Турнирде топ жарған жерлестеріміз алтын мен күмістен алқа тағынды

20131129-01-02Сәтбаевтық дзюдошылар кезекті жарыстан бәйгемен оралды. Бұл жолы жерлестеріміздің жүлде қоржыны бір алтын, бір күміс алқамен толықты. Және де жүлделі орындарға жастар төңірегіміздегі жарыста емес, халықаралық турнирде ие болғаны жеңістің салмағын арттыра түскендей.

Палуандарымыздың бағы жанған спорт додасы Өзбекстанның Чирчик қаласында өтті. 1997-1998 жылғы дзюдошылар арасындағы халықаралық турнир Учкун Мурадовты еске алуға арналды. Турнирде Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан, Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы бәйгеге түскен екен.

Әр салмақ дәрежесінде 55 жігіт бақ сынағанын ескерсек, жүлде үшін үлкен тартыс болғаны айдан анық. Мұндай аламан бәйгеде тек шынайы мықты, тәжірибесі мол, техникалық біліктілігі жоғары спортшылар ғана топ жарады. Өз кезегінде талай жарыстың шаршы алаңында шыңдалған біздің жігіттер де намысты қолдан бермеген екен.

Атап айтсақ, республикалық додалардың бірнеше дүркін чемпионы, Евразия ойындарының күміс жүлдегері Жанболат Омар алтын алқа тағынып, І орынды жеңіп алыпты. Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері Диас Әшімов та жеңіс тұғырынан көрінді. Жас спортшы ІІ орынды жеңіп алып, күміс алқаға ие болған екен.

Топ жарып, жеңімпаз атанған екі спортшы да қаламыздағы мәдени-сауықтыру спорт орталығының тәрбиеленушілері. Осыған дейін де талай додада бәйге алған олардың, міне, кезекті, енді халықаралық деңгейдегі жеңісіне куә болып отырмыз. Қаланың абыройын асқақтатқан қос спортшының қуанышы біздің де мерейіміз. Алда да жеңісті жүздесуіміз жалғаса берсін дейміз палуандарға.

А.Құлашова.

Комментарии закрыты.