағасы Мұзараф Аханов сыр шертсе, ақынның соңынан ерген інілері  Мұса Тілеуов пен Жақсылық Омаров ағаларына деген арнау өлеңдерін оқыды.

Ақынның өмірден бар түйген жақсылығы мен қиыншылығын  досы  Яхия Асатов екеуінің арасындағы әңгіме арқылы Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы театрдың  актерлері көркем де жинақты етіп көпшілікке тарту етті.

Кеште Сыр өңірінен арнайы ат арытып келген Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі, жыршы Эльмира Жаңабергенова Шынболат ақынның және өзінің ән қоржынындағы әндермен көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.

Ақынын еске алып, ардақтаған кеш соңында Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, ақынның жиені Оразәлі Байділдаев пен Шынкеңнің баласы Қайрат Ділдебаев сөз алып, жиналған көпшілікке алғыстарын білдірді.

Осы кеш барысында ақынның есімі  Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы көшеге берілді деген жақсы бір жаңалық жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады.

Сыр мен қырдың төл перзенті Шынболат Ділдебаевтың поэзиядағы сұңғыла жырлары топтастырылған бұл жинаққа дейін оның «Кенші жыры», «Жылжиды жылдар» атты екі кітабы оқырманға жақсы таныс болатын. Енді, міне, ақынның жырларын сиясы кебе қоймаған жаңа «Тас жарған гүл» жыр жинағынан оқи аласыз, оқырман.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.