Тарихқа үңілді

Қаламыздағы №16 мектепте  Ж.Тұрғанбаеваның ұйымдастыруымен оқушылардың мемлекет тарихына қызығушылығын арттыру мақсатындағы іс-шаралардың шымылдығы ашылды.

Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен алғашқы білгірлер сайысын оқушылар Елбасының ұсынысымен және тікелей араласуымен өмірге келген төл теңгемізге арнады. Жарыс басында мектеп кітапханшысы Аманжан Сәрсенбекқызы балаларға теңге тарихы жайлы айтып, мемлекет үшін ұлттық валюта енгізудің маңыздылығын түсіндірді.

Осыдан соң сұрақ-жауаптан құралған сайыс басталды. Байқау барысында балалар төл теңгеміз жайлы көп мағлұмат білетіні анық байқалды.

Теңгеге арналған іс-шара аясында оқушылардың білімін толықтыру мақсатында бейнебаян көрсетіліп,  кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қорытынды сөзінде  мектептің тарих пәні мұғалімі  Ж.Тұрғанбаева белсенділік танытқан оқушыларға ризашылығын білдірді.

– Тарихты білу – өзіңді танумен пара пар. Отанының тарихын білу – әрбір азаматтың парызы. Сондықтан, ел тарихын зерттеуден жалықпаңдар, – деп қорытындылады іс-шараны ұстаз.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.