Өркендеу, даму — стратегия көздеген басты меже

20131129-04-01Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған ұзақ мерзімді Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, «Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы, отставкадағы полковник Уәлитхан Қабышев Жезқазған, Сәтбаев қалаларына келіп, еңбек ұжымдарымен жүздесті.

Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіруге арнайы келген топ мүшесінің алғашқы кездесуі сейсенбі күні «КМ Logistic» ЖШС-не қарасты Жолаушылар тасымалдау автокөлік кәсіпорнында өтті.

Жеті басым бағыттан тұратын Жолдау төңірегінде сөз болған жиынды қала әкімінің міндетін атқарушы Марал Мәдиева жүргізіп отырды.

Марал Сағынайқызы өз кезегінде Елбасы тапсырмасының аясында моноқалаларды дамыту бағытында жүзеге асырылып отырған индустриалдық-инновациялық жобалар жайында және «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді баспана», «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламаларының орындалуын сөз етті.

Одан кейін негізгі баяндамашы сөз алып, ел дамуының кепіліне айналған стратегиялық құжаттың саяси, экономикалық, әлеуметтік салмағын саралай келе, Жолдауда Президент көтерген түйіткілді мәселе – діни ахуалға ерекше тоқталды.

– Еліміз егемендік алып, өзгелермен терезесі тең айбарлы елге айналды. Елбасының ұзақ мерзімге арналған Жолдауында ел дамуына қатысты барлық жобаларды жүзеге асырудың тетіктері мен экономикалық өрістеудің жолдары көрсетілген. Өркендеу, даму – стратегия көздеген басты меже. Біз Ұлт Көшбасшысы көздеген осы межеге жетіп, қуатымызды арттыра түсу үшін бірлікте, тұтастықта ғұмыр кешуіміз керек. Алайда, ел тұтастығына сызат түсіріп, қуатын әлсіретуші топтар да баршылық. Әсіресе, Ислам дінінің атын жамылып, жастарды тура жолдан айнытушы діни ағымдар мен экстремистік топтардың ақпараттары діннен хабары жоқтарды бірден еліктіруде. Өз тәжірибемнен білемін, мұндай топтармен күрес жүргізу, жат ағымның жетегінде кетіп, соқыр сенімнің құлы болған азаматтардың бетін бері қайтару өте қиын.

Елбасы осы Жолдауында барша қазақ жастарын ата-дәстүрімізбен ұштасқан діннен алшақтамауға шақырады. Қазақта «жаның – арыңның садақасы, малың – жаныңның садақасы» деген аталы сөз бар. Әр қазақ баласы өз ұлтының ар-абыройын, салт-дәстүрін бәрінен биік қойып, рухани жүдеулікке бойұсынбауы қажет.

– Ар мен абырой, ұлттық патриотизм, өр рух пен намысты биік ұстаса біздің жастар тура жолдан адаса қоймайды деп сенеміз, – деп сөзін түйіндеген қауіпсіздік комитетінің ардагері Уәлитхан Шекеұлы кездесу барысында туындаған сұрақтарға жауап беріп отырды.

Кездесуді қорытындылаған Марал Сағынайқызы шақыртуды қабыл алып, Жолдау төңірегінде, ондағы көтерілген мәселелерге өз ой-пікірін жеткізген құрметті мейман Уәлитхан Қабышевқа және кәсіпорын ұжымына алғысын білдірді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.