Ашықтық, міндеттілік және жауапкершілік

20131129-06-01Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясын жариялап, елімізді барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізу туралы жаңа міндет қойды. Сондықтан, «Ұлы мақсаттарымызға қол жеткізудегі «Нұр Отан» партиясының алар орны мен саяси маңызын айқындау» мақсатында Елордада партияның кезектен тыс XV Съезі өткен болатын.

Елбасы партия құрылтайында сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – алдымыздағы үлкен, ұлы мақсат. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс. Съезде қабылданған «Нұр Отанның» жаңа саяси Доктринасы да осыны көздейді» деп атап өткен болатын.

Съезд жұмысы аяқталысымен, қаламызда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, Съезд шешімдері мен «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» Саяси Доктринасы жан-жақты талқыланған болатын. Сонымен қатар, осы отырыста Елбасы белгілеген басымдықтар бойынша қалалық партия ұйымының міндеттері де айқындалды. Дәл осындай жиналыстар қаламыздағы барлық 13 бастауыш партия ұйымдарында да өткізілді. Бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарына қалалық Саяси кеңес мүшелері, бастауыш ұйым және «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері қатысып, партияның жаңа замандағы жаңа міндеттерін айқындауға атсалысты. Әсіресе, аса ұйымдастырушылықпен өткізілген «Оқушылар сарайы» (төрағасы Сансызбаева Г.С.), «Нұр ұя» (Владимирова О.Н.), «Диагностика» (Рыспаева М.С.), «Емхана» (Мұхамедгалиева Ш.С.), «Шипагер Сәт» (Қожахметов М.О.) бастауыш партия ұйымдарының жиналыстарын атап өтуге болады.

Съезд шешімдерін жүзеге асыру мақсатында бүгінгі күнде партия тарапынан бірнеше ұйымдастырушылық және идеологиялық шаралар қолға алынуда.

Партияның жаңа басшылығының нұсқауымен «Нұр Отанның» қызметі ашықтық, міндеттілік, жауапкершілік және тиімділік принципі бойынша құрылып отыр. Бүгінде партияның 900 000 тарта мүшесі бар.

Партия жұмысының сервистік принципін қамтасыз ететін «Электрондық партия» жобасы енгізілуде. «Электрондық партия» – партия туралы объективті әрі жедел ақпарат ұсыну бойынша инновациялық құрал, партия өміріне атсалысудың тіке жолы болып табылады.

Халықпен байланыс үшін тегін тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай 59-78-50 нөмірі енгізілген. Осы арқылы үйден шықпай-ақ өтініш беріп, кеңес қызметін алуға болады. «Электрондық партия» аясында партияның барлық өңірлердегі қоғамдық қабылдауларына жасаған азаматтардың өтініштері Астанадағы Бірыңғай үйлестіру орталығына келіп түседі. Аталмыш ақпараттық жүйе бақылаудың ашықтығын қамтамасыз етіп, субъективтік факторды түбірімен жоюға мүмкіндік бермек. Сондықтан, сәтбаевтықтарды да өз өтініштерін, арыз-шағымдарын www.nurotan.kz сайты арқылы білдіруге шақырамыз.

«Жас Отан» Жастар қанаты жастардың идеясы мен жобаларын іске асыруда тиімді алаңға айналуды көздейді. Барлық облыстарда «Жас Отан» ЖҚ филиалдары жұмыс істеуде және Алматы, Астана секілді қалаларда өз қатарларына 200 000 астам адамды тарта алған. Бұл жалпы жастардың 5% көрсетеді. Жастар қанаты құрамында республика бойынша 14 облыстық, 38 қалалық, 175 аудандық атқарушы хатшылар сайланып, жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта жасотандықтар бірқатар, оның ішінде «Сәтті қадам» және «Жастар ауылға» атты ірі жобаларды іске асырып жатыр. Осы жобалар аясында жоғары оқу орындарын бітіруші жастардың мемлекеттік қызметте, ұлттық холдингтерде тәжірибеден өтіп, қызметтік мансабын бастауына қолдау көрсетіледі, сондай-ақ, ауыл жастарының өздеріне қарастырылған мемлекеттік көмекке қол жеткізуі қамтамасыз етіледі. Сәтбаевтық жастар да «Сәтті қадам» жобасы аясында облыстық басқармалар мен ұлттық компанияларда тағылымдамадан өткілері келсе, karagandy@zhasotan.kz электрондық поштасына анкеталарын жібере алады. Анкетаны қалалық партия филиалынан алуға болады.

Н.Наурызбаев, «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары.

Комментарии закрыты.