Жастар және ғаламтор

20131129-10-04Байқап қарасақ, бүгінде ғаламтор жастар өмірінің айнымас бір бөлігіне айналғандай. Өйткені, жолда, жұмыста, тіпті ас ішіп отырса да ұялы телефонға немесе агентке телмірген жастарды көретін болдық. Басым көпшілігін сыртқы орта, айналасы, ата-анасы, достары, оқу мәселесі қызықтырмайтыны соншалық, ғаламторға сүйеніп, кітап оқуды, ізденуді қойды десек те болады. Өйткені, ғаламторға кіріп, керекті мағлұматтың атын жазсаңыз болғаны, түрлі рефераттар, зерттеулерді тауып, дайын нәрсені шығарып, мұғалімге өткізе салады. Бұрындары бесік жырын, әжесінің ертегісін тыңдайтын бала қазір компьютердің ойындарын, ғаламтордың мағлұматтарын тыңдайды.

Сонымен қатар, сүйегі енді қатып келе жатқан баланың компьютер алдында ұзақ отырғаннан көзі талып, жотасы сыздап, тәй-тәйлап қадам басқаннан-ақ көзілдіріктің көмегіне жүгініп жатқаны. Компьютерден бөлінетін ультра-күлгін сәуле көзге кері әсерін тигізіп қана қоймай, баланың ұдайы отырғанынан түрлі ауруларға шалдықтырады. Онымен қоса, компьютерге енгізілген ойындар атыс-шабыс, қан төгу және жауыздыққа бағытталған болып келеді. Осы ойындарды бала ойнағаннан, оның психологиясына жаман әсер беретінін өздеріңіз де білесіздер.

Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында ақша табудың оңтайлы жолы табылған. Яғни, компьютерлік ойынханалар ашып, оларды жақсылап жарнамалап, еңбектеген баладан еңкейген қариямызға дейін өздеріне тартып қана қоймай, жаман қылықтарға, тәуелділікке, түрлі қылмыстарға бағыттап отырғаны айқын. Осы ойындардың орнына өзіміздің ұлттық ойындарымызды насихаттап, балаларды қызықтыра отырып баулыса, неге ойнамасқа.

Интернет күнделікті өмірді тек жеңілдететін, көңіл көтеретін, уақыт өткізетін қызыққа толы, зияны жоқ құрал ғана емес, өміріміздің кез келген саласына тікелей қатысы бар, жеке басымыздың еркіндігі мен қауіпсіздігіне де ықпал ететін күшке айналып келеді.

Бұл технологияның арқасында адамдардың қиялы мен мүмкіндіктеріне тосқауыл қоятын ресми шекара, географиялық қашықтық, тіл білмеу, ақпарат жетіспеушілігі секілді шектеулер маңызын жоғалта бастады. Оның адам өміріне дендеп кіруі тарихта бұрын-соңды болмаған әлеуметтік, мәдени және саяси трансформацияға әкелмек. Жаңа технология негізіндегі өзгерістердің бұрын да болғаны рас, бірақ бұл жолғы өзгерістер адамзат атаулыны толық қамтып, шын мәнінде ғаламдық құбылыс болмақшы.

Комментарии закрыты.