Кет-бұқа – қазаққа ортақ ұлы тұлға

Елбасы Н.Ә.Назарбаев бостандық таңы атқан тұстан бері қарай тарихымызды түгендеп, жоғалған жәдігерлерімізді жандандыруды басты міндет етіп қойды. Осы бағытта тарихи тұлғаларды елге, жастарға көрсету қолға алынды. Елін жаудан азат еткен батырлардың, қазақтың басын бір арнаға біріктірген хандардың, елге билік айтып, сөзі өткен билердің есімі елге оралып, олардың ерлігін ұрпақ мақтан тұтуда. Ықылым заманда Арқаның адыр белінде дүниеге келген Кет-Бұқа бабамыздың да тарихтағы тағылымын ұрпаққа тәлім етсек деген бастамалар көтерілуде.

20131129-08-01-1

Келер жылы әз-бабаның туғанына 830 жыл толмақ. Осы атаулы мерекеде Жезқазған аймағының игі жақсылары Кет-Бұқаның есімін ұрпақтар санасына сіңіруде бірқатар іс-шараларды қолға алып отыр.

Қос қаланың зиялы қауымы өкілдері өткен сенбі күні Жезқазғандағы С.Қожамқұлов театрын бетке алды. Ондағы мақсат – ұлы тұлғаның құрметіне Арқа аймағындағы азаматтар қандай үлес қоспақ деген мәселені талқылау.

Ұлты үшін ұлы еңбектермен ел есінде қалған абыздың торқалы тойына дайындықтың барысын пысықтау үшін жиналған көпшілік «Қазақтың Кет-Бұқасы» республикалық маңыздағы қоғамдық қор құруды қолдап, оның Жарғысын бекітті. Қордың басқарма төрағасы мен мүшелерін сайлады.

Қорды құрудағы мақсат – қазақ билерінің көшбасшысы Кет-Бұқаның асқақ бейнесін тұғырға қондырып, ескерткіш орнату. Оның өз дәуірінде қоғамға қосқан еңбегін зерттеп-зерделеу.

Құрылтай жиынды Жезқазған аймағы бойынша еңбек қатынастарын реттеу бюросы бөлімінің басшысы Төлеген Бүкіров ашып, жүргізіп отырды. Тарихи тұлғаның кім болғандығы жөнінде жұртшылыққа кеңінен таныстыру үшін сөз кезегін алған өлкетанушы Кенжал Балкенов «Ұлт тұлғасы – Ұлы жырау Кет-Бұқа аталық жырау» тақырыбында баяндама жасады.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бір де бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын да сезінеміз. Сондықтан да халқының, елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар, қай дәуірде өмір сүрсе де дүйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек» деген болатын.

Ал Сирия мемлекетіне барған арнайы іс-сапарында Елбасы қазақ еліне қатысты тарихи тұлғалардың осы ел үшін жасаған еңбектерін бағалай отырып: «Кет-Бұқа бабамыз – түбі бір түркіге ортақ ұлт тұлғасы» деп толғана айтқан болатын.

Осындай ұлт тұлғаларының алтын әріпті тұғырындағы қазақ тарихында беткеұстар ұлы жырау Кет-Бұқа Аталық биді мақтанышпен айта аламыз.

Көне қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны Доспанбет жырау:

Садақ толған сайгез оқ.

Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп,

Созып тартар күн қайда?!

Кетбұғыдай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!» деп көкірегі қарс айрыла жырласа, 19 ғасырдың аламан батыр-ақыны Махамбет ұстазы Доспамбет жыраудың сөзін жалғастырып,

Кетбұқадай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?!

Бізді тапқан ананың

Асыраған атаның

Қолын алар күн қайда?! – деп жырлайды.

Асан қайғы Қазтуған, Доспанбет жырау, Махамбеттей ақындар ұлы тұғырға көтеріп жырлаған Кет-Бұқа би туралы біз не білеміз?

Кет-Бұқа бабамыз Жошы ханның қырық батырының бірі ретінде қазақ-қырғыз тарихында айтылады. Қырғыздармен шайқаста ерлік көрсеткен Шыңғыс ханның мың басы Бағары Нұқы батыр туралы деректер моңғолдың құпия шежіресінде келтірілген. Міне, осы Бағары Нұқы батыр Кет-Бұқа жырау деген дерекке сабырлықпен қарап, зерттеуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, Алаштың мемлекет қайраткері Кет-Бұқа бабамыз кезінде Палестина жерінде Құлағу Елханымен бірге өз саясатын жүргізген Елатасы.

Осындай ұлт тарихында терең із қалдырған көреген саясаткер, шебер дипломат, мемлекет қайраткері, сәуегей әулие Кет-Бұқа жырау біздің ой-санамыздан өз орнын толық алды деп айта аламыз ба?

Мағыналы өмірін Сарыарқадай даласында жауын тізгіндеумен өткерген Кет-Бұқа жыраудың есімі Лев Николаевич Гумилевтің зерттеулері арқасында ғылыми айналысқа түсті. Оның «Этнос және Жер биосферасы» атты кітабының бір тарауы Кет-Бұқа бабамызға арналған.

«Алты арыс ел Ұлытауға жиналып, Кет-Бұқаны Ұлығ би сайлады» — деп Тұрсын Жұртбаев өзінің тарихи әфсанасында жазады.

Өтпелі дәуірлер керуенінде көмескіленіп, ғасырлар тоғысы мен заманалар ауысында ұмыт болуға айналып бара жатқан тарихты іздемеу, Кет-Бұқадай ұлы тұлғаларымызды зерделемеу, бар деректердің жоғалуына апарып соғатыны аян.

Сондай құндылықтардың бірі «Таңбалы тас» – Кет-Бұқадай бабаларымыздан қалған ұлы мұра. Барлық қазақтардың басын бір халыққа біріктірген Майқы би, Кет-Бұқа жырау, Дай шешен, Қотанби қазақ шежіренамасының негізін қалаушылар деп барлық шежірелерде көрсетіледі. Кезінде «Ердің ері егеудің сынығы» — деп Кет-Бұқадай батырды Ұлытауға аттандырады. Елдің егі жақсылары оның ішіндегі Майқы би: «Қаратаудан әрі қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберді деген жерге барып, ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен әділ биліктің күшімен, ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар», – деп батасын берген екен. Ұлы бидің батасы қабыл болып, еңселі орда құрылып, тасқа таңбаларын қашатып, ант беріскен жер – Ұлытау.

Сол Ұлытаудағы Таңбалынұра жерінде үш жүздің таңбаларын тасқа қашатқан Майқы би мен Кет-Бұқа бабаларымыз.

Шыңғыс заманының тірі куәсіндей болып жеткен «Ақсақ құлан» қазақтың күй тарихындағы ескі күйлердің бірі болып саналады.

Осы уақытқа дейін Кет-Бұқа Шыңғыс ханның баласының өлімін домбырамен, кейбір кезде қобызбен күй тартып естірткен деп айтылады. Қазақ даласында сақталған аңызда Кет-Бұқаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен тығыз байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» десек, Кет-Бұқаның, Кет-Бұқа десек, «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатындығы белгілі.

«Ақсақ құлан» күйі Қазақстанның Алтай мен Маңғыстау түбегіне дейінгі байтақ далада дерлік тартылып күні бүгінге дейін жеткен. Монғолияның Баян-Өлгей қазақтарында, еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Сыр бойы, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде «Ақсақ құлан» күйінің бірнеше нұсқалары бар. Тарбағатайлық домбырашы Бағаналы Салтөлековтың, Сыр бойының күйшісі Нәби Жәлімбетовтың, Маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың орындауындағы «Ақсақ құлан» күйіндегі ортақ сарын «Балаң өлді, Жошы хан» – деп келетін естірту ретінде домбыраның сөйлейтін тұсы.

Өнер саласының зерттеушілері Кет-Бұқа жыраудың халық арасындағы кең тараған күйлеріне «Нар идірген», «Күйдім-жандым», «Ақсақал», «Жошы хан», «Ақсақ құлан», «Жылан қайыс», «Ел бірлігі» күйлерін жатқызады.

Кет-Бұқа бабамыздың қобызда тартылатын «Ел бірлігі» атты күйін қырғыз ағайындарымыз ұлттың алтын қорына кіргізгенін естіп, біз қуанып қалдық. Бабамыздың тағы бір мұрасы табылғанына. Бабамыздың аты бізге жауынгершілік жолдармен қатар, құдіретті күй әуендерімен жетіп отыр. Осындай Кет-Бұқа бабамыздың күйлері, артында қалған мол мұралары қырғыз, қарақалпақ, өзбек, татар, ноғай әдебиет қорларында бар екеніне сенімдіміз. Осындай мұраларды іздестіру іс-шаралары Елбасының бастамасымен қабылданған «Халық тарих толқынында» бағдарламасына енгізсе дейміз, – деді баяндамашы.

Ұлы тұлғаны ұрпаққа танытудағы тың бастаманы көтерген Қазақстан Республикасының Құрметті геологі, Шет ауданының Құрметті азаматы Сұлтан Сүтбаев, техника ғылымдарының кандидаты Мүсілім Тоқтамысов Кет-Бұқаның өз дәуіріндегі ерлік істерін тарихи дерек бойынша сөз етіп, оны ұлықтаудың сәті туғанын жеткізді.

Жарыссөзге шыққан филология ғылымдарының кандидаттары Ғазиз Ештанаев, Кенжебай Ахметов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Төкен Әлжантегі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейтов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген актері, С.Қожамқұлов атындағы театрдың директоры Досжан Жанботаев және т.б азаматтар ескерткіш орнату бастамасын қолдайтындықтарын жеткізді.

Бұл бастамаға еліміздің түкпір-түкпірінен қолдаухаттар да келіп түсіп жатыр. Республика көлемінде жүзеге асқалы тұрған ауқымды шараның Жезқазған аймағынан бастау алғанына ризашылықтарын айта келе, өзге өңірдегі ақсақалдар мен атпал азаматтар ниеттестіктерін білдіріпті.

Жиынның негізгі бөлімінде қор құру, оның Жарғысын бекіту мәселесі шешімін тауып, қоғамдық қордың басқарма төрағасы болып Төлеген Бүкіров сайланды.

Ұлтын ұлы мұратқа жетелеп, қазақтың азат болуын аңсаған Кет-Бұқа бабаның атындағы қор өз жұмысын бастады. Қордың атқарар міндеті ауқымды. Тек ескерткіш қана орнатып қоймай, нар тұлға жайында сыр шертетін еңбектер жариялау, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастыру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.

Тарихта өзіндік орны бар Кет-Бұқаның ерлігін дәріптеуде атқарылар істе ұлт болып ұйысып, қоғам болып қолдау көрсетсек, баба алдындағы ұлы құрметімізді білдірген болар едік. Бастау алған шараның нәтижелі болуына барлығымыз үлес қосайық, ағайын!

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.