Күз аруы — 2013

Өткен жұмада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында жыл сайынғы дәстүр бойынша «Күз аруы – 2013» қалалық байқауы өткізілді. Сәтбаев қаласының 40 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл іс-шараға жалпы білім беретін орта мектептердің жоғарғы сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты.

20131129-20-01-120131129-20-01-2

Байқау шартына сәйкес, қатысушылар бес кезең, атап айтқанда, «таныстыру», «күз сыйлықтары» күздік тағам үлгілерінен көрме жасау, «Менің сүйікті қалам – Сәтбаев» сұрақтарға жауап беру, өз өнерін көрсету және киім үлгілерін көрсету бойынша сынға түсті.

Қыздардың өнерін бағалап, қазылық жасағандардың құрамында қалалық мәслихаттың аппарат жетекшісі Қ.Махамбетова, білім беру бөлімінің спорт секторының меңгерушісі З.Дауымбаев, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының өкілі Б.Қазиев, жеке кәсіпкер О.Ахмедов, «Универсам» дүкенінің өкілі Е.Абуов болды. Сонымен қатар, кешке құрметті қонақтар ретінде «Теле 2» байланыс жүйесінің өкілдері қатысты.

20131129-20-01-320131129-20-01-4Бірінші кезеңде арулар жиналған қауымға өлең жолдарымен, бейне көріністерімен өздерін таныстырса, «күз сыйлықтары» бөлімінде сайыскерлер қазылар алқасын аспаздық өнерімен, көкөніс пен жеміс-жидектерден жасаған туындыларымен тамсандырып, жоғары бағаға ие болды.

«Менің сүйікті қалам – Сәтбаев» атты танымдық кезеңде қыздар қала тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды. Әр арудың бойындағы ерекше қабілетті паш ететін өнер бөлімінде түрлі халықтардың билері мен әндері орындалып, көрермендер назарына театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Ең соңғы «сән үлгісі» кезеңінде арулар күнделікті тұрмыстық заттарды пайдалана отырып өз қиялдарынан жасаған ғажайып көйлектерін және сахнада өзін-өзі ұстай білу мәдениетін көрсетіп, барша қауымды ерекше әсерге бөледі. Көпшіліктің көңілінен шыққан бұл киім үлгілері қатысушылардың барлығы да он саусағынан бал тамған шебер екендіктерін көрсетті.

Қазақтың тілін, салт-дәстүрлерін дәріптеуге бағытталған «Күз аруы» байқауы өз мәресіне жетіп, қорытындысы шығарылды. Қазылар алқасының шешімімен, №3 орта мектептің оқушысы Аяжан Шахмұратова – «Сымбатты ару», технологиялық колледждің студенті Мақпал Тілеген – «Инабатты ару», Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушысы Айғаным Дүйсембек – «Ең нәзік ару», С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Еркеназ Мусаева – «Ажарлы ару», индустриалдық колледждің студенті Гүлжанат Байсалбаева – «Зерделі ару», №27 орта мектептің оқушысы Аяжан Құлымбетова – «Өнерлі ару», №14 орта мектептің оқушысы Наталья Райценштейн – «Талантты ару», №10 орта мектептің оқушысы Гүлім Аймағанбетова – «Көрермендер көз­айымы» номинацияларын иеленіп, оларға Грамоталар мен сыйлықтар табысталды. Ал, «Вице мисс 2013» атағын №16 орта мектептің оқушысы Салтанат Серкебаева мен №12 орта мектептің оқушысы Дарья Артемьева өзара бөлісті. Қызықты әрі тартысты өткен байқау соңында «Күз аруы 2013» болып №7 орта мектептің оқушысы Айгүл Керімбаева атанды. Барлық жеңімпаздар Дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, №10 орта мектептің оқушысы Гүлім Аймағанбетова «Теле 2» байланыс жүйесінің арнайы сыйлығына ие болды.

Мәдени шара соңында сөз алған мәслихаттың аппарат жетекшісі Қарлығаш Махамбетова әр қатысушының байқауға үлкен дайындықпен келгендігін, киім үлгісін әзірлеуде зор еңбек еткендігін атап өтіп, ризашылығын білдірді.

Қалалық мәдени-сауықтыру орталығы ұйымдастырған аталмыш сайыстың мақсаты жастардың эстетикалық ой-өрісін дамыту, шығармашылықтарын арттыру, бір-бірімен етене таныстыру, олардың арасынан белсенді, таланттыларды анықтап, ынталандыру болды.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.