«Балалық шақ» — балалар алаңы ашылды

20131206_04_02_1Көңілдің гүлі, көздің нұры саналатын балаларға қуаныш сыйлап, олардың білім алып, дене және рухани дамуы үшін лайықты жағдай жасау мақсатында қала басшылығы қолдан келгеннің бәрін жасауда. Сондай бір игілікті іс Тұңғыш Президент күні қарсаңында болып өтті.

Қаланың орталығы ғана емес, шеткері аймақтарын да абаттандырып, сәулетті орынға айналдыру мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған болатын. Сондай бір ілкімді істің арқасында Ұлытау көшесі бойындағы күтімсіз жатқан көкжелек қамқорлыққа алынып, сырты қоршалған еді. Сол жер бүгінде саялы ортаға, арнайы демалыс орнына айналған. Саябақ іші шамдармен жарықтандырылып, аяқжолдар төселіп, көпшілік демалатын орындықтар орнатылған. Бұл іс негізінен «Жезказганавтотранссигнал» ЖШС күшімен атқарылды. Осылайша, Ұлытау көшесі тұрғындарының игілігіне «Балалық шақ» балалар алаңы салынып, пайдалануға берілді.

Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында аталмыш балалар ойын алаңының ашылу салтанаты өтті. Қызылды-жасылды шарлармен, жалаушалармен безендірілген саябақ іші балақайлар мен ата-аналарға, аула тұрғындарына лық толды.

Ойын алаңының ашылу салтанатына қала әкімі Әнуар Омар қатысып, сөз сөйледі.

Көше тұрғындарына «Балалық шақ» балалар алаңының ашылу қуанышына құтты болсын айтқан қала басшысы мұндай игілікті істер Елбасы қамқорлығының арқасында жасалып жатқанын айта келіп, жиналған жұртшылықты Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

– Елбасының тікелей тапсырмасымен шағын қалаларды дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында ауқымды бағдарламалар өмірге еніп, өз нәтижелерін беруде. Бүгінгі шара соның айқын айғағы. Келешекте қаламызда бос жатқан осындай аймақтар қамқорлыққа алынып, ол жерлерде де балалар алаңдары мен жұртшылық серуендеп, демалатын орындар жабдықталатын болады, – деп түйіндеді Әнуар Серікбайұлы өз сөзін.

Балалар алаңының ашылу салтанатында осы істі өз қолдарымен атқарған «Жезказганавтотранссигнал» ЖШС-ның атқарушы директоры Айсұлу Құсайынова мен Ұлытау көшесі тұрғындары атынан осы көшедегі 98-үйдің тұрғыны Роза Тәжібаева сөз сөйлеп, жиналғандарды қос қуаныш – Тұңғыш Президент күні және балалар алаңының ашылуымен құттықтады.

– Бүгін балаларымыз үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Неше түрлі әткеншектерде тербеліп, жұмсақ құм үстінде ойын ойнап, таза ауамен демалу кезінде отыратын орындықтармен жабдықталған ойын алаңының ашылуын көріп қуанып қалдық. Осы алаңды балалар үшін ұйымдастырып, оны сыйға тартқан қала басшысына, игілікті іске атсалысқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Роза Тәжібаева апамыз.

Салтанатты рәсімнен соң ойын алаңына бет алған бүлдіршіндер өздеріне шақталып жасалған әткеншектерде тербеліп қана қоймай, демеушілердің сый-сияпатына бөленді. Саябаққа келген барлық бүлдіршіндерге «Жезказганавтотранссигнал» ЖШС атынан тіл үйірер тәттілер таратылды.

Жалпы, «Балалық шақ» балалар алаңы талапқа сай жабдықталған. Ол үшін қалалық бюджеттен 30 млн. теңгедей қаржы бөлінген екен. Оған алаң абаттандырылып, 20 орындық, 20 жарық шам орнатылған. Мұның сыртында қалалық әкімдіктің күшімен балаларға арналып әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылған. Ойын алаңы түрлі-түсті сырлармен әсемдеп, безендіріліп, балалар ойнайтын алаңға құм төгілген.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.