Елбасы атынан теледидар тарту етті

20131206_04_01Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай өткізілген ауқымды шаралардың бірі қала әкімі Әнуар Омардың әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жасаған қайырымдылық шарасы болды. Бұл тарту-таралғылар Елбасы атынан жасалды.

Жексенбі күні қала әкімі Әнуар Омар қаламыздағы Комаров көшесіндегі 21 «А»  үйдің 1 пәтерінде тұратын көпбалалы ана Ғайникамал Байбосынованың отбасын Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтап, Елбасы атынан теледидар тарту етті.

– Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әркез тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына баса назар аударып келеді. Үкімет пен жергілікті басшыларға елдің жағдайын жақсарту бағытында нақтылы тапсырмалар да беріп отыр. Мереке күні жасалып жатқан мына сый-сияпат та сол Елбасының ерекше қамқорлығының нәтижесі, – дей келіп, әкім Әнуар Омар көпбалалы ананы мерейлі мерекемен құттықтады.

Кішкентай бөбектер де  қарап қалған жоқ. Өздеріне осындай қамқорлық танытқан аға-әкелеріне ән айтып, өлең оқып ризашылықтарын білдірді.

Бұдан соң қала басшысы Ұлытау көшесіндегі 84а үйде тұратын І топ мүгедегі Айгерім Рахымжанованы мерекесімен құттықтап, Елбасы атынан теледидар сыйлады.

– Елбасының осындай қамқорлығының арқасында мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар да қатардан қалмай, өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезініп отыр. Сол үшін де Елбасына, елдің өздеріңіздей азаматтарына айтар алғысым шексіз. Өзімнің осындай жасымда мүгедек болып, елімнің гүлденуіне үлесімді қоса алмай отырғаныма налимын, – деді Айгерім көзіне жас алып.

Сол күні қала әкімі Әнуар Омар Весовая елді мекенінің тұрғыны ІІ топтағы мүгедек Елена Куркованы да құттықтап, теледидар тарту етті.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.