Жас ақындар байқауы

Қаламыздың 40 жылдығы аясында «Арқадағы ару қала –  Сәтбаев» деген атпен бастау алған жас қындар додасы мәресіне жетті.

20131115-10-02

Байқаудың алғашқы кезеңі жергілікті ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқуға арналған болса, екінші кезең «Рухы биік ұлы перзент» және «Туған жерім – Сарыарқа» атты тақырыпқа шығарма жазу болатын. Бұл екі кезеңге барлығы 50-ге тарта оқушы қатысып, жүлдегерлері анықталған болатын.

Іс-шараны ұйымдастырған Балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұжымы ақтық сынды жоғары дәрежеде өткізіп, жеңімпаздарын да, қатысушыларын да марапаттап, сый-сияпаттарын тапсырды.

Үшінші кезең – жас ақындар сайысына 7-20 жас аралығындағы 23 талапкер қатысып, қаламызға деген сүйіспеншіліктерін жүректерін жарып шыққан өлеңдері арқылы жеткізді. Байқаудың талаптарын толығымен ашып, поэзияға деген қызығушылығын танытқан жас ақындардың өлеңдерін жергілікті ақын Мұса Тілеуов бастаған қазылар алқасы сараптады.

Қорыта келе бас жүлдені Жайна Ділдебаева жеңіп алса, І, ІІ, ІІІ орындарға Сайлаубек Әсет, Шахарқали Аян, Музараф Фатима сәйкесінше ие болды. Жеңімпаздардың барлығы да С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары. Жүлделі орындарға ие болғандарды мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш құттықтап, диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Қатысқан балалардың барлығына да мақтау қағазы мен ындаландыру сыйлығы табыс етіліп, белсенділік танытқандар алғыс хатпен марапатталды.

Іс-шара барысында алдыңғы екі кезеңнің жеңімпаздары ән айтып, өлең оқып, сайыстың шырайын келтіріп отырды.

Ұлттық құндылығымыздың бірі – ақындық өнерді дәріптеуге, тіл байлығын дамытуға арналған бұл байқауда қаламызда кеше ғана ашылған өнер мектебінің алғашқы дәріс алушылары іріктелді десе де болады.

М.Смағұл. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.