Бірлескен қоғамдық қабылдау

Президентіміз, «Нұр Отан» ХДП-ның басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қойған бір міндеті – азаматтардың шешуін таба алмай жүрген мәселелеріне көңіл бөлу, көмектесу және партияның қоғамдық қабылдауларының жұмысын барлық жерде күшейту.Осы орайда партияның Сәтбаев қалалық филиалы жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп, кестеге сай қоғамдық қабылдау жүргізуді тоқтатқан емес. Сондай бір кездесуді өткен сәрсенбіде қала прокурорының көмекшісі Дархан Жандильдинов өткізді.

Бұл күнгі қабылдауға алдын ала жазылған 4 адамның біреуі ғана келді. Шымкент қаласының тұрғыны С.Абжаппаров баласын Сәтбаев ішкі істер бөлімінің қызметкерлері соққыға жыққанын, қазір ауруханада жатқанын айтты. «Кіна екі жақтан да болған шығар деп ойлаймын, бірақ, қасиетті Ораза ішінде кешірімді бол, Алла өзі білсін, деп балама арызыңды ал дедім. Айтайын дегенім, орган адамдары да билікті пайдаланып ұрып-соққандарын қойсын» деп налыды ақсақал.

Қабылдауға жазылған С.Жүнісова да шағымында ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің іс-әрекеттерімен келіспейтіндігі айтылды.

Қабылдауға келген Қ.Шалабаева Комаров көшесі 22 үй тұрғындарының атынан келгенін айтты. «Қаланың қақ ортасында тұрған үйдің ауласы да, подъездері де адам көргісіз, балалар ойнайтын жерде қоқыс жәшіктері орналасқан. Кіре беріс баспалдақтары үгітіліп, құлап жатыр. Тұрғын үй сұрақтарымен айналысатын біраз жерлерге айттық, ешкім құлақ аспайды» деп шағымданды зейнеткер.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің арыз-шағымдарын тыңдай келе, Дархан Тұрсынғалиұлы жауапты мекемелердің атына жазбаша түрде өтінішпен шығуға, ал олар қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда сотқа немесе прокуратураға шағымдануға құқықтары барлығын түсіндірді.

Осы қоғамдық қабылдауларға қатыса жүріп біздің бір байқағанымыз, әлеуметтік салаларға байланысты сұрақтардың бірінші кезекте болуы және тұрғындарды қаланың тазалығы, көріктендіру-сәулеттендіруі бей-жай қалдырмайтыны.

Соңғы кездері арызданушылар мен қабылдауға келушілердің қатары сиреп барады. Ол ел тұрмысының жақсарғандығы, заң бұзушылықтың азайғандығы деп ойлаймын, – дейді қоғамдық қабылдауға қатысушы «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Наурызбай.

Ылайым солай болсын деп тілейік. Дегенмен, азаматтардан түскен арыз-шағымдарды мемлекеттік органдардың қарау сапасы мен нәтижесін бақылау «Нұр Отан» ХДП-ның әрқашан да назарында екенін ұмытпаған жөн.

М.Жаппасбаева.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.