Шеберлікті шындаған сайыс

20131206_06_02Нұрлы істер мен тың бастамаларды үнемі қолдап, іс жүзіне асыруда көзге түсіп жүрген «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы жас буынның жан-жақты қабілетін, дарынын ашу тұрғысында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнінде №27 орта мектептің қабырғасында «Біз жалынды жастармыз! Елбасымен біргеміз!» тақырыбында флеш-мобтан жарыс өткізді.

Қала мектептері оқушыларының арасында өткен бұл сайыс өнерлі де дарынды балаларды анықтап, қолдау көрсетіп, оқушылардың би өнеріне деген қабілеттерін арттырып, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.

Қазылар алқасы өнер көрсетушілердің орындау шеберлігіне, тақырып пен музыканың үндестігіне, сахналық мәдениетіне, киім үлгісіне ерекше көңіл бөлді.

Заманауи нұсқада өңделген қазақ әндері мен шетелдік әуенді ұштастыра өздерінің би нақыштарын ұсынған жас буынның өнері көпшілік көңілінен шықты. Олар тек би билеп қана қоймай, «Елбасы – елінің мақтанышы, жастар оның қолдаушысы» екендігін ұрандатып, Қазақстан елінің нұрлы болашағы жастар екенін мақтана жеткізді.

Сайыс болған соң жеңімпаздардың да болатыны анық. Қазылар сайыстың ережесіне сай келген №№2, 7 орта мектептердің және С.Сейфуллин атындағы гимназия оқушыларының өнерін жоғары бағалап, ІІІ орынға №7 орта мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін лайық деп таныды. Ал, ІІ орынды С.Сейфуллин атындағы гимназия еншілесе, І орынды №2 орта мектеп ұжымы қанжығаға байлады.

Қатысушылар сайысқа түсу арқылы бір-бірімен тәжірибе алмасып, би өнерінің адамға ерекше серпіліс беретіндігін айтып, байқауды ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп жатты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.