Тұрғындар мәселесін жеткізді

20131122-10-02-120131122-10-02-220131122-10-02-3Өткен сәрсенбі күні қала әкімі Ә.Омар қала тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қала басшысының қабылдауына келген алты тұрғынның біріншісі – Сара Ахметова Кентаев көшесіне кәріздік құбыр тарту мәселесін жеткізді.

– Бірнеше жылдан бері шешілмеген бұл мәселені тиісті деңгейде көтеріп-ақ келеміз. Осыған сіздің көмегіңіз тиіп қала ма деп бүгінгі қабылдауға келіп отырмын, – деді көше тұрғындарының өтінішін арқалай келген Сара Домбайқызы.

– Бұл мәселенің мәнісімен таныспыз. Алайда, бұл көшеге кәріздік құбыр тарту үшін қыруар қаражат қажет. Алдағы жылдары қаланың батыс бөлігінде орналасқан үйлерге құбыр тарту, жол салуды көздеп отырмыз. Түйінді мәселені шешуге қолымыздан келгенше жұмыс жасаймыз, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Шағын кәсіпкерлікті дөңгелетуге ниет етіп отырған Талғат Жанұзақов сүт өндіру фермасын ашу туралы ұсынысын қала басшысына жеткізді. Ешкі сүтін сауып, емдік мақсатқа жұмсауды көздеп отырған азамат бір реттік қайтарымсыз берілетін қаржылай көмекке қол жеткізсем дейді. Шаруашылығын кеңейтуді ойлаған Т.Жанұзақовқа барлық құжаттар толық өткізіліп, рәсімделгенде ғана ақшалай көмектің болатынын мамандар түсіндірді.

Иманов көшесінде тұратын Аппас Мұңсызбаев көшенің шетінде тұрғандықтан жылу, жол, жарық, автобус мәселелерін көтерді.

– Иманов көшесінің аяқ жағында тұрамыз. Көшеде жол жоқ. Күз бен көктемде балшық, қыста қар құрсауында қаламыз. Жылу да мардымсыз болып тұр. Шеткері орналасқандықтан, көше бойында жарық жоқ. Автобус келмейді. Балаларымыз кешкі уақытта сабақтан қайтарда алаңдап отырамыз. Маршрутта жүріп жүрген автобустардың бірінің бағытын өзгертіп, біздің көшеге соғатындай етіп жасаса. Себебі, оқушы балаларымыз автобусқа Байқоңыров көшесінің бойынан мінеді. Ол әжептәуір қашық, – дейді көше тұрғыны.

– Көтерілген мәселенің алдағы уақытта бірте-бірте шешімін табуға болады. Көшенің жай-күйімен танысып, атқарылар жұмыстың жоспарын құрып, сол бойынша мәселенің түйінін тарқатамыз, – деді әкім.

Дүрментаев көшесінде тұратын зейнеткер Күләш Ибраева үйінің астына су жиналатынын айтып, шағымданды. Жылу берілгеннен бері зейнеткердің үйінің астына су жиналған. Қарт ана оның қайдан келгенін білмей, бірнеше мәрте жауапты мекемелерге шағымданған.

– Көлкіген судан бір күні үйім құлай ма деп қорқамын. Өзім зейнеткермін, қолымдағы балам науқас. Мына келіп жатқан суды қалай да тоқтатып берулеріңізді сұраймын. Өз күшіммен оны атқаруға шамам келмейді, – деді шағымданушы.

Қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Серік Оразбаев қазіргі күні бұл үйге кетіп жатқан судың көзі анықталып, тетіктері тоқтатылып жатқанын айтты.

Индира Мұқажанова пәтер және жұмыс мәселесі бойынша қабылдауға келіпті. Осыған дейін әр мекемеде еңбек еткен ол тұрақтанып жұмыс істемеген. Қала әкімі Индираға қандай жұмыс берілсе де тұрақты еңбек етіп, нан табуға тырысқан жөн екендігін айтты. Пәтер тізімінде тұрған оның кезегі де келіп қалыпты. Алда-жалда 33 пәтерлі үйдің құрылысы бітсе, оған пәтердің кілті тапсырылмақ. Ал, жұмыс мәселесі бойынша оған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып жазылып, берілген жұмысты тиянақты атқару керектігі айтылды.

Молдағұлова көшесінің тұрғыны Нұртай Сердалинов баспанасына жылу тарту мәселесін қозғады. Бұған дейін жылу болған. Алайда, қысқы аяздарда үйіндегі жылу жүйелері қатып қалып, іске жарамсыз болып қалған. Бұл жеке сектордағы үй болғандықтан, үй ішіндегі жылу жүйелерін жаңғыртуға жергілікті атқарушы органдардың құзыреті жоқтығын айтып түсіндірді мамандар.

Қабылдауды қорытындылаған Әнуар Омар жиын барысында көтерілген мәселелердің оң шешімін табуын қадағалауды жауапты тұлғаларға тапсырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.