Аймақ басшысы ұлытау ауданын аралады

Өткен аптаның соңында Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Ұлытау ауданында екі күндік жұмыс сапарымен болып қайтты. Онда облыс басшысы аймағымыздағы екі үлкен құрылыс – «Арқалық-Шұбаркөл» және «Жезқазған-Бейнеу» теміржол құрылыстарының жай-жапсарымен танысып, осы болат жолдардың бойындағы елді мекендердің тыныс тіршілігін өз көзімен көрді. Жұртшылықпен жүздесіп, оларды толғандырған мәселелерді тыңдады.

Аймақ басшысы өзінің сапарын «Арқалық-Шұбаркөл» темір жол құрылысынан бастады. Ол әуелі осы жолдың бойындағы Майбұлақ станциясы тұсында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайымен танысты. Мұнда, аталмыш құрылыстың басқарма басшысы Жомарт Тоқтаров Бауыржан Түйтеұлына бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмыстардың барысы жайлы әңгімелеп берді.

Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс аумағында 3,8 млрд. текше метр көлемінде жер жұмыстары атқарылған. 6 көпір салынып, 164 шақырым рельс-шпалдары төселген. 105 су өткізетін құбыр орнатылып, екі подстанцияның құрылысы аяқталуға жақын. Жол бойына 2200 электр жабдықтау бағаналары қойылған. Осы жұмыстарға 168 техника бірлігі мен 800-ден аса жұмысшы жұмылдырылыпты. Оның 290-ы жергілікті тұрғындар.

Сапар барысында Бауыржан Әбдішев теміржол құрылысы жүріп жатқан жердің жанындағы Терісаққан ауылына ат басын бұрып, ондағы мектеп пен мәдениет үйін аралап көрді. Бұдан соң аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларды алаңдатып жүрген өзекті мәселелерді бірге талқылады.

Кездесу барысында облыс әкімі аудан басшысы мен облыстық басқарма басшыларына Терісаққан ауылы мен Ұлытау арасындағы жолды жөндеуге, сондай-ақ ауыл ішіндегі жолдар мен ауыз су скважинасын жөндеуге қажетті қаражатты бөлуді, ауылға байланыс жүйесін тарту мәселесін тездетіп шешуді тапсырды.

Сол күні облыс әкімі Бауыржан Әбдішев «Жезқазған-Бейнеу» бағытындағы темір жол құрылысы жүріп жатқан аймақта да болып, Байқоңыр, Қоскөл ауылдары мен Қарсақбай, Жезді кенттерінің тынысымен танысып, жұртшылықпен жүздесті.

Бауыржан Әбдішев ауыл әкіміне елді мекенді көркейту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Өзімен бірге жүрген облыстық басқарма басшыларына Қарсақпай-Байқоңыр жолын жөндеуге тиісті қаражат бөлуді, ауылда фельдшерлік пункт пен полиция бөлімшесін ашуды, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырды.

Қоскөл ауылы тұрғындарымен болған кездесуде №11 орта мектепті, мәдениет үйін, Жезқазған-Қоскөл жолын жөндеу, ет және тері өнімдерінің экспортын дамыту бағытында тұрғындардан шикізат қабылдау бекетін салу мәселелері көтерілді.

Сапар барысында облыс басшысы «Жезқазған-Сексеуіл» теміржолының, Қоскөл станциясының құрылысымен танысып, Қарсақбай мен Жезді кенттерінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Түстен кейін Бауыржан Әбдішев Ұлытау ауданының орталығында облыстық құрылым басшыларының қатысуымен актив жиынын өткізді. Онда Ұлытау ауданының ағымдағы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы тыңдалды. Жиын барысында есепті кезеңде ауданда оң нәтижелерге қол жеткізілгендігі аталып өтілді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары 24 қарашада жалғасты. Бұл күні Бауыржан Әбдішев Амангелді ауылында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Онда өзекті мәселелер ортаға салынды. Ауыл азаматтары ауылды аудан орталығымен байланыстыратын жолды асфальттау мәселесін көтерді. Осы және өзге де талқыланған сұрақтар бойынша Бауыржан Әбдішев аудан әкіміне нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қаракеңгір ауылына барумен қорытындыланды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.