Кезектен тыс сессия

20131122-04-01Өткен апта соңындағы қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХІІ сессиясына депутат Т.Тәжбенов төрағалық етті. Сессияның жұмысына қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, әкімнің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған – «Сәтбаев қалалық мәслихатының 2013-2015 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» 2012 жылғы 14 желтоқсандағы №103 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе бойынша Сәтбаев қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Сакеев баяндама жасады.

Мәлімет бойынша Қарағанды облыстық мәслихатының ХХ сессиясының шешімімен Сәтбаев қаласы бюджетінің параметрлері анықталып, республикалық бюджеттен бөлінетін кейбір нысаналы трансферттердің көлемі азайтылған. Атап айтқанда, 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында тұрғын үй шаруашылығының ағымдағы жұмыстарына және кеншілер алаңын қайта қалпына келтіруге бөлінген қаржы 247 мың теңгеге, бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша көлік инфрақұрылымына бөлінген қаржы 427 мың теңгеге азайған. Оның сыртында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қосымша 930 мың теңге көлемінде нысаналы ағымдық трансферттер бөлінген.

Е.Сакеевтің баяндамасы тыңдалып, өзгеріссіз, толықтырусыз қабылданды. «Сәтбаев қаласы әкімдігінің дербес құрамын бекіту туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2012 жылғы 11 маусымдағы 5-сессиясының №52 шешіміне өзгеріс енгізу туралы» келесі мәселеге орай қала әкімінің ұсынысымен әкімдіктің құрамына әкімнің орынбасары С.Оразбаев енгізілді.

Үстіміздегі жылдың 27 қазанында №13 сайлау округі бойынша шығып кеткен депутаттың орнына Сәтбаев қалалық мәслихатының сайлауы өткен болатын. Қалалық сайлау комиссиясының хабарламасымен мәслихат жетекшісі Қ.Махамбетова таныстырды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық Заңның 9 бабының 2 тармағына сәйкес «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ филиалы заңгерлік басқарма бастығы Қайрат Мейрамұлы Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Т.Тәжбенов жаңа сайланған депутатты құттықтап, депутаттық куәлік пен төсбелгі тапсырды.

Депутаттар қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдап, келесі ХХІІІ сессияның төрағасы етіп депутат В.Цойды сайлады.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.