«Бас жүлдені жеңіп алу оңай болмады», — дейді жас әнші Гүлманат Қашқынбаева

20131129-10-02Қараша айында  Алматы қаласында өткен «Күншуақ» республикалық байқауында вокал жанры бойынша өнер көрсеткен мәдени-сауық орталығының ұстазы Гүлманат Қашқынбаева байқаудың бас жүлдесін қанжығаға байлап қайтты. Ол  – Жезқазған  музыкалық колледжінің түлегі.

Жеңімпазбен  жолығып, әңгімеге тартқан болатынбыз.

–  Бұл менің республикалық ән байқауына қатысқан алғашқы қадамым. Еліміздің түкпір-түкпірінен жас әншілердің басын қосқан байқаудан бас жүлдені алу оңай болмады. Вокал жанры бойынша 18-25 жас аралығында сынға түскен 22 жас әншіге қойылған талап та жоғары болды. Біздің өнерімізге баға берген қазылар алқасының құрамы әншінің әнді орындау шеберлігіне, іс-қимылына басты назар аударды. Мен байқауда шет тілінде екі ән орындадым. Бірі ағылшын тілінде болса, екіншісі – француз тілінде.  Осы байқауға дайындап, шығармашылық дарынымды ұштаған Оқушылар сарайының ұстазы Эльмара Жұбаниязоваға алғысым шексіз. Өзім ұстаздық еткеніме көп уақыт өте қоймаса да, ниетті жастардың ән орындау қабілетін шыңдай түсуге үлесімді қосып жүрмін.

Мұндай байқудан бас жүлде алу, ең бірінші, дайындықты қажет етеді. Осы бағындырған биігімнен жоғарылай түсу үшін көп дайындық үстіндемін, – дейді жас әнші.

Қаланың атын осы байқауда бірнеше дарынды жастар паш етті. Гүлманат байқаудың бас жүлдесі – Түркия мемлекетінде өтетін Халықаралық ән додасына жолдама алды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.