Кәсіподақ ұйымы – қолдаушы күш

Кәсіподақ өз жұмысында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қарым-қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі, «Кәсіби одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және еліміздегі басқа да нормативті заңдық актілері негізінде жасалған Ұжымдық шартты қолданады. Кәсіподақтың басты қызметі – жұмыс істеуші азаматтардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын және кәсіптік қызығушылықтарын қорғау болып табылады.

20131129-12-01-1

 20131129-12-01-220131129-12-01-320131129-12-01-4

Айқын бағыттар

Жұмысшының қорғаны болатын кәсіподақ ұйымдары бір кездері қолбала ретінде барып кел, шауып кел болғаны да жасырын емес. Ол жайында Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында да айқын атап көрсетті.

– Менің назарымдағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету. Әлеуметтік мәселелерді «кейінге» қалдыруға болмайды, – деген Елбасы сол мақаласында әлеуметтік салаға қатысты 20 тапсырма жүктеді.

– Әлеуметтік-құқықтық жүйеде проблемалар да бар. Мәселен, «Кәсіптік одақтар туралы» Заң 1993 жылы қабылданды. Онда тіпті әлеуметтік әріптестік туралы, ұжымдық шарттарды жасау мен орындау тетіктері туралы түсінік те жоқ. Сондықтан Қазақстандағы кәсіподақ институттары еңбек дауларының алдын алу және шешудің тиімді құралдарының рөлін әр кездері бірдей атқара алмай келе жатқандығына таңғалуға да болмайды. Жағдайды іштей жақсы түсіне отырып, мен мынаны айтқым келеді: жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасының осы бағдарламалық мақаласынан кейін елдегі кәсіподақ ұйымдарының жұмысына қан жүгіре бастады. Олар ұжымдық шарттар мен түрлі іскерлік байланыстарды ширатумен қатар, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайына ықпал ететін жұмыстарға бақылау жасап, олқы түсіп жатқан жақтарын басшылар назарына ұсынатындай деңгейге жетті. Бұл бағытта «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ комитетінің Жезқазған аймақтық ұйымында атқарылып жатқан жұмыстар айқын айғақ бола алады.

«Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ комитеті Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы ел болашағына қуатты серпін беретін маңызды құжат деп есептейді. Сонымен бірге, ауыр еңбек өкілдері ретінде ондағы әлеуметтік маңызы зор мәселелердің көтерілуін жылы қабылдады.

Еңбек еткен адамның әрқашан еңсесі тік, тапқан наны адал екендігі белгілі. Яғни, еңбек адамды мұратқа жеткізеді, тек еңбек еткен адам ғана оның шын мәніндегі жемісін көретіні анық. Сондықтан, «Қазақмыс» корпорациясы кеніштері мен кәсіпорындарындағы еңбек адамдарының шынайы қамқоршысы болып табылатын «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ ұжымы Елбасының бастамасына бірауыздан қолдау білдіріп, оны жүзеге асыруға бел буа кірісті.

Атқарылған істер

Жалпы, «Қазақмыста» жұмыс беруші мен жұмысшы арасында бекітілген ұжымдық келісім-шарт бар. Осының арқасында жұмысшылар уақытылы жалақыларын алып, кезекті еңбек демалыстарына жіберіліп отырады. Бұған қоса әрбір жұмысшының жеке бас жағдайына байланысты жалақыдан бөлек жәрдемақылар тағайындалған. Тұрғын-үй мәселесі бойынша арнаулы бағдарламаны да атап өтуге болады.

Тағы бір жайт, корпорация жұмысшылары өз қалаулары бойынша еліміздегі түрлі емдеу-сауықтыру орындарына барып, денсаулықтарын түзете алады. Жұмысшылардың балаларының жазғы демалыстары да дұрыс жолға қойылған. Корпорация басшылығы мен кәсіподақ комитеті жолдама құнының белгілі бір процентін өз мойындарына алған.

Сонымен қатар, кәсіподақ белсенділері өңдіріс орындарындағы әлеуметтік мәселелерді де жіті назарда ұстап келеді. Осы бағытта арнайы жұмысшы топтары мен комиссиялар құрылған. Олар кәсіпорындардағы қысқы жылу беру маусымы, әлеуметтік-тұрмыстық кешендердің жұмысы, жұмысшыларды тамақтандыру сияқты өзекті мәселелерді ұдайы тексеріп, орын алған олқылықтар бойынша мәселе көтеріп отырады. Жуырда біз «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ ұйымының жетекшілерімен бірге Солтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған кеніштері мен №73/75 шахтыдағы аталмыш мәселелерге қатысты жұмыстың барысымен таныстық.

Жұмысымыз әуелі Солтүстік кеніште басталды. Біз келгенде мұнда кәсіподақ белсенділері кенішті жылумен қамтамасыз ету мәселелерін қарап жатыр екен. Кеніш кәсіподақ ұйымының төрайымы Зәуреш Исмағұлова бізге мән-жайды қысқаша баяндап өтті. Оның айтуынша, кеніште жылу беру маусымы ойдағыдай басталған. Отын қоры жеткілікті. Құбырлар ауыстырылған. Қазір ауа райына қарай жылу қалыпты беріліп отыр.

– Бірақ, бізде шешімін күткен өзге де мәселелер аз емес. Біз оларды сатылап болса да жолға қоюға ықпал етіп келеміз. Біздің басшылыққа жасаған ұсынысымыз бойынша кенішке қарасты кәсіпорындарда асханалар жөнделіп, әлеуметтік-тұрмыстық кешендер жаңғыртылып жатыр. Бірақ, бір мәселе әлі шешілмей тұр. Ол – кеніш орталығындағы асхананың жайы. Бұрын мұнда үш мезгіл ас беріліп, барлық кеншілер осы жерден ауқаттанатын. Қазір оның жұмысы шектелген. Бүгінгі күні асхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жайында корпорация басшыларына сұраныс жасап отырмыз, – дейді кәсіподақ төрайымы.

– Қазір мұнда үш-ақ адам жұмыс істейміз. Біріміз аспаз, екеуі қосалқы жұмыстарды атқарады. Бұрын мұнда ауысыммен істейтін аспаздар болған. Тамақ та үш мезгіл берілген. Оның сыртында «тормозоктар» бар. Қазір солардың бәрі шектелген. Тамақ бір-ақ мезгіл беріледі. Түскі ас қана. 40 адам тамақтанады, – дейді өзін аспазбын деп таныстырған Әлия Түктібай.

Кәсіподақ белсенділерімен әңгіме барысында жұмыскерлер мен қызметкерлерге берілетін талон мәселесі де сөз болды. Ол жайында кеніш кәсіподағының төрайымы Зәуреш Исмағұлова қынжыла тұрып баяндады. Оның айтуынша, кеніште қызметкерлер тамақ ішетін балама орын жоқ. Корпорация басшылары кеңседе ас ішуге қатаң тиым салған. Тіпті, шай ішуге де болмайды екен. Түскі асқа қаладағы үйлеріне баруға мәжбүр. Егер осы асханада не талон арқылы, не ақшасына ас ішуге жағдай жасалса бір жағынан мұнда ақылы қызмет көрсетуге де мүмкіндік болар еді, дейді төрайым.

Келесі болып ат басын тіреген жеріміз Шығыс Жезқазған кеніші болды. Мұнда асхана мәселесі де, жұмысшыларды ауқаттандыру мәселесі де оң шешімін тауыпты. Кеншілерге тиесілі талондар беріледі екен. Тамақ та үш мезгіл.

Кеніштегі кәсіподақ ұйымының мұрындық болуымен мұнда жұмыскерлердің ауысым кезінде киім ауыстыратын және жуынатын орындары жаңғыртылу үстінде. Бұл жерге жаңадан киім ілетін шкафтар қойылған. Сондай-ақ, жұмыс киімдерін кептіретін де арнайы орын жабдықталыпты. Қысқасы, кеншілердің алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалуда. Ал оның басы-қасында кәсіподақ белсенділері жүр. Олар құзырлы орындарға хат жолдап, жұмыскерлердің талап-тілектерінің орындалуын өз бақылауларына алған.

№73/75 шахтыда да жұмыскерлерге жағдай жасау мақсатында жаңа әлеуметтік-тұрмыстық кешен салынуда екен. Оған да кәсіподақ ұйымы ұйытқы болып отыр. Қазір мұнда жаңа кешеннің іргетасы қалануда, желтоқсан айында кешенге арналып жабдықталған контейнерлер орнатылмақ.

Түйін

Ұлт Көшбасшысы әлемнің көптеген елдерінде болып жатқан еңбек дауларының елімізде орын алмауы үшін әр мекемедегі жұмысшы таптың құқын қорғайтын кәсіподақтар ұйымының жұмысын жандандыруды қадап тапсырып отыр. Осыны басшылыққа алған «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ ұйымы еңбек адамының мәртебесін арттыру идеясын жүзеге асыруда осындай тындырымды істер атқаруда.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.