Мал ұрлығы жанға батып тұр

Сәлемінің басына жанынан бұрын малын қоятын қазақты соңғы уақытта мал ұрлығының көбейіп келе жатқаны алаңдатуда. Оған дәлелді Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінің мәліметтерінен көруге болады. Ол жайында жазып та жүрміз. Осы себепті Қарағанды облысының ІІД бастығының бұйырығына сәйкес аумақтық топ құрылды. Арнайы топтың құрамына Жезқазған, Сәтбаев қалаларының және Ұлытау ауданының ІІБ-нің қызметкерлері енгізілген. Оның бүгінгі күнге дейінгі атқарған істері мен нәтижесі жайлы Сәтбаев қаласы ІІБ бастығы, полиция полковнигі Жандос Қарабеков әңгімелейді.

– Құрылған күннен бастап аумақтық топтың алдына нақты міндеттер қойылды, қылмыстарды ашу және тергеуде бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Соған қарамастан, өткен 10 айда 20 мал ұрлығы қылмысы тіркеліп, оның 4-і ашылды. Нәтижесін нақты айтар болсақ, ІІБ-не арызданған азаматша Б.Қыздарбекованың 29 ұсақ малының ұрлану фактісі бойынша жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде аталған қылмысты азамат Ц. жасағаны анықталды. Бұл дерек бойынша жинақталған құжаттар қылмыс болған аумақ Ұлытау ауданына қарасты болуына байланысты Ұлытау АІІБ-не жіберілді.

Сонымен қатар, бұрын осындай қылмыстармен сотталған және күдік тудыратын тұлғаларға қатысты істер ашылып, олармен профилактикалық және болған қылмыстарға қатыстылығын тексеру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. ІІБ-де мал ұрлығы бойынша 6 тұлға есепте тұрады, жылдың басынан бері 5 тұлға есепке алынды.

ІІБ қызметкерлерімен Сәтбаев қаласының аумағында орналасқан шаруа қожалықтарына, қыстақтар мен басқа да мал бағатын орындарға тексерістер жүргізілді.

Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының алдын алу мақсатында күн сайын учаскелік полиция инспекторалармен алдын алу шаралары өткізіледі. Қала аумағында өткізіліп жатқан «Участок» іс-шарасы барысында учаскелік полиция инспекторлары әр үйді, әр пәтерді аралап халықпен кездесіп, мал ұрлығының алдын алу бойынша ұйымдасып кезекпен малды бағу, мал тұратын орындардың жағдайын дұрыстау, т.б. түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Ағымдағы жылы орын алған мал ұрлығының 10 қылмысы өрісте қараусыз жайылып жүрген малдарды ұрлау, 5 қылмыс қорада тұрған малды еркін жолмен ұрлау, 2 қылмыс – мал тұратын қораның құлпын бұзу арқылы, 1 қылмыс шаруа қожалығындағы жұмыскердің өзімен жасалған.

Қылмысты ашуда нақты нәтижелер бар, атап айтқанда, есептік кезеңде 3 қылмыстық іс сотқа жолданды, азамат Инсебаевтың малын ұрлау қылмысы бойынша С. деген азамат ұсталды, Ибраеваның малын ұрлау қылмысы бойынша азамат М., азаматша Юсупованың малын ұрлау қылмысы бойынша азамат Р. ұсталды. А. Васенконың малын ұрлау қылмысы бойынша азамат Б. ұсталды, бірақ жәбірленушіден күдіктіні қылмыстық іске тартпау туралы арыз түскендіктен, қылмыстық істен бас тарту туралы қаулы шығарылды.

Ішкі істер бөлімімен алдағы уақытта мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу және ашу бойынша жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалалық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу және орын алған мал ұрлықтарын ашу бойынша ауқымды шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Дайындаған М.Смағұл.

Комментарии закрыты.