Кенттің келешегіне күмәнмен қарауға негіз жоқ

Қала әкімі Әнуар Омар өткен аптада бір топ мемлекеттік мекемелердің басшыларымен бірге қаламызға қанаттас жатқан Жезқазған кенті мен Весовая елді-мекенінде болып, тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы маңызды әлеуметтік нысандарды аралады.

20131122-10-01-0

Әкімнің атбасын тіреген алғашқы нысаны – Жезқазған кентіндегі М.Әуезов көшесі бойында орналасқан жасанды жабындысы бар футбол алаңы болды. Халық игілігі үшін қыруар қаражатқа берілген бұл алаңды күтіп ұстауды, кент көшелерінің абаттандырылып, көгалдандырылуына аса мән беруді тапсырды. Алдағы үш жылда бұл кенттің тыныс-тіршілігі тоқтамайды. Үш жылдан кейін мұндағы жұртшылық қалаға қоныс аударады. Осы үш жылға дейінгі аралықта кент тұрғындарына барлық жағдайлар жасалуы қажет.

20131122-10-01-2Бүгінде кентте 3414 тұрғын бар. Олардың баспаналары орталық жылу беру желісіне қосылған.

Кенттегі №2 аралас орта мектепте болған қала әкімі Ә.Омарды мектептің басшысы Қарлығаш Мадиярова білім ошағының бүгінгі жай-күйімен таныстырды. Білім ордасында 366 бала білім алып жатыр. Мектептің асханасы, спорт залы, кітапханасы мұндағы шәкірттер игілігіне тиісті деңгейде қызмет етіп отыр. Мектептің кітапхана қоры – 25000, 2 компьютер сыныбы, 1 лингофонды, 1 мультимедиялық бөлме арнайы жабдықталған. Мектеп жанында қазақ және орыс тілінде білім беретін шағын орталық жұмыс жасайды.

20131122-10-01-1Еліміздің намысын облыстық, республикалық, халықаралық спорттық додаларда қорғап жүрген спортшыларды дайындап, сынға қосып жүрген кентте орналасқан Сәтбаев қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне ат шалдырған қала әкіміне мұндағы жағдайды спорт мектебінің басшысы Саят Серіков баяндады. Бұл мектепте қазіргі таңда 814 жас жеткіншек спорттың қыр-сырын меңгеруде. Олар бокс, күрес, таэквандо, теннис, баскетбол, волейбол үйірмелерінде жаттығады. Талай спорт саңлағын баптаған орданың түйткілді мәселелері де жоқ емес. Әсіресе, интернетке қосылу мәселесі шешімін таппай отыр. Осы мәселенің оң шешілуіне септігіңізді тигізсеңіз деп өтінішін білдірген спорт мектебінің басшысы Саят Серіковке қала әкімі бұл мәселе шешімін табады деді. Бастысы, жүйелі жүргізіліп келе жатқан жұмыстың қиюын қашырмай жалғастыра беруді тапсырды.

20131122-10-01-3Қазіргі күні 2583 тұрғыны бар Весовая елді-мекенінде болған Әнуар Серікбайұлы әуелі Киров көшесі,15 үйдің 21 пәтерінде тұратын зейнеткерлер – Алпеевтердің шағымына құлақ түрді. Қарттар пәтерлеріне жылудың бірде келіп, бірде келмейтінін айтып шағымданды. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кездерде пәтерге жылу беру тоқтатылғанымен, қала басшысы бас сұққанда пәтерде жылу беруде еш кедергінің жоқтығы анықталды. Қала басшысы жауапты тұлғаларға кенттегі тұрғындарға үздіксіз жылу беруді басты назарға алуды жүктеді.

Елді-мекендегі мәдени ошақтарды да назарынан тыс қалдырмаған Әнуар Серікбайұлы теміржолшылар клубында, №2 музыка мектебінде, отбасылық кітапханада болды.

Қала басшысының кентте жүргенін көзі шалып, құлағы естіген жұртшылық арнайы келіп, кенттің болашағы жөнінде сөз қозғады. Қала әкімі бұл кенттің көшірілмейтінін, оның болашағына күмәнмен қарауға еш негіз жоқтығын айтты. Кентке алдағы жылдары әлеуметтік-экономикалық түйткілді мәселелерді шешу үшін қаражат тартылып, елді-мекендегі тұрғын үйлердің жаңғыртылуына көңіл бөлінбек. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асатын бұл жұмыстарды тұрғындар арасында түсіндіруді жауапты тұлғаларға жүктеді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.