Бабалар ақидасы – мызғымас темірқазық

20131206_12_01Жақында Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешітте «Дін және қоғам» баспасөз клубының отырысы өтті. Отырысқа теолог ғалым, Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы жанынан құрылған ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Қарағанды облысы бойынша құрылған «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Сыздықов қатысып, Ислам дінінің негізгі құндылығы жайында және бүгінгі діни ахуал төңірегінде ой өрбітіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Жезқазған, Сәтбаев қалаларында бірнеше мәрте болып, осыған дейін де жамиғатпен кездесіп, Әбу-Ханифа мазхабындағы сенім мәселесінде туындаған сұрақтарға жауап берген болатынбыз. Еліміздегі діни ахуалдың жай-күйіне қазір әрбір қоғам мүшесі алаңдаушылық білдіріп отыр. Жат ағымның ығына жығылып, ата-дәстүрімізбен астасқан Ислам дінінің бағытын бұрмалаушылардың іс-әрекеттері сананы улап, жастарды тура жолдан тайдыруда. Бұған бірден-бір себеп – діни сауатсыздық. Облыс бойынша құрылған «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсат-мүддесі – халыққа, ұлтына, жынысына, жасына бөлмей дәстүрлі Ислам дінін, оның ішінде Әбу-Ханифа мазхабына сай діни білім беру, оны жетілдіру. Сондай-ақ, әртүрлі ағымдардан, секталардан зардап шеккендерге көмек көрсету. Қазақ жеріне XIV ғасырда келген Ислам діні, әсіресе, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен біте қайнасқан Әбу-Ханифа мазхабын ұстанған кешегі ұлы бабаларымыздың сенімі, ақидасы, таухиды, шариғаты дұрыс болғанын түсіндіру.

Қазір жат ағымға бойұсынған азаматтарға ғылыми тұрғыдан Ислам дінінің асыл құндылығын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларға ата-бабаларымыз ұстанған бағыттың дұрыстығын айтып, қазақ елі қырық руға бөлінсе де бір діннің шеңберінде ұйысып ұлт болғанын, араб, парсы елдерінің ұлы ғұламаларының жазба деректерінің негізінде ұлтымыздың діни наным-сенімі, ақидасы қалай болғаны жөнінде түсіндіру жолға қойылып келеді.

Насихат жұмыстары бұрын қалай болды, қазір қандай деңгейде деген сұраққа келсек, біз айта аламыз, жер мен көктей. Жетпіс жылдық қатаң жүйе біздің діни, тарихи ұстанымымызды ақсатып жіберді. Сондықтан, тәуелсіздік алған тұста тек қазақ жерінде ғана емес, көрші тұрған мемлекеттерде де сырттан келіп жатқан «жыртқыш» діннің атын жамылған топтарға қарсы тұрарлықтай тетіктер болған жоқ. Сондықтан да олар кез-келген мемлекетке кірді. Сол тұста оларға тойтарыс беретіндей діни сауатты мамандар болған жоқ. 2005 жылдан бастап елімізге әлемдегі ең ірі оқу орны Әл-Азхар университетін бітірген мамандар келе бастады. Сол діни сауаты бар мамандар діни сұрақтармен айналысуда. Дәл қазіргі сәтте ақпараттық-насихат жұмыстары бір жүйеге келтіріліп, кешенді түрде жүргізіліп жатыр деп айта аламыз.

Жат ағымның жетегінде кеткен азаматтар өз іс-әрекеттерін ұлттың ұлы тұлғаларына қара күйе жағып, дәстүрлі дінді дәріптеп отырған имамдарды, діни басқарманы басқарып отырған мүфтидің жұмысын теріске шығарудан бастайды. Өйткені, өзгелер дәстүрлі діннің тармағынан білім алып, теолог мамандардың айтқанымен жүрсе, теріс жолға үгіттейтін топқа басшылық жасайтын көсемсымақтардың бет пердесі ашылып, артынан ерген жамағат дұрыс жолға түсіп кетеді деп қауіптенеді.

Ескерте кетейік, діни сұрақтар туындаса тек мешітке келіп, имамдармен ақылдасып кеңескен дұрыс. Сонымен қоса, қазақ тарихындағы діннің рөлі жөнінде ой қозғағанда ғылым тұрғысынан зерттеліп, зерделенген ғылыми еңбектерге сүйенген ләзім.

Баршаңыз білесіздер, қаншама қазақтың қаракөз ұл-қызы шекара асып, Сирияға кетті. Сол қазақ бауырларымыздың ата-аналарымен, туған-туыстарымен сөйлескенде адамгершілік тұрғысынан ішіміз удай ашып, басу айтамыз. Әрине, бұл оңай жағдай емес. Өсіріп, бағып-қаққан ұл-қызы бір күнде шекара асып кетіп жатса, кім-кімнің болмасын жүрегіне оқтай қадалады. Алайда, бір нәрсені ескертіп айтқым келеді. Сол ата-аналарымыз балалары намазға жығылып, кейбір араб әлемінің шейхтарының аты-жөндерін айта бастағанда мешітке келіп, «менің балам ақ жолға түсті, ата-баба жолымен мешітке келіп, намаз оқып жүр. Осы баламның ұстанған бағыты дұрыс па, бұрыс па» деп ақыл сұрай келген ата-ана болмапты. Бұл нені аңғартады? Бұдан біз балаларымыздың тағдырына немқұрайлы қарап, тәрбиесін босаңсытып алғанымыздың дәлелін көреміз. Қолдағы бар қауіпсіздік ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, орган қызметкерлері сол балалары шекара асып кетейін деп жатқан кезде үйлеріне барып, ата-аналарына ескерту айтқандарымен, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтарын алға тартқан ата-аналар балаларына кедергі жасауға тырыспаған. Ал, сол орган қызметкерлерінің, имамдардың сөзін тыңдап, құлақ асқан 90-ға тарта ата-ана өз балаларын аман-есен елімізде алып қалыпты.

Құрметті бауырлар, дінге келгенде білім қорымен келгеннің көп пайдасы бар. Егер де мешіттегі имамдардың ілімі, үйренгені қате деп тапсаңыздар, дәлелдеріңізді нақтылап келіңіздер, ғылыми негізде сұхбаттасуға әрдайым дайынбыз.

Ақ пен қараны айырмай, өзгенің білімін бойына сіңіріп, адасып жүрген азаматтардың бетін бері қайтару өте қиын. Бұл – ащы шындық.

Осы аймаққа келіп, дәстүрлі емес дінді насихаттап жүрген шейхсымақтар жастарды теріс жолға қойып, бағытынан жаңылдырды. Мешітке келіп, имамнан ақыл-кеңес алып, Әбу-Ханифа мазхабын ұстанып, Әл-Матруди әдісіне сүйенген жастар теріс жолға мойынұсынбады. Ал, өздерін сәләфи бағытынанбыз, тек біздің таухидымыз дұрыс деп жүрген жастар қателікке бой беріп қойды.

Осы қоғамда орын алып отырған жайттардың түйінін шешу қалай болады, Сирияға кеткен жастардың болашағы не болмақ деген сұрақ төңірегінде ой қозғасақ, біз әуелі осындай шиеленіске түскен елдер бұл мәселені қалай шешті, егер олар шешімін тапса, нәтижесі қалай болды, сол жағын сараптап-саралап, заңның шеңберінде жүзеге асыруымыз қажет. Ал, Сирияға кеткен жастардың болашағы жөніндегі мәселеге келсек, кейбір жастар әйелі мен балаларымен кетіпті. Ол жаққа кеткен азаматтардың өздері келеміз деп ниет танытса қарсылық жоқ. Ал, қолына қару алып, бір адамның өмірін құрбан еткендер, террорлық әрекет жолында жүргендер, қолдағы дерекке сүйенсек, олардың өздері де қайтқылары келмейтіндігін айтады.

Егер де олар елге оралатын болса, олардың ісі заң шеңберінде қаралып, жазаланады. Осы аймақтан 4 ана балаларына барып, елге қайтуға ұсыныс айтқанда, үзілді-кесілді бас тартқан.

Осы орайда тағы бір жайтты ескертіп айтқымыз келеді. Білместікпен Шам жеріне кеткен балалардың ата-аналарын кейбір азаматтар жинап алып, «біз оларды қайтару мәселесін шешейін деп жатырмыз, бізге қаражат жинап беріңдер, Астанаға барып мәселені депутаттар деңгейінде көтеріп жатырмыз. Қажет болған жағдайда, ұшақ жалдап, сол елден алып келеміз» деп елді дүрліктіріп жүр. Ел азаматтарының қайғысын пайдаланып, ақша жасауды көздеген мұндай топтардан іргелеріңізді аулақ салыңыздар. Бұл мәселені тек еліміздегі Сыртқы істер министрлігі мен арнайы органдар заң шеңберінде шешетінін ескерткіміз келеді.

Сан ғасырлар бойы қазақ жерінде үстемдік құрған Ислам дінін ұстанған ата-бабаларымыздың ақидасын теріске шығарушылардың іліміне сенуге еш негіз жоқ. Ата-бабалар ақидасы мызғымас темірқазық екенін естен шығармайық, жамағат!

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.