Таңдау тұтынушы қолында

20131122-02-02Қазан айынан бастап Сәтбаев жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорыны суық су бағасын көтерген болатын. Осы ретте тұрғындардың су есептегіш құралдарын орнатып, ақшасына үнем жасауына мүмкіндік бар. Су есептегіш қондырғысын орнатудың қандай пайдасы бар деген сұрақ тууы заңдылық. Алдымен, бұл — табиғат қорларына ұқыпты көзқарас деген сөз. Суды үнемді пайдалану еліміздің табиғи байлықтарын сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өзіңіз пайдаланған су мөлшеріне ғана ақы төлейтініңіз тиімді.

Есептегіш болмаған жағдайда ыстық суға төлем бекітілген тарифтер бойынша және пәтерде есепте тұрған адам санына қарай жүргізіледі. Дегенмен, пәтерде тіркелген адам мен тұратын адам саны көбіне-көп сәйкес келмейді. Сонымен қатар, үйде уақытша адам тұрмаған кезде де төлем есептеледі.

Жалпы, су көздерін үнемді пайдалануға қатысты мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Парламент палатасының бірлескен отырысында айтқанын ел ұмыта қоймаса керек. Елбасы суды ысырап етуді жалғастыра берсе Қазақстанның су тапшылығына ұшырауы әбден мүмкін екендігін айта келіп, коммуналдық шығындарды азайтып, суды үнемдеу керектігін ескерткен болатын.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында да Ұлт Көшбасшысы сумен қамтамасыз ету міндетін ХХІ ғасырдың жаһандық мәселесі екендігін атап, Үкіметке еліміздегі су ресурстарына қатысты жаңа саясатты жасау керектігін айтып, тұрғындарды сумен қамтамасыз етудің 2020 жылға дейінгі ұзақмерзімді бағдарламасын дайындауды тапсырды.

Үстіміздегі жылдың 9 қаңтарында Республика Үкіметінің №1779 «Қазақстан Республикасында 2013-2015 жылдарға арналған суға жаңа тарифтерді енгізу механизмдерін енгізу жөніндегі кешенді жоспар» туралы Қаулысында сумен жабдықтау және су жүйелерін шығынсыз қамтамасыз ету үшін тарифтерді біршама көтеру қарастырылған.

Кешенді жоспар мына мәселелерді қамтиды — су арналарын орташа және ұзақмерзімді тарифтерге ауыстыру; негізгі қаражатты қайта бағалау; орташа еңбекақыны өңір бойынша орта статистикалық көрсеткіш деңгейіне жеткізу, кәсіпорынның пайдасын 30 пайызға ұлғайту; өтемақы мөлшері мен түскен пайда есебінен инвестициялық бағдарламалардың көлемін арттыру.

Соңғы біраз жыл көлемінде суық судың бағасы көтерілмеген. Кәсіпорынның эксплуатациялық шығындарының өсуіне байланысты су бағасын көтеру мәселесі күн тәртібінде тұр. Қаладағы су жүйелерінің 70 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ескірген жүйелердің салдарынан апаттар жиі орын алып, кәсіпорын зиян шегуде. Су бағасын көтерудің басты мақсаты – жиналған қаражатқа тек Сәтбаев қаласының ғана емес, бүкіл республика аумағындағы су арналарын жаппай жаңғырту. Бүгінгі күні жаңа жабдықтар сатып алып, құбыр жүйелерін ауыстыру, техникалық құрылғыларды жаңарту өзекті мәселеге айналып тұр.

Тарифті көтеру тұрғындарды суды үнемдей білуге үйретеді, сонымен бірге, кәсіпорын жұмысын жақсартуға әсер етеді.

Кейінгі кезде әлемде ауыз су тапшылығы өткір сезілуде. Табиғат байлығы шексіз емес. Көптеген мемлекеттер бұл проблеманы үнемдеу және жаңа технологияларды кеңінен енгізу арқылы шешуде. Мұның өзі тұрғындардың суды үнемдеуіне игі ықпалын тигізуде. Осындай тәсілді басқа мемлекеттер де кеңінен қолданып келеді.

Қазақстан әлемдегі сумен аз қамтамасыз етілген мемлекеттердің тобына жатады. Бүгінде елімізде су ресурсын үнемдеу үшін есептегіш құрал орнату кеңінен қолға алынуда. Соның нәтижесінде ауыз су қоры мен электр энергиясын елеулі үнемдеуге қол жеткізілуде.

«Аталмыш жүйе тұтынушыларға не береді? Тәжірибе жүзіндегі оның пайдасы қандай?» деген сауалдар әрбір тұрғынның көкейінде тұратыны белгілі. Жылу мен ыстық судың төлемі коммуналдық қызметтердің жалпы үлесінде оның басым бөлігін құрайтыны жасырын емес. Әрбір тұтынушының нақты тұтынған жылуға, суға және электр қуатына төлем талабы шотының қаншалықты сәйкестігін білгісі келетіні де табиғи қызығушылық. Бұл мәселенің бетін ашуға орнатылатын есептегіш құралдар көмектеседі. Осындай құралдың орнатылуы жылу қуатын ұтымды пайдаланған жағдайда жылу беру маусымында тұтынушылардың 20-дан 30 пайызға дейін қаржысын үнемдейтіні қазірдің өзінде дәлелденген. Сонымен бірге, абоненттер қолында нысандағы жылумен жабдықтау жайы, берілетін жылу жеткізушінің температурасы, оның жылу жүйесіндегі шығыны туралы нақты және толық ақпарат болады. Жүргізілген тариф мониторингі көрсеткеніндей, есептегіш құралдары қойылған және қуат үнемі жөнінде жұмыс жүргізілетін үйлер тұтынылған жылудың нақтылы көлеміне төлейді.

Н.Сүттібаева, «Сәтбаев қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің басшысы.

Комментарии закрыты.