«Сәтті қадам» — білімді жастарға қолдау

20131129-10-01Ағымдағы жылдың шілде айында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты жас қазақстандықтар үшін еліміздің ірі өндірістік мекемелерінде, ұлттық компаниялар мен министрліктерде тағылымдамадан өту үшін «Сәтті қадам» жобасын қолға алған болатын.

Осы жобаның мақсаты мен оның республика, облыс, қала көлемінде жүзеге асу барысы жайында «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Ақмарал Мұсаева әңгімелеп берген болатын.

– Жобаның негізгі мақсаты – жоғарғы оқу орнын бітіруші жастарға өз қызметтік сатысын Қазақстанның белгілі ұйымдарынан тағылымдамадан өту арқылы еңбекке араласуға, алған білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көруіне мүмкіндік беру. Жобаға қатысушыларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады.  Бірінші кезеңде үміткерлер өз түйіндемелерін толтырып, оқудағы жетістіктері мен өзге табыстарын көрсетіп, жобаның электронды мекен-жайына жібереді.

Қатысушыларға мынадай талаптар қойылады: үлгерімінің орташа баллы, сабақ үлгерімі, университет тарапынан жақсы мінездеме алуы, қоғамдық шараларға белсенді араласуы жобаға қатысушыларға мол мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қатысушылардың әртүрлі олимпиадалардан да жүлдегер болғаны тиімді. Қатысқан пәні бойынша олимпиадада жақсы нәтиже көрсеткендігін дәлелдейтін сертификат, дипломдар болса құптарлық.

Ең үздік деп таңдалған түйіндемелердің иелері тікелей сұхбатқа қатысады. Сұхбатты 3 адамнан тұратын комиссия жүргізеді. Дәл осы кезде тағылымдамадан өтушінің білімі емес, үйренуге деген ынтасы мен әріптестікке деген талпынысы сарапқа салынады. Егер осы кезеңнен сәтті өтсеңіз, «Сәтті қадам» жобасының қатысушысы бола аласыз.

Биылғы жобаға еліміз бойынша 394 түлек ниет білдірген. Олардың 149 сұхбатқа жіберіліп, сұхбаттан кейін 79 жас маман 1 қыркүйек пен 30 қараша аралығында мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда тағылымдамадан өтуге жолдама алған.

Қараша айынан бастап «Сәтті қадам» жобасы Қарағанды облысының аумағында да жүзеге асырылуда.  Біздің қалада да жоба өз бастауын алды. Талапты, білімді, өз ісін терең меңгере түсуді мұрат тұтып, ұлттық компанияларда, облыстық басқармаларда тағылымдамадан өткісі келетін  жастар болса   партияның жергілікті филиалында орналасқан «Жас Отан»  Жастар қанатына хабарласуға болады.  Біз өз тарапымыздан үміткерлерге түйіндемелер толтыруға және облыстық «Жас Отан» Жастар қанатына жіберуге жәрдем көрсетеміз.

Бір айта кетерлігі, тағылымдамадан өтетін жастардың өз қызмет орындарында  тұрақты қалуға әбден мүмкіндіктері бар.   Машықтанудан өтуге іріктеу жылына 2 рет – күзде және көктемде өткізіледі. Өту мерзімі –  3 ай.  Бұл жобаға еліміз бойынша 6 министрлік пен 8 ұлттық компания қатысуға ниет білдірген.

Жазып алған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.