Су есептегіш орнату — уақыт талабы

Қала әкімі Әнуар Омар өткен аптадағы әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде қалада суық және ыстық суға есептегіштер орнату жұмысының еш сын көтермейтінін айтып, тиісті басшыларға нақтылы міндеттер жүктеген болатын. Осы орайда біз қала әкімінің орынбасары Серік Оразбаевқа жолығып, істің жай-жапсарымен кеңінен танысқан едік.

Серік Төкенұлының айтуынша, қалада бүгінгі күннің басты мәселесі болып отырған су есептегіштерді орнату қажеттігі жөнінде ұйымдастыру және үгіт-түсінік жұмыстары жүргізілуде. Алайда, бұл жұмыс әлі қарқын ала алмай келеді. Мәселен, қала бойынша барлығы 23 мыңдай есептегіш құралдар орнатылуы керек болса, бүгінгі күні бар-жоғы 306 есептегіш орнатылған.

– Әрине, бұл ешкімді қанағаттандырмайтын көрсеткіш. Біз мүмкіндігінше түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілері жұртшылықпен жұмыс істеуде. Десек те, тұрғындар енжарлықтан арылар емес.

Бір ғана қарапайым мысал, қазір қалада есептегіші бар үйдегі бір адамға бөлінген судың көлемі 4,2 текше метр. Ал, есептегіші жоқ үйлерде су әр адамға 6 текше метрден есептеледі. Судың бағасы қазан айының онынан бастап 19 теңге 48 тиын болып белгіленді. Енді есептей беріңіз, есептегіші бар адам бір айда 81 теңге төлейді екен. Ал, есептегіші жоқтар 116 теңгеден астам ақша төлемек. Бұл бір адамға ғана. Ал, үйінде үш-төрт адамы бар отбасылар үшін қалтаға салмақ салары жасырын емес. Сондықтан, мүмкіндігінше су есептегіштен қашпағанымыз жөн, – дейді Серік Оразбаев.

– Бұл бір жағы ғана. Есептегіш орнатпаудың әкелер екінші бір тиімсіздігі бар. Ол – келер жылдан бастап әр үйдің жертөлесіне орнатылатын жалпылама су есептегіштер. Тиісті орындар сол есептегіштің есебін үйдегі барлық пәтерлерге бөліп тастайды да жоғарыдағы көрсетілген (есептегіші жоқтарға арналған тариф) тариф бойынша ұстайды. Сонда сіз суды сол көрсетілгеніндей пайдалансаңыз да, пайдаланбасаңыз да төлейтін боласыз. Ыстық судың да жайы дәл осындай. Мұны да тұрғындар өздері салмақтап көрсін, – дейді әкімнің орынбасары бізбен әңгімесінде.

Қалай дегенде де, «Судың да сұрауы бар» деген бұрынғылардан қалған аталы сөзге сүйенсек, жалтарар жеріміз қалмағандай. Су есептегіш құралдарды орнату уақыт талабы болып отыр. Ендеше, оған түсіністікпен қараған абзал.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.