Жалынды жастар бас қосты

Дәстүрге айналған «Менің Президентім» қалалық жастар форумы биыл төртінші мәрте өтіп, қаланың жалынды жастарының басын бір мүдде жолында біріктірді. Еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орайластырып ұйымдастырылған бұл форумның негізгі мақсаты – қоғамды Мемлекет басшысының бастамасы мен саясатының айналасына біріктіру, «Қазақстан-2020: Болашаққа жол» мемлекеттік саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылап, оның жүзеге асуы бойынша ұсыныстар қабылдау.

20131206_06_01_1

Қалалық әкімдік пен жастар бастамашылдығының орталығы, Жезқазған қаласының Жастар Одағы бірлесе өткізген форум екі күнге жоспарланып, оның аясында секциялық және пленарлық отырыстар ұйымдастырылды.

Сәрсенбі күні №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің қабырғасында өткен секциялық отырыста жастар 3 бағыт бойынша, атап айтқанда, «Елбасы – ел тірегі, жас ұрпақ – ел білегі», «Қазіргі Сәтбаев қаласы жастарының өзекті мәселесі», «Сәтбаев қаласында жастар кәсіпкерлігінің дамуы» төңірегінде қызу талқылаулар жасады.

Әр секцияда 13 баяндама тыңдалып, тақырып бойынша өзекті әрі маңызды мәселелерді қозғаған жастардың ұсыныстары да назарға алынды. Алайда, ұйымдастырушылардың айтуынша, қала жастарының өздері таңдап алған тақырыпқа сай ұсыныстары аз түскен.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында жастар саясатын ілгерілете түсуде болашақ иелеренің білімді һәм бәсекеге қабілетті маман болуы шарт екендігін баса айтқан болатын. Осы Ұлт Көшбасшысының жастарға деген сенімін ақтайтындай кенді қаладан да жалынды, білімді жастар өсіп келеді. Біз бір қоғам, бір идея төңірегіне топтасып, «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп мол сеніммен қарайтын Елбасының жасап отырған қамқорлығын жете түсініп, бағалай білуіміз қажет. Осы бағытта «қазақ жастары қоғамды жандандыру, өркениет биігіне көтеру үшін қандай үлес қоспақ, сәтбаевтық жастардың бастамалары қандай болуы шарт?» деген сұрақтар төңірегінде нақты шараларды қолға алуымыз қажет, – деп ой түйді жастар форум аясында.

Ұсынылған тақырыптар бойынша әр секциядан таңдап алған тақырыптарының мазмұны мен мәнін, өзектілігін аша білген қатысушылар марапатқа ұсынылды. Отырыстың соңында жеңімпаздар анықталып, дипломдармен марапатталды. Атап айтқанда, І секцияда үздік жұмыс деп танылған №2 орта мектептің жас маманы Айманкүл Бұхарбаева мен №3 орта мектептің оқушысы Аяна Ілиясова ІІІ дәрежелі дипломды қанжығалады. ІІ секция бойынша ІІІ дәрежелі дипломды №10 орта мектептің оқушысы Әсем Ахметова иеленсе, ІІ дәрежелі диплом №19 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушысы Гүлмира Жүнісоваға берілді. Ал, №19 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқытушысы Асқар Серіковтың жұмысы І дәрежелі дипломға лайық деп танылды.

ІІІ секцияда оза шапқан технологиялық колледждің студенті Жанболат Сағынтаев пен №25 орта мектептің оқушысы Сабина Новрузова І дәрежелі дипломды еншіледі.

Қызу пікірлер мен ұсыныстар айтылған жиын бейсенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен пленарлық отырысқа ұласты.

Қала мекемелері мен кәсіпорындарының жас мамандары, жұмыскерлері, оқушы және студент жастар бас қосқан алқалы жиында қала әкімінің міндетін атқарушы Марал Мәдиева сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

–             Жасарған жасампаз еліміздің тәуелсіздігіне биыл – 22 жыл. Осы жылдар ішінде қазақ елін әлемге танытқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінгі таңда қай салада болмасын ілгерілеу, өркендеу басым. Елбасы қуатты елге айналған қазақ қоғамының келер буыны – бүгінгі жастарға мол сеніммен қарайды. Сол сенім мүддесінен шығу үшін жастардың ынта-жігері басым болуы керек, – деп сөзін түйіндеген Марал Сағынайқызы бір топ азаматты қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

«KM Logistic» ЖШС филиалы Автөкөлік және механизмдер кәсіпорнының көлік колоннасының механигі Жанболат Бейсбеков, «Евротехсервис» ЖШС-нің Жобалау жетекшісі Александр Нагай, индустриалдық колледждің өндірістік оқыту шебері Жандос Оразбеков, Оңтүстік Жезқазған кеніші №7 учаскесінің проходчигі Мақсұт Татенов, технологиялық колледж басшысының оқу-тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары Қарлығаш Төлегенова марапатқа ие болды. Сонымен қатар, қазақстандық қоғам құру ісінде белсенділік танытып жүрген бір топ жастар қала әкімінің Алғыс хатымен де марапатталды.

Шығыс Жезқазған кенішінің жер асты машинисі, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері Жанат Мұратов сөз алып, бүгінде әлемдік дәрежеде мойындалған қазақ елінің даму жолында аянбай тер төккен Ұлт Көшбасшысының жастарға деген қамқорлығын тілге тиек етіп, әр қазақ баласын өз елінің отансүйгіш патриоты болуға шақырды.

Форум жұмысының нәтижесімен №27 орта мектептің оқушысы Айымторы Айтбекова таныстырса, №1 мектеп-гимназияның оқушысы Яков Сокол форумның Қарарын жариялады. Екі күнге созылған форумның көркін жергілікті әншілердің, мектеп оқушыларының орындауындағы патриоттық рухтағы әндер мен өлең-жырлар аша түсті.

Жиналған көпшілікке Елбасы жайында сыр шертетін деректі фильм ұсынылды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.