Жас фотошебер

20131129-10-03Қазан айының ортасында Қарағанды облыстық білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Спортты Қарағанды және Қарағанды облысы суретте» атты фотосуреттер байқауына қаламыздың №1 мектеп-гимназиясының оқушылары Жүсіпжан Бекарыс пен Оралбай Айнұр қатысып қайтты.

Байқауға әрбір қатысушы үш жұмыстан жіберген. Барлық жұмыстар сарапталып, еңбектердің ішінен Оралбай Айнұрдың «Аэробика» атты фото жұмысы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жазғы демалыс кезінде орындалған бұл туындыда денсаулықты сақтауға бағытталған таңсәрідегі жаттығулардың динамикасы көрсетілген.

Өткізілген байқаудың талаптарына сай облысымыздың барлық мектептерінен 7-11 сынып оқушылары қатысты. Байқаудың мақсаты – оқушыларды фотоөнерге баулу, дарындарын ашу, жас фотосуретшілерді қолдау және кәсіби шеберліктерін арттыру, еліміздің болашақ жетекші фотосуретшілерін жас кездерінен бастап тәрбиелеу.

Осындай байқаудың арқасында оқушылардың талпыныстары мен мүмкіндіктерін ашуға болады. Сурет өнері кескіндеме өнері сияқты көне өнер емес, әрдайым жетілдіріп, өзгертіп тұруды қажет ететін өнер. Бүгінгі жас фотошеберлерден ертең кәсіби фотосуретшілер шығады деген үміттеміз.

Н.Есмаганбетов, бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.