Темекі шегу – өз болашағыңа балта шабу

Темекі шегу Египеттегі кейбір қазба жұмыстары дәлелдегендей, біздің заманымызға дейінгі ХVIII ғасырдан басталған. Ал темекі тұтыну Колумбтың 1492 жылы Американы ашуына қарай пайда бола бастады. Осы елдің тұрғындары Колумбқа сыйлық ретінде темекі ұсынған. Бұл сапарда Европаға олар тек темекі жапырақтарын әкелген болатын. 1496 жылғы Колумбтың екінші сапарында темекі тұқымын әкеліп жан-жаққа таратты.

Бүгінгі күні әлемнің 120 елінде темекі жапырағы өсіріледі. Бүкіләлемдік Денсаулық ұйымының мәліметінше, әлемде жылына 10 млн. тоннадан астам темекі өсіріліп, әлем бойынша тек бір жылда 1 млрд. темекі тұтынысқа түсетін көрінеді.

Темекі түтінінің құрамында адам ағзасына қауіпті никотин, эфир майлары, аммиак, бензарин, көміртегі, смола, қорғасын, т.б. заттар бар. Осы улы заттар қан арқылы адам ағзасының барлық жеріне тарайды. Адам өміріне ең қауіптісі никотин болып есептеледі. Темекі құрамындағы бұл улы зат 1828 жылы анықталған.

Күніне 20-25 темекі тартқан адамның қанында 3-4 мг никотин болады.

Никотиннен улану орталық нерв жүйесінің бұзылуына, жүрек-қан, тамыр ауруына, тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруына, осы ағзаның рак ауруына, ас қорыту жұмысының әлсіреуіне, бедеулікке, иммунитет жүйесінің төмендеуіне соқтырады.

Егер темекі түтінінде 5000-ға жуық химиялық заттар бар екенін ескерсек, оның 50-ден астамы қатерлі ісік ауруын тудырады. Қазақстанда 60% ер адамдар, 30% қыз-келіншектер темекі тартады. Бұл кейінгі кезде жасөспірімдердің арасында кең етек жайып барады. Темекі уының салдарынан өкпе ісігінен 90% , созылмалы өкпе ауруларынан 25-30% науқас өмірмен қоштасады. Яғни, темекі шегетін адамдар өз өмірінің 10-15 жылын өз еріктерімен қысқартады.

Ал, жүкті аналар темекі шегетін болса, темекі түтініндегі улы заттар құрсақ ішіндегі нәрестенің дамуын тежеп қана қоймай, көбінесе ми дамуына кері әсер етеді.

Жас сәби дүниеге келсе, пәтерде темекі тартуға тыйым салған жөн.

Сондықтан, бұл зиянды әрекетпен қоғам болып күресуіміз керек. Қай дүкенге барсаңыз, сөреде неше түрлі темекілер самсап тұрады. Бағасы өте арзан, қолжетімді. Сондықтан, үкімет тарапынан темекі өнімдерінің бағасын өсіру, шет елдерден әкелуді азайту, біртіндеп оны сатуды болдырмау, жарнамаларды мүлдем телеарналардан, газет-журналдардан көрсетпеу секілді іс-шаралар жасалуы қажет. Дүкендерде темекі сату уақытын қысқарту, жасы жиырмаға толмаған азаматтарға, әсіресе, жасөспірімдерге темекі сатқан жағдайда дүкен иелеріне айыппұл салу керек. Жергілікті әкімшілік тарапынан жиі-жиі рейдтер жүргізіп, тәртіп бұзғандарды жазалау керек.

Денсаулықты сақтау өз қолыңызда. Денсаулық – зор байлық екенін естен шығармайық, ағайын!

И.Кантеев, Сәтбаев қаласы емханасының бөлім меңгерушісі.

Комментарии закрыты.