Адасудың ақыры

Ғаламторда Сириядағы соғысқа араласу үшін барған 150-ге жуық қазақ азаматтары туралы баяндайтын бейнетаспа жарқ ете қалғалы қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Олар кімдер? Сирияға қалай өтіп кетіп жүр? Оларды сол жаққа бағыттаған кімдер? Міне, осындай сұрақтар ұлтының болашағына алаңдайтын әрбір қазақтың көңілін алаңдатуда.

Ғаламторда Сириядағы соғысқа араласу үшін барған 150-ге жуық қазақ азаматтары туралы баяндайтын бейнетаспа жарқ ете қалғалы қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Олар кімдер? Сирияға қалай өтіп кетіп жүр? Оларды сол жаққа бағыттаған кімдер? Міне, осындай сұрақтар ұлтының болашағына алаңдайтын әрбір қазақтың көңілін алаңдатуда.

Тәуелсіздік дін бостандығын ала келді. Бірақ, ә дегеннен-ақ елдегі дін еркіндігінің ауа жайылып бара жатқанын аңғарған зиялы қауым дабыл қақты. Дегенмен, соған мән бере қойған ешкім болмады. Конституциядағы әркімнің қандай дінді ұстанатындығына шектеу жоқтығын алға тартқан билік тарапынан ешбір қарсы әрекет жасалмады десе де болғандай. Соның кесірінен, он-он бес адам жиналып алып, діни бірлестік құрып, тиісті тіркеуден өтіп, жұмысын жүргізе берді. Ең алдымен, христиан бағытындағы секталардың жұмысы қарқын алды. Ғұмыры естіп көрмеген шоқынды қазақтар шыға бастады. Олар «Құдай – біреу, сондықтан діннің діннен айырмасы «жоқ» екендігін алға тартып шыға келді. Әрине, «ұстаздары» солай оқытып, саналарына сіңіріп тастаса, басқаша не деуі мүмкін? «Пәленбай мың қазақ шоқынып кетті, мұның ертеңгі салдары қиын болады» деп дабыл қағыла бастағанда, «хизбуттахрир», «исматуллашылар» дегендер шығып, исламның өз ішінде бұрынғы жолды тәрк етіп бұра тартқан күштер пайда болғанын аңғармай да қалдық. Қазақстан мұсылмандар Басқармасы мен билік бар күшті солармен күреске бағыттады. Обалы нешік, қазіргі таңда хизбуттахрир, исматуллашылар қоғамда байқала бермейді.Олардың көпшілігі жазасын түрмелерде тартып та жатыр. Дегенмен, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі жолдың жаулары бұлармен ғана шектеліп қалмады. Бұрынғы бұрынғы ма, енді тіпті көбейіп кетті. Олардың атауларының өзінен кісі жаңылғандай күйге жеттік. Уахабиттер, салафиттер, құранидтер, такбиршілер және т.т. ағымдардың қай-қайсысы болса да, «біздің ата-бабаларымыз адасып келіпті, олар исламды дұрыс түсінбепті» дейтін әңгіме тарататын болды. «Аллаға серік қоспау керек» дейтін ұстанымды басшылыққа алып, әруақтарды тәрк етті, оны айтасыз, қазақтың келін түсіргендегі ежелгі дәстүрі беташарға тыйым салуға дейін барды. «Жеті шелпек таратуға болмайды» десті. «Адам өлгеннен соң тезірек жерлеу керек» деп, дереу жаназасын шығаруға асықты. «Жетісі», «қырқы», жылы» дегендер шариғатқа қайшы келетінін айтып, марқұмды еске алуға арналған шараларды өткізуден бас тартуды насихаттады. Шоқша сақал қойып, шолақ балақ шалбар киетін жігіттер мен айдың күні аманда қара жамылып немесе ұзын етек көйлек киініп, орамалмен бүркеніп алатын қыз-келіншектер көбейді. Осының бәрі көз алдымызда болды және әліге шейін жалғасып жатқан құбылыстар. Олардың қарасы күн санап арта түспесе, азаяр емес. Әке мен шешеге қарсы шығатын, намаз оқымағандардың бәрін «кәпір» санайтын бір қауым ел пайда болды. Бір қазақ мың түрлі дінге бөлініп жатыр. Қалың қазақ «Осының арты жақсылық болмайды-ау» дегеннен әріге аса алмай жүр. Биліктегілер де Елбасының өткен жылғы Жолдауынан кейін ғана сәл қозғалғандай болып жатыр, бірақ, жеткілікті дәрежеде емес. Дін бостандығы туралы жаңа заң қабылданғанмен, оның көптеген шикілігі бары қазірдің өзінде байқалып қалды. Бұған кейбір тыйым салынған секталардың жаңа атаумен тіркеуден қайта өтіп кеткендері дәлел.

Исламның жат ағымдарының басында кімдер тұр? Ауызекі әңгімеде елге белгілі тұлғалардың есімдері аталып қалады. Бірақ, ресми орындар тарапынан «міне, мына ағымды мынау басқарып жүр» деген нақты жауап есту мүмкін емес. Бұрынғы бас мүфтий Әбсаттар қажы, одан кейін ҚР Дін істері жөніндегі агенттік басшысы Қайрат Лама Шариф Жезқазғанға келгенде осы сұрақ қойылды. Бірақ, олардың екеуі де сұрақты айналып өтіп, жауапсыз қалдырды. Олардың жалтарып кеткендігіне қарағанда, бұл ағымдардың басында өте ықпалды тұлғалар тұрғаны күдік тудырмайды. Өйткені, «зікіршілер» ағымының басында Исматулла деген Ауғанстаннан келген біреудің тұрғанын елдің бәрі білетін. Ол ақыры сотталып тынды, қазір түрмеде жатыр. Ал, басқа ағымдардың басшылары туралы мұндай «жариялылық» та, «жазалау» да байқалмайды. Соған қарағанда олармен күресуге биліктің өзі де әзір емес секілді ой туады. Бейнебір олар басшысыз, өз-өздерімен өмір сүріп жатқан сыңайлы.

Орыстарда «ілулі тұрған мылтық бір күні міндетті түрде атылады» дейтін мәтел бар. Сол айтпақшы, жат ағымдардың әрекеті түбі жарылыс беруі керек еді. Солай болды да. Еліміздің әр жерінде террористік актілер орын алды. Биылғы жылы, осыдан екі-үш ай бұрын, «Жезқазған өңірінен 40 шақты қазақ жігіті Сириядағы соғысқа қатысу үшін сол жаққа өтіп кетіпті» деген сөз ел ішін аралай бастады. Бұған біреу сенді, енді біреу басын шайқап, сенімсіздік танытты. Міне, сол сөздің ақиқат екендігін ғаламтордағы бейнетаспа тайға таңба басқандай етіп айғақтап отыр. Әрине, бейнетаспадағылардың бәрі де Жезқазған өңірінің азаматтары деуге болмайды. Бірақ, сол таспаны көргеннен кейін Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан жекелеген адамдар өз таныстарын танып жатқандығын айтуда. Кейбір ата-аналар балаларын таспадан көргенін айтып, ащы өксіктерін өкінішпен, көз жастарын көлдете айтып жатқандарын да теледидар арқылы көзіміз көрді. Жоғарыдағы бейнетаспада бар-жоғы анық айтыла қоймаса да, Жезқазған қаласындағы бір отбасының үш бірдей баласы Сирияға аттанып кеткені анық көрінеді. Сол сияқты, ұзынқұлақтан естуімізше, Сәтбаев қаласындағы бір әйелдің қос бірдей ұлы да Сирияға кеткендердің қатарында екен. Соның біреуінен өлді деген хабар да келіпті. «Ертең қартайғанда бағып-қағады деген балам ғой, мешітке барамын дегеніне, арақ ішпейтіндігіне қуанып жүргенімде ақыры осылай болды ғой» деп теледидар арқылы аңырап отырған сол ананың екінші баласы шамасы интернет арқылы хабарды көрген болу керек, ертесіне шешесіне телефон арқылы «теледидарға неменеге түстің?» деген өкпесін айтып, «өзінің алған бетінен қайтпайтынын айтып, «егер шаһид болып кетіп жатсам, қош болыңдар!» деген сәлемін жеткізіпті. Бір баласынан айрылып, «тым болмаса екінші ұлыма Алла ақыл берсе екен» деп отырған ананың осыдан соң көкірегін шер қаптамағанда қайтеді? Шаһид болуға бел буған бауырлардың бейнетаспадағы сөздеріне қарағанда, олардың бұндай қадамға баруларының басты себептері ертеңгі күні жұмаққа ену секілді. Өзіңді жарық дүниеге алып келген анаңды қамықтырып қойып, жұмаққа қалай енесің? Біреудің қанын төгіп отырып, жұмаққа қалай енесің? Қарапайым түсінікке салғанда мүлдем қисынсыз емес пе? Жезқазған, Сәтбаев мешіттерінің өкілдерімен хабарласқанымызда, олар да таныс бейнелердің бейнетаспада жүргендерін айтады. Демек, «Жезқазған өңірінен 40 шақты жігіт Сирияға өтіп кетті» дейтін әңгіменің шын ақиқат болғаны.

Бейнетаспада сөйлеген жігіттер Сирияға Аллаһ жолында шаһид болуға келгендерін ашық айтып отыр. Сөз саптастарынан, жүріс -тұрыстарынан оларды ешкімнің зорлап, күштеп апарғандары байқалмайды. «Шаһид болу үшін хижра қылдық» дейді олар. Демек, «хижра қылдық» дегендері «Сирияға қоныс аудардық» деген мағына береді екен. Шынында да, бейнетаспаға қарап отырсаңыз олар тек өздері ғана кетпей, бала-шағаларын да ала барғандары көзге ұрып тұр. Әлі еңбектеп жүрген жас сәбилер де бар араларында. Жеті-сегіз жастағы ұл-қыздардың 20 шақтысы жүр. Қыз балалардың бәріне хиджаб кигізіп қойған, ал, ер балалар денелерін шынықтырып, соғыс өнеріне машықтануда. Бір баланың тақпақтатып отырған өлеңін естігенде төбе шашың тік тұрады. «Жүректерде иман оянды, Найза қанға боянды. Біздер шықтық мінеки, Мақсат етіп арманды» деп әндетеді қаршадай қара бала. Қандай мақсат сонда? Жат жерге барып соғысу ма? Өзің сияқты тағы бір адамның қанын төгу ме? Егер жау еліңнің іргесін шайқалтып жатса, қолға қару ұстап, Отаныңды қорғауға шықсаң, бір жөн. Ал, кейінгі екі-үш жыл бойына өзара қырқысып, азаматтық соғыс жүріп жатқан елге барып, соғысушы екі жақтың біріне болысу арқылы шаһид болуды мақсат тұту ақылға қаншалықты сыйымды?

Бейнетаспадағы жігіттердің бірі қолына автомат ұстап алып, «міне осындай құралдарымыз арқылы шаһид болуға келдік» деп мақтанышпен сөйлегендей болады. Бұл жігіттің кім екені қазірдің өзінде анықталыпты. Ол Ақмола облысының Максимовка дейтін ауылының тұрғыны Аманжол Жансеңгіров болып шықты. Туысқандарының айтуынша, ол жүрегі ауру себепті әскер қатарында да болмаған. Көрдіңіз бе, өз елінің әскерінің қатарында болуға жарамаған жігіт сонау Сириядағы қанды соғысқа араласып, шаһид болуға бел буып отыр. Сананың уланғаны деген осы емес пе? Ол Астанадағы Басқару академиясын бітірген көрінеді. Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық әкімдігінде жауапты қызмет те атқарған. Бірақ, кейін «айлығы шамалы» деген сылтаумен жұмысын тастап кеткен. Сөйтіп, Алматыға барып, халал опа-далап сатумен айналысқан. Аманжолдың адасуы нақ сол уақыттардан басталған деп топшылауға болады. Кейін «бизнеспен айналысып жүрмін» деген ол бірде Түркияға кетіп бара жатқанын айтқан көрінеді және ол жаққа өзінің екінші әйелін де ерте кетіпті. Оны білетіндердің айтуы солай. Туған ағасының сөзіне қарағанда, Аманжолдың Түркияға өтіп кеткеніне жарты жылдан асқан. Өйткені, ол осыдан алты ай бұрын ағасына телефон шалып, Түркияда тұрып жатқандарын, ұлды болғандарын айтып, хабарласқан. Ол сол кездің өзінде-ақ Сирияға өткен болар, тек елдегілер алаңдамасын деген оймен «Түркияда бизнеспен айналысып жүрмін» дей салуы да мүмкін. Аманжолдың қай кезде мұсылман шарттарын орындай бастағанын ағасы да білмейді. 2006 жылы әскерден келгенінде інісі Аманжолдың күніне бес уақыт намаз оқып, үнемі мешітке барып жүргенін көрген. Оның кейде «Қазақстанда шариғат бойынша өмір сүру керек» деген сөзіне туыстары мән бермеген. Көп нәрсе осындай мән бермеуге тікелей байланысты ғой, егер дер мезгілінде ағайын-туыстары Аманжолдың қате басып бара жатқанын байқап, оған тоқтам салғанда қазіргідей күйзеліске түспеген де болар еді-ау…

Баласын бейнетаспадан таныған жезқазғандық бір азамат баласының екі бірдей машинасын сатып, қалтасына он мыңның үстінде АҚШ долларын салып алып, Қарағанды жаққа барып жұмысқа тұруға кеткенін айтады. Егер жұмыс таба алмай жүріп-ақ екі бірдей машинасы болса, оның жағдайы онсыз да жаман болмағаны ғой. Сол әкенің көңіліне «Жұмысқа тұру үшін пара беру керек болған күннің өзінде осыншама көлемдегі қаражат талап ете қоймайтын шығар» деген күдік енгенде кім біледі, баласының жолын кесуге болатын ба еді, ол өз елімізде қалатын ба еді?

Бірақ, негізгі мәселе Сирияда нақты кімдердің жүргеніне де тіреліп тұрған жоқ. Біздің бауырларымыз осындай жағдайға неліктен жетті? Басқаларымыздың да сол жолға түсіп кетпеуіміз үшін не істеуіміз керек? Міне, ойландыратын ең басты сұрақ осы болса керек. «Қазіргі жастар мұсылманшылық жолға көптеп барып жатыр» дегенді осыдан үш-төрт жыл бұрын үлкен мақтанышпен айтатын болсақ, енді ұл-қыздарымыздың мешіттерге баратынынан тіксініп қалатындай күйге жеттік. Әрине, «жастардың мешітке барғаны дұрыс, сол жерде ғана оларға дұрыс бағыт беріледі» деген пікірмен де келіспеу қиын. Бірақ, бүгін мешітке барғандар ертең басқа ағымдардың жетегіне еріп кетіп жатқаны да өмірдің шындығы ғой. Осыны ойлағанда тығырыққа тірелгендей боласың. Ауру бар, оны жасырып, бүркемелуге болмайды. Бұл – адасу ауруы. Енді тек сол ауру меңдеген үстіне меңдеп кетпестің шарасын ойластырмақ абзал. Адасудың ақыры қайда апарып соғатынын Сирияда жүрген жиһадшылар көрсетіп отырған жоқ па?

Абдолла ДАСТАНОВ.

Комментарии закрыты.