Кәсіппен айналысу — заман талабы

«…Еңбек етуші халықтың 60%-ы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады…» Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.

20131129-06-02

Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті кең ауқымды қолдауды іске асыру, шағын және орта бизнесті кеңейту мәселелері баса айтылып келеді. Қаламыздың да кәсіпкерлері жұртшылыққа көрсететін қызмет аясын ұлғайтумен белсенді түрде шұғылдануда. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бүгін тақырыпқа арқау ететін жан, кәсібімен көптің көңілінен шығып жүрген «Әлия» жиһаз үйінің иесі, жеке кәсіпкер Аяпбергенова Әлия Даниярқызы.

Қазіргі таңда халықпен қоян-қолтық араласу, белгілі бір кәсіппен айналысу – заман талабы. Елбасы Н.Назарбаев: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» дейді. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын мығым әйелдердің қатарындағы Ә.Аяпбергенова дөңгелетіп отырған кәсібінен өз нәсібін тауып отыр. Ол еңбек жолын 1990 жылы Қызылорда педагогикалық институтын тәмамдағаннан соң мамандығы бойынша Сәтбаев қаласының №3 орта мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып бастаған. Кейін әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінде бас маман қызметін атқарды. Спорт- сауықтыру кешенінде менеджер және кәсіподақ төрағасы қызметтерін бірге алып жүрді.

Ә.Аяпбергенова кәсібін әпкесінің қолдауымен осыдан бес жыл бұрын бастаған. Ең әуелі халықтың қызығушылығын танытқан Павлодар тахталарын сұраныс бойынша бір-бірлеп автобуспен тасымалдаған. Кәсібінің ауқымы кеңейген соң сауда орындарын жалға алып, барлығын заңдастыруға тура келді.

Халықтың қояр талаптарына сай жұмыс істеуге тырысатын «Әлия» жиһаз үйі бүгінде көптеген шетелдік фирмалармен тығыз байланыста. Олардың қатарында ресейлік «Шатура», «Любимый дом», «Меридиан», «Дятьково», «Уфамебель», Белорус елінің «Слониммебель», және Германия, италиялық «Мамық жиһаз» сынды алпауыт фирмалар бар.

Сондай-ақ, Әлия Даниярқызы «Қазақстан іскер әйелдер одағы» Қауымдастығының мүшесі. Мемлекет тарапынан қолдаудан да кенде емес. Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының басшысы Сәрсембаева Раушан Біргебайқызының жетекшілігімен 2011 жылы Астанада өткен VII Дүниежүзілік Ислам Экономикалық Форумына, Президент кеңесшісі – Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова бастап барған биылғы Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен Дүниежүзілік іскер әйелдер Саммитіне қатысып қайтқан. Іс-сапар барысында білікті мамандармен танысып, тәжірибе алмасты.

Кәсіпкер тапқан табысына, тілеген тілектерінің қабыл болғанына шүкіршілік етіп, шариғат бойынша атқарылуы тиіс амалдарға, жағдайы төмен отбасыларына, қала көлемінде өткізіліп жатқан түрлі қайырымдылық іс-шараларына қатысудан бас тартпайды. Атап айтсақ, Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде интеллектуалды байқау ұйымдастыруға демеушілік көрсеткен. Дүниеден озып кеткен Симонов Евгений есімді баланың отасына көмек қолын созған. Отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер қауымына арналған «Шаңырақ» орталығын, балалар үйін қажетті жиһаздармен қамтамасыз еткен. Рамазан айында Алланың әмірін орындау мақсатында ораза тұтқан мешіт жамағатына ауызашар берген.

Гендерлік саясатқа баса назар аударып, бесік пен әлемді тербеткен алтын құрсақ аналардың қоғамда бел шешіп еңбектенуі бүгінде таңсық емес. Нәзік жанды кәсіпкерлердің қатарын толтырған Ә.Аяпбергеноваға біз де өз тарапымыздан еңбегінің жемісін көрсін деп тіледік.

М.ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.