Қазақстанның өркендеуі — Елбасының еселі еңбегінің жемісі

«…Ұшақ Қазақстанның үстімен ұшып бара жатқанда Дінмұхамед Ахметұлы мені ыммен қасына шақырып алды. Сосын құлағыма сыбырлап: «Қарашы, біздің жеріміз қандай кең! Шіркін, сол кең жерімізді өзіміз еркін иеленсек қой?!» деді күрсініп. Мен Димекеңнің ел тәуелсіздігін ертеден аңсап жүргенін ұқтым…», деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір естелігінде.

20131129-02-01

Әрісі ата-бабаларымызға арман болған, берісі Дінмұхамед Қонаев сынды дара тұлғаларымыз аңсаған азаттық таңы да атты. Ел егемендікке қол жеткізді. Соның басы-қасында Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев тұр.

1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялаған сәтте түрлі сәуегейлер тағдырдың жазуымен сан түрлі ұлттар мен ұлыстардың мекені болған Қазақстанға қарқынды дамуды қойып, бейбіт болашақтың өзін қимаған еді. Қырық құрау ел күні ертең-ақ өз ішінен қырық пышақ болып қырқысып, көп ұзамай Ресейдің қолтығына амалсыз тығылады деген болжамдар күн құрғамай айтылатын. Алайда, осылай болса екен деген жымысқы ниеттердің ініне жас мемлекеттің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ су құйды.

Тәуелсіздік тарихының алғашқы беті жазыла бастағанына да, міне, 20 жыл өтті. Тарих тұрғысынан алғанда, 20 жыл дегеніміз – қас қағымдық қана сәт. Батыстың азулы мемлекеттері бүгінгі жетістіктеріне сан ғасырлық тәуелсіздік жолымен жеткені баршаға мәлім. Десек те, қазақ елі осы екі онжылдықта екі ғасырға бергісіз жолды жүріп өтті. Шекарасы шегенделіп, айналасындағы құдайы көршілерімен ғана емес, әлемнің барлық елдерімен тату қатынас құрған Қазақстан бүгінде бұғанасы бекіп, ержеткен, кемел шағына аяқ басқан өр келбетке ие.

Бұл бірінші кезекте жас мемлекеттің шыр етіп шарана қалыпта жерге түскен, аяғын тәй-тәй басқан балғын да балауса кезінде жан-жақтан анталаған алыптардың талауына бермей, сан тараптан құздары қарауытқан шыңырауларға құлатпай, халқын жетелеп жүріп барша қылкөпірлерден аман-есен алып өткен Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен кемеңгерлігінің арқасында мүмкін болғаны айдай анық. Елбасының әрбір бастамасына барынша қолдау білдірген барша ұлт өкілдері бір атаның балаларындай көшбасшысының маңына тоғысып, жұмыла еңбек етті. Ең күрмеуі қиын күрделі мәселелердің өзін аймаңдай ұлының азаматтығына сеніп тапсырды. Соның нәтижесінде ел бүгінгі биікке көтерілді.

Көптеген мемлекеттердің білікті сарапшылары мен майталман саясаткерлерінің аузымен айтқанда, Орталық Азияның барысы өзінің зор секірісін жасай алды. Жас мемлекет әлемнің ең қарқынды дамушы елдерінің көшін бастады. Қазіргі Қазақстан – аяғынан тік тұрған, кім-кім де санасатын азулы мемлекет. Әйтпесе, жаңа мыңжылдықта бір де бір рет бастарын қоса алмаған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің басшылары тайлы-тұяғымен қазақ жеріне сабылар ма еді? Әйтпесе, әлемнің ең мықты деген елдері дүниежүзілік дағдарыстың құй батпағына малтығып, құрдымға кетіп бара жатқанда біздің ел үздіксіз дамудың тамаша үлгісін көрсетер ме еді?

Алысқа бармай-ақ алпауыт мемлекеттердің бірнешеуінің ғана басшысының Қазақстан туралы және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайындағы лебіздеріне тоқталайық.

АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон Қазақстан басшысымен кездесуінде «Мен сіздердің елдеріңіздің экономикалық өсу қарқынынан айрықша әсер алдым. Біз қазір сіздің табысты жүргізген реформаларыңыздың жемісін көріп отырмыз» десе, Францияның экс-президенті Жак Ширак «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның буырқанған экономикалық өсімі – бұл елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегінің, оның әрбір қазақстандықтықтың тұрмысын жақсарту жолындағы көреген саясатының жемісі» деген болатын. Ал Қытай Халық Республикасының бұрынғы төрағасы Цзянь Цземинь қазақстандық әріптесіне жазған хатында: «Тәуелсіз Қазақстан сіздің басшылығыңызбен мемлекеттігін нығайтуда да, экономикалық өсуде де қарқынды даму мен үздіксіз өрлеудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Біз Қазақстанның қазіргі аяқ алысына аса қызығушылықпен, достық тілектестікпен қараймыз», – деген еді.

Әрине, түрлі деңгейдегі «әлемдік саясаткерлердің мұндай пікірлерін ондап емес, жүздеп келтіре беруге болады. Дегенмен, осы үш елдің басшыларының сөздерінен-ақ әлем елдерінің Қазақстанның даму үрдісіне қандай баға беретінін байқауға болады.

Сөз басында еліміздің бүгінгі егемендігіне қол жеткізу жолында көш басында Нұрсұлтан Назарбаев тұр демедік пе. Сол сөзіміздің растығын дәлелдеу үшін осыдан 20 жыл бұрынғы елдің жағдайына ойша барлау жасап көрелікші. Сонда ғана біз бүгінгі биікке жету үшін қазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қандай қиын кезеңдерді артта қалдырғанына, қандай жүйелі реформаларды жүзеге асырғанына баға бере аламыз.

Тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы кеңестік кеңістіктегі республикалардың әрқайсысы өз алдарына шаңырақ құрып, әркім өз ұлттық мүдделері тұрғысынан даму жолдарын таңдай бастады. Сөйтіп, кешегі Кеңес Одағы кезінде бір-біріне тонның ішкі бауындай шырмалған тығыз байланыстарды бытырлата үзді. Күні кеше ғана ортақ тарих байланыстырған елдер бірін-бірі жау көре бастаған кезеңдер де болды. Міне, осындай алмағайып тұста ешбір елмен достық қатынасын үзбеген, керісінше жаңадан қолға тиген тәуелсіздіктің тұғырын тек қана көрші елдермен бірлесе отырып нығайтуға болатынын бек түсінген Қазақстан басшысы ғана әрдайым салиқалы саясат ұстанды. Бұдан ел беделі еселеп өсе түспесе, титтей де кеміген жоқ. Бұл Қазақстан басшысының көреген саясатына тек өз халқы ғана емес, қиын-қыстау кезеңдерде тығырықтан алып шығады-ау деп барша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің тұрғындары сенім артқанын байқатады. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев сол сенімнің үдесінен шықты.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елі тәуелсіздігінің тұғырын нығайтуға мықтап кірісті. Оның алдында аса қиын міндеттер тұрды. 130-дан астам ұлт пен ұлыстар мекен қылып жатқан ұланғайыр қазақ даласында түйіні тарқатылмаған түйткілдер жетіп артылатын. Бірақ Президент қалауын тапса қар жанатынын тағы да танытты. Елдің ішіне іріткі түсірмей, барлығын жарқын болашақ жолындағы ізгі мақсаттарға жұмылдырып, бастай білді. Тарихта аламан басталғанда көштің соңында тұрған елдің осындай аз ғана уақытта суырылып алға шыққанын көрсететін мысалдар саусақпен санарлықтай ғана. Сондай жарқын мысалдардың қатарына енді Қазақстан да қосылды.

Бүгінгі таңда Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің барлығына шынайы үлгі болып отыр. Оның даму үрдісін бірқатар мемлекеттер саяси жүйесі де, экономикалық әлеуеті де артта қалған мешеу елден табысты да жырғаулы мемлекетке қалай айналуға болады деген сауалға жанды мысал ретінде алып отыр. Біздің елге қарап бүгінде көптеген мемлекеттер бой түзейді. Құлаған КСРО-ның үйіндісінің астынан оның құрамында болған 15 елдің ішінде экономикалық әлеуеті мен халқының тұрмыс-жағдайы тұрғысынан ондықтардың ортасынан орын алған Қазақстан бүгінде өндірісі жаңғырған, өнеркәсібі дамыған заманауи мемлекетке айналып, жаңағы 15-тің барлығының алдына шығып үлгерді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жаһандық экономикалық дағдарыс басталғанда, қазақ айтатын «түйені жел шайқаса ешкіні аспаннан ізденің» нақ өзі болатын заман келген. Қазақстан әлемдегі осынау алапат дағдарыспен сәтті күресе алған санаулы ғана мемлекеттің бірі атанды. Оның дағдарысқа қарсы күрес шаралары барлығынан да тиімді болып шықты. Әлем елдері әлі де дағдарыстан ес жия алмай жатқанда біздің халқымыз аса ауқымды өндірістік жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті.

Сонымен қатар, Қазақстан – ТМД елдері арасында ұзақмерзімді стратегиялық жоспары бар санаулы мемлекеттердің бірі. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасы ең қиын кезеңде елдің қайда бағыт алатынын айқындаған айрықша маңызды құжат болатын. Осынау факторлардың барлығы біріге келгенде Қазақ елінің бүгінгі толағай табыстарына толыққанды тұғыр болғаны сөзсіз.

Қазақстанның тиімді экономикалық жаңғыруының негізі оның сәтті реформаларының жүзеге асуынан: қаржы-банк саласының, зейнетақы жүйесінің және басқа да көптеген салаларының заман талабына сай, әрі тез арада түбегейлі өзгеруінен бастау алады. Елбасының «алдымен экономика, сосын саясат» деген ұстанымы өзінің айрықша тиімділігін көрсетті. Мемлекет алдымен экономикалық түйткілдерді шешіп алып, содан кейін ғана саяси жаңғыруға аяқ басты.

Осының барлығы Қазақстан басшысының ұстанымы өте дұрыс екенін көрсетті. Оның айрықша көрегендігі мен өз ұстанымдарына деген табандылығы барша Қазақстан халқын талай құрдымдардан аман алып шықты. Дағдарыстың алғашқы белгілері біліне бастаған шақта Президенттің бастамасымен дереу қолға алынып, жүзеге асырылған «Жол картасы» бағдарламасы мен басқа да сауықтыру шаралары Қазақстанды әлемдік экономикалық цунамиден бойына дым да жұқтырмай, халықтың барлық топ өкілдерін: атап айтқанда, қарапайым ауыл тұрғындарынан, шаруалардан бастап, шағын және орта бизнес, тіпті ірі банк құрылымдары мен алпауыт компанияларға дейін селден құрғақ шығуына себеп болды. Сондықтан да, әлеуметтік сауалнамалар бойынша дағдарыстың ең күшейген уақытында халықтың дені ертеңіне сеніммен қарай алды, ал 70 пайызға жуығы атқарушы биліктің дағдарыспен күрес шараларына аса ризашылықта екендіктерін жеткізді.

Осының барлығын Қазақстанның 20 жыл бұрынғы күйі мен қазіргі бейнесін салыстырумен, біріктіре келгенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін таңдаған жолының мейлінше дұрыс болғанына кім-кім де көз жеткізеді. Бұл жетістіктер Орталық Азиядағы ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі кез келген елдің ахуалымен салыстыру тұрғысынан алғанда тіптен оқшауланып, еңселене түседі. Қазақстан басшысының ұлттық дәстүрлерді тірек ете отырып, мемлекеттік институттарды нығайту жолында істеген еңбегі осылай өзінің жемісін мәуелете берді.

Көне гректің ұлы ойшылы Аристотель: «Мемлекет жай ғана күн кешу үшін емес, шадыман тіршілік құру үшін керек», – деген екен. Қазіргі таңда кез келген қазақстандық «Мемлекет деген – біз. Біз бұл мемлекетті өз қолымызбен құрдық», – деп мақтанышпен, кеудесін кере айта алады.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.