Тақырып жан-жақты талқыланды

Өткен аптада Сәтбаев қалалық сотының ғимаратында «Қылмыстық істерді қараудың ерекшеліктері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған қалалық соттың төрағасы Руслан Мұқатаев, судья Қанат Шайкамалов, қала прокурорының көмекшісі Мейір Әбікенов, қаржы полициясының және ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген Руслан Мұқатаев жиналғандарға отырыстың мақсатын түсіндіріп, қылмыстық істерді қарау барысында кездесетін кейбір кемшіліктерге тоқталып өтті.

– Сотта қаралатын қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің ішінде, әсіресе, қылмыстық істерді қарау кезінде бірқатар қиындықтар мен сұрақтар туындап, заңдылықтарды сақтау жағынан келіспеушіліктер болып жатады. Міне, осы секілді мәселелерді ортаға салып, олардың не себептен пайда болатынын анықтау және шешілу жолдарын қарастыру – бүгінгі кездесуіміздің мақсаты болып табылады. Қазіргі таңда соттың жұмысындағы өзекті мәселенің бірі – сотталушы азаматтарды сот процесіне келтіре алмау жағдайы. Көбінесе бұл сотталушылардың тұрғылықты мекенжайының болмауынан немесе олардың сот процесінен саналы түрде қашқақтауынан туындап жатады. Осы кезде қылмыстық іс іздеу салуға байланысты прокуратураға қайтарылады. Өздеріңіз білетіндей, әрбір жүргізілген іс үшін бізге шектеулі мерзім беріледі. Осындай созбалаңдыққа салыну салдарынан істерді белгіленген уақыт ішінде аяқтау тәртібі қиындайды. Менің ойымша, осы сынды кемшіліктердің алдын алу үшін жұмыла жұмыс атқарып, аталмыш мәселені бір жүйеге қалыптастыруымыз керек сияқты, – деді Руслан Қалиақбарұлы.

Одан әрі сөз алған судья Қанат Шайкамалов қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу хаттамасын құрастыру сатысында құқыққорғау органдарының өкілдеріне аса мұқият болып, барлық талаптарды сақтап жұмыс жасау қажеттігін ескертті.

Кездесуде барлық қатысушылар сотқа дейінгі іс жүргізу уақытында кездесетін қиындықтар мен қайшылықтарды жан-жақты талқылап, осы мәселеге орай көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, бір ортақ шешімге келуге тырысты.

Басқосуды қорытындылай келе, қалалық соттың төрағасы Руслан Мұқатаев нәтижесін берер мұндай шараларға біркісідей атсалысу керектігін айтты.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.