Үздік жобалар байқауы

Өзінің 2012 жылғы халыққа Жолдауында Елбасы қарқынды индустриалдық-инновациялық даму бойынша Мемлекеттік бағдарламаны құруды тапсырды, сонымен қатар, өзіміздің отандық технологияларды дамыту қажеттігіне баса назар аударды. Қойылған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Н.Ә.Назарбаев жастарға ерекше көңіл аударды, өскелең ұрпақты жаңа бағыттың қозғаушы күшіне теңеді. Балалар мен жастардың жаңашылдық қабілетін, инновация саласындағы білімін дамыту аталған мемлекеттік бағытты жүзеге асырудың негізгі алғышарты болып табылды.

Осыған байланысты «Жас Ұлан» Бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы мектеп оқушылары арасында «Кемеңгер» инновациялық үздік жобалар сайысын өткізді. Екі кезеңнен тұрған іс-шарада қала мектептерінен барлығы 11 жоба қорғалды. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды №16 жалпы білім беретін орта мектептің 10 «А» сынып оқушылары Қойшан Айнұр мен Абдильмажинов Айдын иеленді. Физика пәнінің мұғалімі Бақытгүл Қиянбаева жетекшілік ететін бұл оқушылар «Болашақ жобасы (ЭКСПО-2017)» аясында жел қондырғыларын пайдаланудың мүмкіндіктері тақырыбын қорғады. Бұл жобада жел энергиясын халық шаруашылығына ұтымды пайдалану мүмкіндіктері қарастырылып, оның ерекшеліктері анықталды.

Екінші орын Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің 8 «А» сынып оқушысы Гүлжәмила Қышанбаеваға тиесілі болды. Ол «Болашақ энергия көзі» тақырыбында жоба қорғады. Ал, үшінші орын С.Сейфуллин атындағы гимназия оқушылары Аюбек Данияр мен Ильясова Оралға бұйырды. Химия пәні мұғалімі Күлназия Байсалбаева жетекшілік ететін бұл оқушылар ауыл шаруашылығына байланысты жобаны қорғады.

Мұндай шаралар мектеп оқушыларын зерттеу және жобалық жұмыстарға тарту арқылы оларға жаңа инновациялық-техникалық жобаларды дайындауға ықпал етеді.

Эльмира Боранбаева.

Комментарии закрыты.