Емі табылмаған ауру

Қауіпті ЖИТС (СПИД) дертінің жұқтырылған белгісі алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та тіркелген екен. Бүгінгі таңда 16 миллионнан астам адам бұл аурудан көз жұмса, эпидемия белең алғаннан бері 60 миллиондай адам осы вирусты жұқтырыпты. Қазақстанда ЖИТС-ке шалдыққандар саны 2007 жылдың наурыз айындағы мәліметінше 7709 адамға жеткен. Әрине, бұл – ресми мәлімет, ал, шындығында бұдан әлдеқайда көп болса керек.

Осы дерттің біздің қаламыздағы беталысы жайлы «ОДА Қожахметов» ЖШС директоры, Сәтбаев қаласы отбасылық дәрігерлер Қауымдастығының президенті М.О.Қожахметов айтып берген еді.

– Мағзұм Омарұлы, алдымен өзіміздің қаладан бастасақ. Бізде ЖИТС-пен есепте тұрғандар бар ма?

– Өкінішке орай бар. 1997 жылдан бүгінгі күнге дейін АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясымен барлығы 12 адам тіркелген. Былтырғы жылы вирус жұқтырған 1 адам болса, осы жылдың 9 айында тағы 1 адам қосылды.

– Өзіңіз басқарып отырған мекемеге қарасты мекенжайларда есепке алынғандар бар ма?

– Жоқ. Заң бойынша ауру жұқтырғандардың аты-жөні жария етілмейді, барлық мәліметтер Жезқазған қаласы бойынша ЖИТС орталығында құпия сақталады.

– Енді жұғу жолдары мен алғашқы белгілеріне қысқаша тоқталсаңыз.

– Вирус жұққан және ЖИТС-пен ауырған адамдар инфекция жұқтыру көзі болып табылады. Ешқандай ауру белгілері байқалмайтындықтан, әсіресе, вирус тасымалдаушылар өте қауіпті. Вирус көп мөлшерде қанда, спермада, қынап кілегейінде, емшек сүтінде болады. Медицинада дәлелденуі бойынша, ЖИТС жыныстық қатынас арқылы, әртүрлі инъекциялар жасаған кезде вирустың бірден қанға түсуі арқылы жұғады. Негізгі жұғу жолы – жыныстық жол. Вирустың қанға бірден түсу арқылы жұғуы қазіргі кезде ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі, ортақ инелі шприцті пайдаланатын нашақорлардың саны көбейіп келеді.

Вирус адамға қан немесе қан құрамынан тұратын препараттар құйғанда да жұғуы мүмкін. Кейбір аурумен науқастанғанда, операция жасағанда, әйел босанғанда донор қанын құюға тура келеді. Егер донор ЖИТС-қа тексерілмеген болса, вирус жұқтыру қаупі өте жоғары. ЖИТС вирусының үшінші жұғу жолы – анасынан нәрестеге жұғуы. Егер де анасы нашақор немесе жезөкше болса, нәрестеге вирус жұғу қаупі бірнеше есе артады. Нәрестеге науқас анасының емшек сүті арқылы жұғу оқиғалары да бар.

Алғашқы белгілеріне келер болсақ, тез шаршағыштық, түнде терлеу, ұзақ уақыт іш өту, лимфобездерінің үлкеюі, жоғарғы өкпе жолдарының кандидозбен ауруы, ауыздың жиі уылуы, Синдром Канони, пневмоцистная пневмония ауруларымен ауыру және себепсіз арықтау. Осындай белгілер пайда болса міндетті түрде дәрігерге көрініп АИТВ инфекциясына тест тапсыру керек.

– Өз амбулаторияңызда қандай алдын алу шараларын жүргізесіздер?

– 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы шықты. Соның аясында Жезқазған аймағында қараша айының 10-ынан бастап айлық жарияланды. Жоспарға сәйкес, «СТА» телеарнасы арқылы осы тақырыпта сұхбат беріліп, әрбір келген науқастарға АИТВ-ның жұғу жолдары түсіндірілуде, қабырға газетін шығарып қойдық. Амбулаторияның қанмен қатынаста болатын медбибілері АИТВ инфекциясын анықтайтын тексерістен өтті. Басқа қалаларға емделуге жіберілген 14 бала толық тексерілді. Жыл басынан бері 328 жүкті әйел тексерілді, 4 кеңкөлемді лекция, 325 әңгіме жүргізілді.

Жалпы халықты, әсіресе, балалар мен жастарды өнегелілікке, имандылыққа, дұрыс жыныстық қатынас жасауға тәрбиелемей ЖИТС-пен күресу өте қиын. Ең қорқыныштысы, бұл дертке шалдыққандардың арамызда жүруі және көбейіп отырғаны. Әзірге бұл ауруды емдеп жазу мүмкін болмай тұр. Сақтанудың бірден-бір жолы – жеке бастың гигиенасын қатаң сақтау, яғни кездейсоқ жыныстық қатынастан есірткіден аулақ болу, жезөкшелермен жақындаспау, әдепті өмір сүру.

Жазып алған М.Шахаева.

Комментарии закрыты.